Мектеп формасы көңіліңізден шыға ма?

Мектеп формасы – ата-аналар мен оқушылар үшін қашаннан-ақ өзекті мәселе. Еліміздегі мектептердің барлығына ортақ бірыңғай мектеп формасына көшу мәселесі жыл сайын көтерілгенімен, әлі нақты шешім қабылданбай келеді. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, 2019-2020 оқу жылдарында да мектеп формасына қатысты ешқандай өзгеріс болмайтын көрінеді.
Шынын айту керек, бірыңғай мектеп формасы мәселесі айтыла-айтыла әбден жауыр болған тақырып екені рас. Тіпті бұл мәселе сонау тәуелсіздік алғалы бері көтеріліп келе жатыр десек еш қателеспейміз. Бірақ министрлік тарапынан әлі бір нақты шешім қабылданған жоқ. Осыдан тура үш жыл бұрын журналистер қауымы 2016-2017 оқу жылынан бастап министрлік мектептерді бірыңғай мектеп формасына көшіреді деп сүйіншіленткенімен, оның да соңы сиырқұйымшақтанып кетті. Мектеп формасының қандай болу керектігін анықтау құқығы орта білім беру ұйымына, қоғамдық кеңес пен ата-аналардың құзырына берілді. Иә, бір қарағанда бұл мәселенің түйіні тарқаған секілді көрінгенімен, әлі күн тәртібінен түспегені анық.
Өйткені «Неге еліміздегі әр мектептің оқушылары әртүрлі киінеді?», «Еліміздегі мектептердің барлығына ортақ мектеп формасын енгізуге не кедергі?» дейтін ата-аналар арамызда әлі де табылады.
Жалпы, мектеп формасы дегеніміз – бұл оқушының киім стилі ғой. Заманауи тілмен айтсақ, дресс код. Осы орайда «Киіміне қарап қарсы алады, ақылына қарап шығарып салады» деген нақыл әсте тегін айтылмаса керек. Қарапайым киім киюдің өзінің де әдебі бар. Мамандар әсіресе оқушының мектеп формасының өзінен сол елдің мәдениетінің деңгейін байқауға болатынын айтады.
Тарихқа үңілсек, мектеп формасы Ресейде алғаш 1834 жылы енгізілген екен. Алғашында гимназияда оқитындар мен студент жігіттерге арналып тігілгенімен, кейін 1896 жылдан бастап қыздар да форма кие бастайды. Жоғары сапалы матадан тігілген форма өте сәнді көрінетіндігімен бірге, оны кию гимназист немесе студент үшін зор мақтаныш та болатын.
Революциядан кейін мектеп формасы алынып тасталғанымен, 1949 жылы қайтадан енгізіледі. 1962 жылы ұлдар гимнастеркасы мен фуражкаларын сұр, кейін көк костюмге ауыстырады. Ал қыздар жағы кеңес одағы құлағанға дейін ақ жағасы бар қоңыр көйлек пен қара фартук (мереке кезінде ақ фартук) киіп келді.
Тоқсаныншы жылдары Ресейде ғана емес, Қазақстанда да бірыңғай мектеп формасы алынып тасталды.
Бір қызығы, алпауыт Америкада мектеп формасы 1980 жылдары ғана пайда болыпты. Миссури әлеуметтану университетінің профессоры Дэвид Брунсмның айтуынша, алғашында мектеп формасы қаланың жағдайы төмен аудандарындағы мектептердегі бірін-бірі атып, қырқысатын «жасөспірімдердің» проблемасын шешу үшін енгізілген екен. Ал 1996 жылы Билл Клинтон мектеп формасының пайдасы туралы айтқаннан соң ғана кеңінен тарала бастаған көрінеді. Десе де профессор мектеп формасының оқушының сабақ үлгеріміне немесе тәртібіне керемет бір әсер ете қоймағанын айтады.
Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдары мектеп оқушылары барын киді. Еркін киім стилі кейбіреулерді еркінсіте бастағаны да рас. Бай баласы мен кедей баласының айырмашылығы көзге ұрып көрініп тұратын. Осынау әлеуметтік теңсіздікті тез байқаған ата-аналар бірыңғай мектеп формасын енгізу туралы әңгімені өздері көтере бастады.
Өңірімізде алғаш болып бірыңғай мектеп формасын енгізген білім ошақтарының бірі №44-ші Оралхан Бөкей атындағы мектеп болатын. Бұл мектептің мектеп формасын енгізгеніне 20 жылдың жүзі болыпты. 1999 жылдан бастап бұл мектепте білім алатын ұл балалар ақ жейде, қара костюм-шалбар киіп, көк галстук тақса, қыз балалар ақ жейде, тізеден төмен түсетін қара белдемше мен пиджак киеді. Сондай-ақ Оралхан Бөкей атындағы мектеп-лицей деп жазылған, Мұзтаудың бейнесі бар төсбелгілері тағы бар. Тағы бір атап айтарлығы, бұл мектептің ұстаздар қауымы да бірыңғай формаға көшкен. Олар жай күндері көк белдемше мен көк костюм кисе, мереке кездерінде ақ жейде мен қара белдемше, қара костюм киетін көрінеді.
