Білім

Мектеп автобустары қауіпсіз бе?

Бауыр еті баласы мектепке барып келгенше ата-ананың алаңдап отыратыны рас. Оның үстіне қазір көшедегі көлік саны күн сайын көбейіп келеді.  Ата-ананың алаңдайтындай-ақ жөні бар. Жақында республика бойынша «Қауіпсіз мектеп автобусы» атты онкүндік шара өтті. Шараның мақсаты – пандемия кезінде оқушыларды мектепке тасымалдауды ұйымдастыру барысында қауіпсіздікті қамтамасыз ету, мектеп автобустарымен тасымалдау кезінде жол-көлік оқиғаларының алдын алу.

«Қызыл көзін ашқанда,

Сынық сүйем баспа алға…»

19-29 қаңтар аралығында өткен акцияға жергілікті атқарушы органдар, білім беру ұйымдары, ата-аналар қоғамдастығы және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты. Он күн бойы   мектеп автобустарының жүргізушілерімен жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жол ережелерін сақтау, оқушыны көлікке отырғызу және түсіру кезінде авариялық дабылды қолдану тақырыптарында нұсқаулықтар өткізілген. Сондай-ақ бастауыш сыныптардың  жетекшілері  ата-аналармен  қашықтан әңгіме жүргізген. Онкүндік аясында штаттық режимде оқытатын білім мекемелерінде жол қозғалысы ережелері бойынша «Жолдағы балалар»  атты суреттер мен плакаттар көрмесі, полицияның патрульдік-бекеттік қызметінің қызметкерлерімен кездесулер, жол қозғалысы ережелеріне арналған конкурстар, тәрбие сағаттары мен танымдық сабақтар өтіп, жол қозғалысы жас инспекторларының жасақтарында флеш-мобтар ұйымдастырылды.

Әрине, мұндай шаралардың оқушыға берері мол екені түсінікті. Әсіресе қала мектептерінің оқушылары үшін жол ережесін білу өте маңызды. Өйткені жол қателікті ешқашан кешірмейді.

Өткенде ғана Семей қаласында 16 жастағы оқушы «Камаз» жүк көлігінің астына түсіп, қайтыс болды.  Өкінішті, әрине.    Сондықтан:

«Қызыл көзін ашқанда

Сынық сүйем баспа алға.

Сары көзін ашқанда,

Қарап қалма аспанға.

Жасыл көзін ашқанда,

Өте бергін жасқанба», – деген өлең жолдарын оқушы жадына мәңгі тоқып алғаны абзал.

Облыстық білім басқармасындағылар өңір мектептерінде жол қозғалысы қауіпсіздігі бойынша тұрақты жұмыс істейтін бұрыштар бар екенін, мектеп кітапханаларында жол ережелерін сақтау бойынша кітаптар көрмесі ұйымдастырылып тұратынын айтады.  Автобустардың қозғалыс сызбасы қала-аудандардағы жергілікті полиция қызметтерімен келісіледі. Бастауыш сынып оқушыларын мектепке әкелгенде және алғанда жанында ересек адамның болуы міндетті. Ол арнайы бұйрықпен жүзеге асырылады. Сонымен бірге оқу жылының басында бастауыш сынып оқушылары үшін үйден мектепке дейінгі қауіпсіз жеке қозғалыс бағыты сызбасының көшірмесі де табысталады.

195 мектеп автобусы бар

Ал мектебі жоқ шағын ауылдардағы оқушыларды білім беру ұйымына тасымалдау мәселесі қалай жүзеге асырылуда?

Облыстың білім басқармасы берген мәліметке сүйенсек, мектептері жоқ елді мекен оқушыларын білім беру ұйымдарына тасымалдауға арналған 195 автобус бар. Барлық мектеп автобустары оқу жылының басында техникалық байқаудан өткізілетін көрінеді. Қауіпсіз тасымалдауды қамтамасыз ету мақсатында автобустар паркі жыл сайын жаңартылады. Соңғы төрт жылда облыс бюджеті есебінен 69 мектеп автобусы сатып алынған. Сонымен қатар биыл республика бюджетінің қаражаты есебінен тағы да 14 автобусқа өтінім берілген.

Шопырға аузыңды ашпашы

Осы орайда біз Ұлан ауданы білім бөлімінің басшысы Қуат Оқасовпен жолығып, аудандағы оқушыларды автобуспен  тасымалдаудың жай-күйін сұраған едік.

– Аудан бойынша мектеп оқушыларын тасымалдауға арналған 15 көлік бар. Оның сегізі автобус, бесеуі микроавтобус, екеуі   жеңіл көлік. Негізі заң бойынша оқушының үйі мен мектебінің  арасы үш шақырымнан асса, тасымалдауды ұйымдастыру міндеттеледі. Одан аз болса немесе үш шақырымға 100 метр жетпей қалса тасымалданбайды, – дейді Қ.Оқасов.

