Мәдениет саласы қызметкерлерінің жалақысы өседі
Ынтымақ Толқын
Келер жылы мәдениет, спорт және туризм саласы қызметкерлерінің жалақысы өседі. Бұл туралы облыстық кәсіподақ ұйымдарының ғылыми-тәжірибелік конференциясында сөз болды.
Өскеменде өткен ғылыми-тәжірибелік конференция «Тәуелсіздік жылдарында кәсіподақ ұйымдарының дамуы» деп аталды. Ел егемендігінің 31 жылдығына орай ұйымдастырылған шарада азаматтардың еңбек құқығы баяндалып, салалық кәсіподақтың маңызы талқыланды.
– Қоғамның дамуы мен мемлекеттің тұрақтылығын нығайтуда кәсіподақтар айтарлықтай үлес қосып келеді. Кеңес үкіметі кезінде елдегі жұмысшыладың 95%-ы кәсіподаққа мүше еді. Ол дәуір өтті. Қазір заман бөлек, талап ерекше. Қазақстанның кәсіподақтары да еліміз нарықтық экономикаға көшкенде талай қиыншылықты бастан өткерді. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру құқығынан айырылды. Алайда кәсіподақ азаматтардың құқығын қорғауда өз жұмысын бір сәтке тоқтатқан емес, – деді модератор Темірбек Қасымжанов.
Конференцияда көтерілген басты тақырыптың бірі – мәдениет, мұрағат, спорт және туризм саласы қызметкерлерінің жалақысы.
Жиында сөз сөйлеген «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» ҚБ облыстық филиалының төрағасы Түсіпхан Түсіпбековтің айтуынша, аталған салаларда 2024 жылға дейін жалақы мөлшері айтарлықтай өспек. Мысалға, денешынықтыру пәні мұғалімдерінің еңбекақысы 100%-ға дейін көтеріледі. Ал жұмысқа енді орналасқан жас маманның жалақысы 200 мың теңгеден кем болмайды. Сонымен қатар жаттықтырушылардың жалақысы 1,75 есе артады. Спорт төрешілерінің еңбекақысы да біртіндеп өседі. Бастапқыда 20% қосылса, 2024 жылға қарай 100%-ға дейін көтеріледі.
Сонымен қатар театр және цирк саласы ауыр жұмыс санатына жатуы ықтимал. Еңбек кодексіне ұсынылған өзгерістер күшіне енсе, осы саланың қызметкерлері қысқартылған жұмыс күні, қосымша ақы төленетін еңбек демалысы сынды артықшылықтарға ие болмақ.
– Бүгін Тәуелсіздік күні қарсаңында ұйымдастырылған ауқымды іс-шара болды. Конференцияда қойылған тақырыпты толықтай аша алдық деп ойлаймын. Әсіресе біздің бас келісімнің, салалық және облыстық келісімдердің орындалу мәселесін көтердік. Бұл үш келісімнің де еңбекшілерге берері көп. Еңбек кодексінде қаралмаған кейбір жеңілдіктер осы үш келісімде қарастырылған. Сондықтан бүгін көтерілген тақырып конференцияға қатысушылардың көңілінен шықты деген ойдамын. Өйткені еңбекшілерге жасалып жатқан жеңілдік, олардың қорғалып жатқан мүддесі – тек кәсіподақ жұмысының нәтижесі. Басқа ешбір саяси партия, бірде-бір қоғамдық бірлестік кәсіподақтың жұмысымен айналыспайды. Еңбек кодексіне өзгеріс енгізу, әсіресе қосымша ақы төлеу, зиянды цехтарда жұмыс атқаратын жұмысшыларға қысқартылған жұмыс күнін беру туралы ұсынысымыз министрлік арқылы шешілер болса, еңбекшілерімізге үлкен жеңілдік болар еді, – деп түсіндірді Түсіпхан Түсіпбеков.
Конференция соңында іс-шараға қатысушылар арнайы мақтау қағаздарымен марапатталып, «Ұлан ауданы бойынша БЖСМ» КММ директоры Манарбек Қожахметұлы, «Шығыс Қазақстан облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау мекемесі» КММ директоры Талғат Исатайұлы, облыстық мәдениет басқармасының басшысы Нұрболат Қадырұлы және облыстық цифрландыру және мұрағаттар басқармасының басшысы Бақытгүл Әділбекова «Еңбек даңқы» төсбелгісіне ие болды.