Иә, қазіргі күні еліміздегі әр мектептің өзінің формасы бар. Мектеп формасын таңдау құқығы, жоғарыда айтқанымыздай, білім беру ұйымы мен қоғамдық кеңеске, ата-аналар комитетінің құзырына берілген. Мектеп формасы тек министрлік бекіткен талаптарға сай болса болды. Десе де әлі де түйіні шешілмеген мәселелер бар екенін жасырып керегі жоқ. Байқағанымыз, әр мектептің формасының әртүрлі болуы кейбір ата-аналарға қолайсыздық тудыратын да секілді.
– Шынымды айтсам, қазіргі мектеп формасына көзім үйрене алмай-ақ қойды. Бір елде, бір мемлекетте тұрсақ та, әр мектептің оқушыларының киімдері неге әртүрлі? Неге осыны министрлік біріздендірмейді екен? Мысалы, бала бір мектептен екінші мектепке ауысатын болса, бұрынғы мектеп формасы түкке жарамай қалады да, жаңа мектептің формасын алуға тура келеді. Мұның өзі ата-ананың қалтасына қосымша салмақ, – дейді Өскемен қаласының тұрғыны Альмира Саяжанова.
Сондай-ақ Ерлан Байжан есімді тағы бір ата-ана мектеп формасы елдігімізді айғақтап тұруы керек деп санайды.
– Мысалы, өткен жылғы оқу жылында Түркменстан білім министрлігі мектеп оқушылары мен жоғары оқу орны студенттеріне ұлттық нақыштағы бірыңғай форма киюді міндеттегені белгілі. Біздің де елдің мектеп формаларына сондай атрибуттар енгізсе деймін, – дейді ол.
Ал керісінше, кейбіреулерге әр мектеп оқушыларының әртүрлі форма кигені ұнайтын көрінеді.
– Әр мектептің өзінің жеке формасы болып, дараланып тұрғаны дұрыс деп санаймын. Мысалы, мен Өскемендегі Жамбыл атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-гимназия-интернаты оқушыларын бірден танимын. Әрі оқушылар түрлі байқауларға, фестивальдарға қатысқанда да мектебін паш етіп, ерекшеленіп тұрғаны жақсы. Тіпті алда-жалда мектеп оқушылары арасында төбелес бола қалған жағдайда да формасына қарап тану еш қиындық тудырмайды, – дейді Айдана Болатқызы.
Жаңа оқу жылы жақындаған сайын базарда баласына мектеп формасын іздеген ата-аналардың қарасы көбейді. Бірақ сол мектеп формасының бағасы да бір жүйеге әлі түспеген. Мектептердің бірі түркиялық, қырғызстандық, қытайлық фирмаларға тапсырыс берсе, тағы біреулері отандық өндірушілерді жөн деп табады. Кейбір деректерге қарағанда, жыл сайынғы мектеп формасын сату нарығы 30 млрд. теңгені құрайтын көрінеді.
Десе де мектеп оқушыларының формасын тігетін отандық өндірушілердің қатары әлі де аз екенін атап айтқанымыз жөн. Бұл дегеніңіз қыруар қаржы шетке кетіп жатыр деген сөз. Соңғы кездері Өскемендегі қызмет көрсету саласы колледжінің шеберлері мен студенттері де мектеп формаларын тігіп жүр. Бір атап айтарлығы, делдалсыз саудаланатындықтан, бұл жерде өндірілетін формалардың бағасы қолжетімді.
Жалпы, мектеп формасы жайында психолог мамандардың пікірі де екі түрлі. Олардың бір тобы форма тәртіпті білдіреді, оқушылар арасындағы әлеуметтік-тұрмыстық айырмашылықтарды жасырады десе, екіншілері мектеп формасы тұлғалық қасиеттің дамуын тежейді, барлық оқушыны теңестіруді мақсат етеді деген пікірде.
Қалай десек те, мектеп формасы төңірегіндегі дау әлі толастар емес. Ал сіз қалай ойлайсыз, оқырман, бүгінгі мектеп формасы көңіліңізден шыға ма? Жалпы еліміздің барлық мектептеріне ортақ бірыңғай мектеп формасын енгізу қажет пе? Осы тақырып жөнінде ойларыңызды бөліссеңіздер, алғыстан басқа айтарымыз жоқ.
Мейрамтай Иманғали