Мәденитуризімді дамыту мәселелері талқыланды
Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайының шетелдік әріптестерімен үнемі шығармашылық байланыс жасап, еңбек етіп келе жатқаны белгілі.
Қорық-мұражай ICOM-UNESCO ұйымына мүше болып, ондағы әлемнің әдеби және музыка музейлерін біріктіретін комитет (ICLM) қарамағындағы ұжымдармен шығармашылық байланыстар орнатты.
2016 жылдың басында АҚШ елшілігі және АҚШ мемлекеттік департаментінің қолдауымен Фулбрайт бағдарламасы бойынша Семей өңіріндегі мәдени туризмнің ахуалын саралау үшін арнайы маманның келуіне келісім жасалды.
Дж. Уиллиам Фулбрайт бағдарламасы 1946 жылы құрылып, АҚШ пен әлемнің басқа халықтары арасындағы өзара түсіністікті арттыруды мақсат еткен. Бұл күндері Фулбрайт бағдарламасы әлемдегі ең танымал және беделді халықаралық алмасу бағдарламасы болып табылады.
6 маусым күні посткеңестік мемлекеттерде, оның ішінде Орта Азия мемлекеттерінде мәдени туризмді дамытуға атсалысқан тәжірибелі маман Ричард Дион арнайы сапармен Семей еліне келді.
Сапар барысында Семейдегі музей экспозицияларымен, 10 маусымда Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық «Жидебай-Бөрілі» қорық-мұражайында Ричард Дион «Музейлер және мәдени туризм саласына кәсіпкерлік көзқарас» атты семинар өткізді.
Семинарды Абай музейінің директоры Б.Жүнісбеков ашты.
Семинардың мақсаты – мәдени туризм саласына кәсіпкерлік көзқарас қалыптастыру тәжірибесімен таныстыру (Орта Азия мемлекеттерінің мысалында), өңірдің туристік әлеуетін бюджетті толтыру көзі ретінде зерттеу, саралау, өңірдегі туризмді дамыту мәселелерін талқылау.
Семинарға туризмді, оның ішінде мәдени туризм саласын, дамытудағы өз тәжірибесімен бөлісу мақсатында музей қызметкерлері, туристік фирмалар мен жеке кәсіпкерлер, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысып, мәдени туризм саласында өзекті мәселелерді ортаға салып, жетекші маман Ричард Дион тәжірибелерімен бөлісті.
Семинар барысында екіжақты шығармашылық әріптестік туралы меморандумға қол қойылды. Мақсат – алдағы уақытта екі ел арасындағы түсіністік пен пайдалы әріптестікті дамыту, кәсіби тәжірибе алмасу, республикалық, халықаралық деңгейде шығармашылық байланыстарды жандандыру.
Абай қорық-мұражайының баспасөз қызметі