Айтуынша, қазір ауданның 19 елді мекенінен 13 мектепке барлығы 487 бала тасымалдануда. Оның ішінде Өскемен қаласына қарасты 23 шағын ауданда, Телевышка мен Акимовка саяжай массиві аумағында тұратын балалар да бар. Мысалы, тек 23 шағын ауданның өзінен 26 бала Қасым Қайсенов кентіндегі Р.Марсеков атындағы орта мектепке қатынап оқиды екен. Қ.Оқасов бұл туралы кезінде қала әкімінің орынбасары болған Ольга Булавкинаға хат жазып, 23 шағын аудан қалаға қарайтын болғандықтан автобус  бөлуін немесе жанар-жағармайдан қарайласуын өтінген. Бірақ ол кісі «можете не подвозить, у вас через каждые 40 минут ходят автобус» деген сыңайда жауап хат жазыпты. Ал өзіңіз ойлаңызшы сонда оқушы қолайсыз ауа райында 40 минут бойы автобус күтуі  керек пе? Тіпті Акимовка саяжайы да қала аумағына жатады. Осы уақытқа дейін ол жерде тұратын балаларды тасымалдауды да Ұлан ауданы ұйымдастырып келіпті.

Биылғы жыл басынан бері аудан-қалалардың білім бөлімдері жергілікті әкімдіктерге емес, тікелей облыстық білім басқармасына бағынатын болды. Тиісінше оқушыларды тасымалдау үшін қаржы да облыстан бөлінеді.

Ауданның білім бөлімінің басшысы мектеп автобустарының біразы ескіріп тұрғанын да жасырмады.

– Негізі жеңіл көліктерді жеті жылдан кейін, автобустарды бес жылдан кейін ауыстырып отыру керек. Қазақта «Ескіні жамағанның есі кетеді» деген сөз бар. Оқушыларды тасымалдайтын автобустардың көпшілігі ескірді. Мысалы, Мамай батыр ауылындағы мектеп автобусы 2007 жылғы, Восточный ауылындағы автобус 2006 жылғы, Герасимовка ауылындағы  автобус  тіпті 2001 жылы шыққан. Алмасайдағы Абай мектебіне қарасты автобустың  қозғалтқышы шашылып қалды. Оны жөндеу үшін 1 миллионнан аса  теңге керек. Жарайды, оны бірдеңе етіп жөндедік дедік, ертең тағы бір жері бұзылып қалуы әбден мүмкін ғой. Тек автобустарды жөндеудің өзіне миллиондап ақша шашқанша жаңасын алған анағұрлым тиімді. Кейде жыл көлемінде көлікті жөндеуге кеткен ақшаны санасақ бір автобустың құны шығады. Сондықтан автобус паркін жаңарту керек,  – дейді Қуат Оқасов.

Мектеп оқушыларын автобуспен тасымалдаудағы өзекті мәселелердің тағы бірі – шопыр табу.

– Қазір ешкім де 60-70 мың теңге айлыққа автобус жүргізушісі болғысы келмейді. Ол айлықтың  өзі категориясы мен еңбек өтіліне тікелей байланысты. Шопыр жұмыстан шықса болды, балаларды мектепке тасу үлкен мәселеге айналады. Бір жылдары Привольное ауылында солай болған. Шопыр жұмыстан кетіп, шырылдап қалғанбыз. Сондықтан да мен мектеп директорларына «шопырға ауыз ашушы болма, үндеме, тиіспе» деп айтып отырамын. Автобус жүргізушілері «Д»  категориясын алу  үшін жарты жыл оқиды.  «Д» категориясын кез келген адам ала алмайды. Екіншіден, қазір «Д» категориясы бар шопырларды автопарктер жұлып әкетеді. Ондағы айлық жоғары, 200 мың теңгедей. Сондықтан да мен мектептегі автобус шопырларының айлығы көтерілсе деймін. Айлығы жоғары болса, шопыр да көлікке жанашырлықпен қарайтын болады, – дейді Ұлан ауданы білім бөлімінің басшысы Қ.Оқасов.

Иә, қауіпсіз әрі қолайлы автобус – көптеген ата-ананың арманы. Жалпы, республика бойынша осы мәселенің шешімін тауып, оқушыларды тасымалдаудың заманауи форматын енгізу керек секілді. Осыдан 4-5 жыл бұрын Нұр-Сұлтан қаласында School Bus жобасын енгізу жоспарланған болатын. Жоба оқушыларды барлық талаптар мен стандарттарға сай арнайы автобустарда тасымалдаудың қауіпсіз және қолайлы жүйесін құруға бағытталған-ды.  Қазір бұл жоба тоқтап тұрған сыңайлы.

Қорыта айтқанда, мектеп автобусы шынында да, қауіпсіз болуы керек. Өйткені бүгінгі мектеп оқушысы – ертеңгі болашағымыз. Ал болашаққа немқұрайды қарауға әсте болмайды.

Мейрамтай Иманғали

 

Осы айдарда

Back to top button