Білім

Мектеп кітапханашылары бас қосты

«Оқуға құштар мектеп» жобасын іске асыру аясында Глубокое және Ұлан аудандарының мектеп кітапханашылары Өскемендегі Оралхан Бөкей атындағы орталық қалалық кітапханада өткен «Кітапхана қызметіндегі цифрлық технологиялар» атты семинар-практикумға қатысты.  

Жалпы «Оқуға құштар мектеп» жобасының негізгі мақсаты –еліміздегі мектеп кітапханаларының жағдайын жақсарту, жас ұрпақтың көркем әдебиетке деген қызығушылығын арттыру. Бірақ оқушының рухани байлыққа деген қызығушылығын қалай арттыру керек? Кейбір деректерге қарағанда, еліміздегі мектеп кітапханаларының қорында 200  миллионнан аса әдебиет болғанымен, оның көпшілігі өткен ғасырдың 80-90 жылдарының соңында шыққан әдебиеттер көрінеді.

Әрине, бұл жерде мектеп кітапханашыларының өздеріне ізденіс пен тәжірибе керек. Қазіргі ұрпақтың кітап оқуға деген қажеттілігін қанағаттандыру үшін ақпараттық технологияның да мүмкіндігін кеңінен пайдаланған абзал. Бұл тұрғыда  Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапхана мамандарының мектеп кітапханашыларына үйретері өте көп.

Ауылдық мектеп кітапханашыларына әдістемелік және практикалық көмек көрсету мақсатында ұйымдастырылған осынау  шараға қатысушылар алдымен  қалалық кітапхананың жұмысымен танысты. Оралхан Бөкей атындағы әдеби зал, Bokey.kz электронды кітапханасы, «Виртуалды шындық көзілдірігі» VR – киіз үй  мектеп қітапханашылары үшін нағыз жаңалық болды. Әсіресе мектеп кітапханашылары балалар бөлімінің жұмысына ерекше қызығушылық танытты.  Сондай-ақ олар анимация, оқушылар мен мұғалімдерге арналған подкасттар жасау, түрлі жаңа жобалар, үйірмелер мен шығармашылық студиялар, 3D технологиялар мен бағдарламалау, түрлі локациялар жасауға қол жеткізген кітапхананың IT мамандарынан  кеңес алды. Семинар барысында «Шығыс» өңірлік орталығының басшысы Аркадий Исаев кітапхананың жетістіктері мен мүмкіндіктерін жоғары бағалап, мұндай шараларды жиі өткізу туралы ұсыныс айтты.

Осы айдарда

Back to top button