Мектеп оқушысы мультфильм түсірді

Назарбаев зияткерлік мектебінің тоғызыншы сынып оқушысы Роллан Мухамедьяров халық ертегілерінің желісімен үш анимациялық фильм түсіріп, «Қазақстан балалары шексіз әлемде!» республикалық шығармашылық фестивалінде жүлделі екінші орын алды.
Ролланға мультфильмдерді түсіруге отбасы мүшелері көмектескен. Анасы Әнел халық ертегілерін іріктесе, Мелиша атты қарындасы қажетті нәрселерді дер кезінде әкеліп, әкетіп, шамасы келгенше қолғабыс еткен. Кейіпкерлерді ермексаздан Ролланның өзі жасады. Фильмді түсіру барысында әкесі Русланның да кеңестері іске асты.
– Фильмді түсіру қызықты болғанмен оңайға соқпады. Мен балконда түсірем дегенше, ауа райы бұзылып кетті. Амалсыздан бөлмеде, екі орындықты сахна ретінде пайдалануға тура келді. Біреу жарықты түсіріп тұрса, тағы бір адам байқатпай денелерді жылжытып тұру керек еді. Бұл істі анам атқарды және ертегіні дыбыстаған да анам. Нәтижесінде, мен үш анимациялық фильм түсірдім, барлығы бес минутқа созылады, –дейді Роллан.
Фильмді монтаждап, отбасына көрсеткенде, қарындасы «Керемет!» деп дауыстап жіберіпті. Кейін бұл сөзді автор басқалардан да бірнеше рет естиді.
Фильмнің тақырыбы «Рухани жаңғыру» фестиваліне сай келгендіктен, бұл жұмыстар қазылар алқасының назарына ілікті. Нәтижесінде, Роллан Мухамедьяров «Анимация» аталымы бойынша жүлделі екінші орынды жеңіп алды.
– Баламның талабы зор. Біз шамамыз келгенше қолдап, көмектесуге тырыстық. Алайда жеңіс ұлымыздың еңбекқорлығының, шығармашылығының нәтижесінде келгеніне сенімдімін. Ролланды мақтан тұтамыз, – дейді анасы Әнел қуанышын жасыра алмай.
Естеріңізге сала кетейік, «Қазақстан балалары шексіз әлемде!» атты республикалық шығармашылық фестивалі жеті аталым бойынша жуықта Шымкент қаласында өткен болатын.
Кәмал Естай