Мәдениет

Мәдениет саласының қызметкерлері марапатталды

Мәдениет саласының қызметкерлері марапатталды

Мәдениетті мәртебем, өнерді өрісім деп қадірлейтін елдің қашан да абыройы асқақ болмақ. Осы орайда мәдениет пен өнер қызметкерлерінің күні біздің өңірде де лайықты аталып өтті. Осынау мерекеге орай Өскемендегі этноауылда ұйымдастырылған шараға облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ қатысып, өңірдің рухани өмірін өрге сүйреп жүрген бірқатар жандарға сыйлықтар тапсырды.

Бұл күн, шынында да, мәдениет пен өнер адамдарының мақтанған, шаттанған күні болды. Аймақтағы өмірдің ажарын ашып, көркін кіргізіп, айшықтап жүрген де осы – мәдениет пен өнер қызметкерлері. Кездесудің салтанатты сәтінде ТМД парламентаралық Ассамблея кеңесінің «Мәдениет пен өнердің дамуына қосқан үлесі үшін» белгісімен облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи ландшафтық мұражай-қорығының директоры Николай Зайцев марапатталса, он алты адам Мәдениет министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісін кеудесіне қадады. Ал облыс әкімінің мәдениет пен өнерді дамытуға қосқан үлесі үшін берілетін сыйлығы он бір адамға табысталды.
Осылайша көтеріңкі көңіл күймен басталған шарадан кейін аймақ басшысы сөз тізгінін алды.
Біз әрқашан да сіздердің алдарыңызда басымызды иеміз. Өйткені, сіздер – біздің еліміздің, ұлтымыздың мақтанышысыздар. Сіздер арқылы өзге халықтар қазақ деген ұлттың бар екенін, Қазақстан деген мемлекет барын біледі. Сіздер біздің тарихымызды, болашағымызды әр уақытта келер ұрпаққа насихаттайсыздар. Өздеріңіздің арқаларыңызда еліміздің абыройы мен беделі өсуде. Осы орайда Мемлекет басшысының бүгінгі күнді мәдениет пен өнер күні деп жариялауы бекерден-бекер емес. Міне, бүгін өздеріңізбен киіз үйде, бір шаңырақтың астында тағы да жүздесіп отырмыз, – деп сөзін бастаған облыс басшысы Бердібек САПАРБАЕВ өңіріміздің рухани мәдени өмірінің даму барысына да кеңінен тоқталып өтті.
Соңғы төрт жылдың ішінде ғана облысымыздың мәдениеті мен өнері саласына 24 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлініпті. Өңірдегі негізгі мәдениет ошақтарының түгелі дерлік жөндеуден өткізілген. Қазіргі күні облыстың аудан, қалаларының барлығында мәдениет үйлері бар. Күршім ауданында да екі-үш айдың көлемінде мәдениет үйі пайдалануға берілмек. Мұнымен қоса, барлық өңірде жастар орталықтары мен өнер үйлері қызмет көрсетеді. Сондай-ақ, Өскеменде құны 3 млрд. теңге тұратын драма театры салынып жатыр. Үш жылдан бері «Алтай-Ертіс кітапханасы» сериясымен шығысқазақстандық 41 қаламгердің кітаптары жарыққа шыққан. Бұл үрдіс әлі жалғасын таба береді.
Сондай-ақ, облыс әкімі өз сөзінде өнеріміз бен мәдениетіміздің көрші елдерге де насихатталып жатқанын атап айтты. Ал таяуда ағылшын сазгері Карл Дженкинстің «Абай-Шәкерім» ораториясын астаналық көрермендер де тамашалады. Бұл дегеніңіз – Шығыста дәстүрлі өнер ғана емес, классиканың да жақсы дамып келе жатқанының белгісі. Осы орайда облыс басшысы симфониялық оркестрдің жетекшісіне ризашылығын білдірді.
– Біздің мақсат – сіздердің білімдеріңіз бен кәсіби деңгейлеріңізді пайдаланып, өңіріміздің мәдениеті мен өнерін өрге сүйреп, өркендету, – деген облыс басшысы жиналған қауымды мерекемен құттықтап, отбасыларына амандық пен жақсылық тіледі.
Кездесуде ақын Тыныштықбек Әбдікәкімов өзінің осыдан он бес жыл бұрын жазған «Әкім мен ақын» атты өлеңін нақышына келтіре оқып берді. Ал облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи ландшафтық мұражай-қорығының директоры Николай Зайцев жиналған қауымға сол жағалаудағы кешенді дамыту жоспарлары туралы баяндады. Алдағы уақытта бұл арада ара өсіру тарихына арналған мұражай мен мұражай-аквариум да бой көтермек.
Сондай-ақ, кездесуде отыз жылдан астам уақыт Семейдегі Абай мұражайының директоры қызметін атқарған Төкен Ибрагимов, Абай ауданының «Қаламқас» ән-би ансамблінің әншісі Нағия Бұланбаева, Зайсан аудандық мәдениет үйінің режиссері Алмагүл Сүйлейменова және тағы басқалар сөз сөйлеп, мәдениет пен өнер қызметкерлеріне жылы лебіздерін білдірді.
Ал жерлесіміз, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Несіпбек Айтұлының сөзі отырған қауымды бір серпілтіп тастады.
– Ұлтын кім жақсы көрмес, жаны сүйіп,
Болмаса шектен шыққан жаны сұйық.
Елін сүйген адамның жүрегіне,
Кетеді дүниенің бәрі сыйып, ¬- деп сөзін әлі сиясы кеппеген бір шумақ өлеңімен бастаған ақын осынау алқалы жиынға «мынау қасиетті қара шаңырақтың астында мәдениет пен өнер адамдарының жүздесуі – тарихи оқиға» деген баға беріп, «қасиетті Алтай – түркі дүниесінің ғана емес, ұлттар достығының да алтын бесігі» деді.
Жиын соңында облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ:
– Біз ешкімге де шаңырағымызды шайқалтуға жол бермеуіміз керек. Бірлікте болсақ, бізді ешкім де есеңгірете алмайды, – деп елдің бақыты, берекесі мен ырысы – бірлікте екенін тағы бір рет еске салды.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button