Білім

Мектеп асханаларын жаңғырту аудандарда жалғасады

Өскеменде өткен облыстық қоғамдық кеңестің шағын кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі сараптамалық жұмыс тобының отырысында мектеп асханаларын жаңғырту мәселесі  талқыланып, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік келісімшартын жасасқан кәсіпкерлердің қандай қиындыққа тап болғаны айтылды.

 

Өңіріміз мемлекеттік-жекеменшік серіктестік жобаларын жүзеге асыру жағынан еліміз бойынша көш бастап тұр. Бүгінде мемлекеттік-жекеменшік серіктестік жобалары бойынша 33,4 млрд теңгенің 180 келісімшарты жасалған. Бұл еліміз бойынша жасалған барлық келісімшарттың 30 пайызын құрайды.

Асхана жабдықтарын жаңарту және тамақтандыру сапасын арттыру мақсатында «Nur Otan» партиясының бастамасымен мектеп асханаларын жаңғырту жұмыстары былтыр басталып кеткен еді. Конкурсты жеңіп алған кәсіпкерлер өз есебінен мектеп асханасын жөндеп, жаңғырту жұмыстарын жүргізді. Ал білім басқармасы олардың қызметін жеті жыл бойы пайдалануға кепілдік береді. Сонымен қатар жалға алу ақысынан босатады. Мектеп асханасын жөндеу жұмыстары мен қажетті құрал-жабдықтар тізімін мектеп басшылары жасады. Ал ас мәзірін дайындауға арнайы технолог мамандар тартылған.

Бүгінде әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың балалары үшін тегін ыстық тамақтың бағасы – 309 теңге. Ал барлық қалған оқушылар үшін – 350 теңге. Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Әсел Қайырбекованың айтуынша, алдағы уақытта осы жобаның аясында тұрақтандыру қорымен меморандум немесе бір келісім жасаған жөн. Сонда жалға алушылар қажетті азық-түлікті жыл бойы тұрақты бағамен алуына мүмкіндік туады.

Қазір облыста 655 мектеп бар, оның 48-і Өскеменде. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік жобасына облыс орталығындағы 44 мектеп қатысты. Ал қалған төрт мектеп жаңа және барлық талаптарға сай жабдықталған. Білім басқармасымен салалық және экономикалық сараптамадан өткен 44 пакет конкурстық құжаттама әзірленді. Конкурс нәтижесінде 35 мектептің асханасы бойынша Өскеменнен 14, Павлодар қаласынан бір жекеменшік серіктестер анықталып, олармен мемлекеттік-жекеменшік серіктестік келісімшарттары жасалды. Ал тоғыз жоба бойынша өтініш түспегендіктен конкурс өтпеді.  Қала әкімдігі олар бойынша алдағы 2020 жылы қайтадан конкурс жариялауды жоспарлап отыр. Ал әзірге тоғыз мектепте бұрынғы жалға алушылар қызмет көрсетеді.

Мектеп асханалары эпидемиологиялық маңызы жоғары нысан болғандықтан, жоспарлы түрде жылына екі рет тексеріледі. Өткен оқу жылында қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің өкілдері облыстағы 296 мектеп асханасын тексерген болатын. Осы тексерудің нәтижесінде жалға алушыларға 189 ескерту жасалып, қазір кемшіліктер түзетіліп жатыр. Орындау мерзімі аяқталған кезде құзырлы орган қайтадан тексеру жүргізеді.

290 асханадан түрлі кемшіліктер анықталып, 7 миллион теңгеден астам әкімшілік айыппұл салынған. Оның үстіне былтырғы сәуірден бастап заңнамаға өзгерістер енгізілуіне орай айыппұл санкциясы едәуір өсті.

-Айыппұл мөлшері 290-590 мың теңге көлемінде болуы мүмкін. Бұл жеке кәсіпкер үшін аз ақша емес. Дегенмен балалар тамақтанатын асханалардағы ас әзірлейтін бөліктердің, тоңазытқыш құралдардың, өндірістік орындар жағдайының талапқа сай болуы бәрінен маңызды,- дейді қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары Болат Қуанышбеков.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың  Жолдауында айтылғандай, шағын кәсіпкерлерді жоспарлы тексеруге үш жылға мораторий енгізілетіні белгілі. Дегенмен азаматтардың балаларды тамақтандыру сапасына деген шағымы бойынша тексерулер міндетті түрде жүргізіледі. Сонымен қатар мектептердегі арнайы комиссия ас дайындау барысы мен дайын болған тағамның сапасын күнделікті қадағалап отырады.

Алдағы 2020 жылы білім басқармасы мектеп асханаларын жаңғырту жобасын тек Өскеменде ғана емес, өңіріміздің барлық мектептерінде қолға алуды жоспарлап отыр. Сондықтан қазір облыстағы барлық қалалар мен аудандар қажетті жөндеу жұмыстары мен құрал-жабдықтардың тізімін әзірлеуде.

 Айжанат БАҚЫТҚЫЗЫ

Осы айдарда

Back to top button