Қоғам

Медиация орталығы ашылды

Медиация орталығы ашылды

Өскемендегі Достық үйінде медиация оқыту орталығы және оның кабинеті ашылды. Шараға облыстық соттың, әділет және білім басқармаларының, «Шаңырақ» медиация орталығы мен Ішкі істер департаментінің, сондай-ақ, облыстық прокуратураның өкілдері қатысып, өңіріміздегі медиация саласын дамыту мақсатында меморандумға қол қойды.
Жалпы, медиация жайында қысқаша түсінік берер болсақ, елімізде «Медиация туралы» Заң 2011 жылдың 5 тамызынан бастап күшіне енген. «Медиация» сөзі латыншадан аударғанда «бітімгершілік» деген мағынаны білдіреді. Ал бітімгершілік – қазақ халқына жат ұғым емес. Бұрын ел ішіндегі ұры-қарылар немесе өзге де келеңсіздіктерге жол бергендер сол елдегі беделді ақсақалдардың шешімімен жазаланып, екі жақ өзара келісімге келіп отырған. Мысалы, АҚШ (95 пайыз) пен Британияда (87 пайыз) көптеген даулы істердің басым бөлігі сотқа жетпей, бітімгершілік жолмен шешіледі. Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында бұл мәселеге ерекше мән берілген болатын.
Кез келген даулы мәселенің ақ-қарасын анықтауда сот пен медиация арасында айырмашылық көп. Айталық, сот туындаған дауды заң тұрғысынан қараса, ал жаңа заңда екі тараптың мүддесі көзделіп, шешім шығарылады. Бұл жерде сотқа шағымданушы уақыттан да, қаржылай шығыннан да ұтылары сөзсіз. Сот көпшілік алдында өтсе, медиация көпшілікке жария етіле бермейді. Сосын, сотта бір жақтың ғана талабы қанағаттандырылып, қабылданған шешімге екінші жақ келіспей жатады. Ал «Медиация туралы» Заңда екі жақтың да көңілін тауып, дау-дамайды бейбіт жолмен шешу қарастырылған.
Шараны бастан-аяқ жүргізіп, жиналғандарға аталмыш оқыту орталығының жалпы қоғамдағы мақсаты мен маңызы жайында бірқатар түсінік берген Қазақстан халқы Ассамблеясы Шығыс Қазақстан облыстық хатшылығының меңгерушісі Асқар Нұрғазиев мұндай орталықтар сәуір айына дейін өңіріміздің аудан-қалаларындағы 14 Достық үйінің барлығында ашылатындығын жеткізді.
Достық үйінің бір бөлмесінен ашылған оқу кабинетінде болашақта сертификатты медиатор болудан үміткер алғашқы тыңдармандар дәріс тыңдауды бастап та кетіпті. Бөлме тыңдаушыларға арналған парталармен, «Медиация туралы» Заң түсініктемелері, сонымен қатар әр салаға қатысты түрлі әдістемелермен жабдықталған.
– Медиация – еліміздегі татулық пен бірлікті сақтауға, халықтар арасындағы достық, туыстық қарым-қатынасты нығайта түсуде маңызды рөл атқаратындығы сөзсіз. Ел болғасын қылмыстық істер, әкімшілік, азаматтық істер, ұлттар арасында бірін-бірі түсініспей қалу жағынан болсын көптеген дау-дамайлар туындап жатады. Міне, осындай дауларды сотқа жеткізбей, екі жақты түсіністікпен шешуде бітімгершілік миссиясы біздің сот, прокуратура органдарының жұмысын неғұрлым жеңілдетуге де өз септігін тигізетін болады. Ертеректе мұндай міндеттер мен жауапкершіліктер кешегі жер дауы, жесір дауы, өлім-жітімге байланысты ел мен елдің арасындағы дау-жанжалдарға байыппен, байсалдылықпен төрелік айта білген би бабаларымызға жүктелген, – дейді әділет басқармасы бастығының орынбасары Асқарбек Белгібаев.
Бітімгершіліктің отбасынан бастап, қоғамның кез келген саласына қажет екендігін ескерткен мемлекеттік орган өкілдері жиналғандарды болашақта осы бағытта бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.

Серік Құсанбаев

Осы айдарда

Back to top button