Білім

Мектеп бітіру кешін мейрамханада атап өтуге бола ма?

Өңірлік коммуникациялар қызметінде ШҚО бойынша Білім беру саласында  сапаны қамтамасыз ету департаментінің  басшысы З.Мақсұтова баспасөз мәслихатын өткізіп, білім берудің кейбір мәселелері туралы баяндады.

 З.Мақсұтова алдымен «Педагог мәртебесі туралы» Заңнан туындайтын шараларды іске асыру жайына тоқталды. Аталған заңда педагогтардың құқығы, әлеуметтік кепілдіктері, шектеулері, міндеттері, сондай-ақ жауапкершілігі белгіленгені белгілі.  Заңдағы нормаларды іске асыру мақсатында Білім және ғылым министрлігі «Педагогтардың құқығын бұзуға жол бермеу туралы» арнайы бұйрық та шығарған.  Осыған сәйкес, білім бөлімдері мен басқармаларына және білім беру ұйымдарына педагогтарды өзіне тән емес функцияларға тартуға,  артық есептілікті талап етуге, «Әкімшілік рәсімдік-процестік» кодексінде қарастырылмаған тексерулер жүргізуге, тауарлар мен түрлі қызметтерді сатып алуға  мәжбүрлеуге тыйым салынады.  З.Мақсұтова педагогтарды  мәжбүрлеп басылымдарға жаздыруға болмайтынын атап айтты. Мұғалім қандай газет немесе журналға жазылатынын  өзі шешуі тиіс.

Нормативтік құқықтық актілердің талаптарын бұзу фактілері анықталған жағдайда,  «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексте «Педагог мәртебесі туралы» Заң талаптарын бұзғаны үшін, 20-дан 120 айлық есептік көрсеткішке дейін әкімшілік айыппұл салу нормалары айқындалған.

–Біз күн сайын облыстың білім беру саласына қатысты ақпаратты сайттар мен әлеуметтік желілер, call-орталықтар, шағымдар арқылы анықтап, мониторинг жүргіземіз. Бұзушылық фактілері жергілікті атқарушы және мемлекеттік органдардың қатысуымен шұғыл қаралып, көмек көрсетуге бағытталған шаралар қабылданады. Сондықтан артық есептілік тапсыру, кәсіби міндеттерге кірмейтін жұмыс түрлеріне тарту, лауазымдық міндеттермен байланысты емес есептілікті немесе ақпаратты талап ету фактілері бойынша педагогтар біздің департаментке жүгіне алады, – деді З.Мақсұтова.

З.Мақсұтова департамент жанындағы консультативтік-кеңесші орган  – Педагогикалық этика және педагогтың құқығын қорғау мәселелері жөніндегі кеңес жұмысына да тоқталды. «Педагог мәртебесі туралы» Заңда педагогикалық әдеп жөніндегі  арнайы бап бар. Сондықтан лауазымды  немесе басқа тұлғалар тарапынан педагогтың қандай да бір педагогикалық этикасы бұзылған жағдайда, сол туралы нақты фактілерді ұсына отырып, білім беру ұйымы орналасқан жергілікті білім беруді басқару органына, мектептегі педагогикалық әдеп жөніндегі кеңеске жүгінуге болады. Егер мәселе мектептегі педагогикалық әдеп жөніндегі кеңес деңгейінде шешілмесе, аудандық (қалалық), облыстық педагогикалық әдеп жөніндегі кеңеске жүгіну қажет.

Жергілікті өзін-өзі басқару органдары өз деңгейінде осы мәселе бойынша түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуі тиіс. Департамент жанындағы консультативтік-кеңесші органға жүгіну – егер мәселе облыстық деңгейде шешілмесе, жүгінетін соңғы инстанция.

Баспасөз мәслихатында департамент басшысы мектептерді аттестациялау мәселесіне де тоқталды.

2021 жылдан бастап білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестаттау рәсімі қайта жанданғаны белгілі. Мемлекеттік аттестаттау бес жылда бір рет өткізіледі. Бұл аттестаттаудың ерекшелігі – білім беру ұйымына бармай, профилактикалық бақылау жүргізу. Департамент  2021 жылдың қараша айынан бастап 50 білім беру ұйымында мемлекеттік аттестаттау өткізіпті. Мемлекеттік аттестаттау қорытындысы бойынша 50 білім беру ұйымының  24%-ы ғана  аттестаттаудан өткізілген.  Білім беру ұйымдары үшін мемлекеттік аттестаттау тегін. Ал ақша  жинайтын білім беру ұйымдарына тиісті шаралар қабылданатын болады.

Сондай-ақ З.Мақсұтова  биылғы   соңғы қоңырау мерекесі республиканың барлық мектептерінде 25 мамырда, аттестатты салтанатты тапсыру рәсімі 16-17 маусымда өтетінін жеткізді.

– Бұл шара тек әр  мектептің қабырғасында өткізілуі тиіс. Аниматорларға, әртістерге қаржы жинауға, мейрамханаларды жалға алуға және басқа да шығындарға тыйым салынады, – дейді департамент басшысы.

Мейрам Екпін 

Осы айдарда

Back to top button