Мазмұны жаңартылған білімнің артықшылығы қандай?

Еліміздің білім беру саласы жаңа мазмұнға түбегейлі бет бұрды. 2016-2017 оқу жылынан бастап республика мектептерінде жаңартылған білім мазмұнына көшу жұмыстары кеңінен қолға алынуда. Былтырғы оқу жылында жаңартылған білім мазмұнына 1 сыныптар көшкен болса, биыл 2, 5, 7 сыныптар көшірілмек. Осы орайда «Дидар» газеті білім берудің жаңа моделін халыққа түсіндіру мақсатында «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы АҚ облыстық педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының тренерлері мен тыңдаушыларын шақырып, арнайы дөңгелек үстел ұйымдастырған болатын. Дөңгелек үстелге аталған институттың тұлғаны тәрбиелеу және әлеуметтендіру кафедрасының аға оқытушысы Роза Чекетаева, білім беру сапасы мен басқару кафедрасының аға оқытушысы Айгүл Сейілхан, ғылыми жаратылыстану пәндерін оқыту әдістемесі және инновациялық технологиялар кафедрасының аға оқытушысы Гүлнара Апсалемова, мұғалімнің кәсіби дамуын психологиялық-педагогикалық ілеспелеу кафедрасының аға оқытушысы Динара Құсайын және тыңдаушылар қатысты.
– Жаңартылған білім мазмұны деген не? Ол не үшін қажет? Неге біз ұзақ жылдар бойы қалыптасқан дәстүрлі білім беру тәжірибесінен бас тарттық? Ең алдымен осы сауалдарға жауап берсеңіздер.
Роза Чекетаева: – Білім мазмұнын жаңарту бүгін ғана шығып отырған мәселе емес. 12 жылдық білімге көшу идеясын Елбасымыз сонау 2001 жылы ұсынған болатын. Ал 2010 жылы ел Үкіметі «Білім берудің 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын» қабылдады. Сол бағдарламада да 12 жылдық білім беруге көшу мәселесі айтылады. Бұл бағдарлама екі кезеңнен тұрады. Соның екінші кезеңін 2016 жылы бастау туралы бағдарламада нақты көрсетілген. Сонымен қатар Мемлекет басшысы бес институционалық реформаны жүзеге асыруға бағытталған «100 нақты қадам» атты Қазақстан халқына Жолдауында да білім беру саласына, оның ішінде 12 жылдық білім беруге көшу туралы айтады. Яғни, бұл – алдын ала жоспарланған шаруа. Экономика қалай дамыса, білім, ғылым саласы да солай дамуы тиіс. Енді сол жоспарлаған іс жүзеге асырылып жатыр. Көзі қарақты қауым ретінде мұғалімдер қандай заңдар бар, қандай үкімдер шығарылды – бәрін білуіміз керек. Ең алдымен өзіміз сауатты болсақ, бәрі қолжетімді болады. Менің бір досым бар. Қазір Астана қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде қызмет істейді. Өзі тарих ғылымдарының кандидаты. Кандидаттығын 2009 жылы қорғаған. Сол кездерде тарих ғылымдарының кандидаты бола тұрып, ол экономиканың магистратурасына тапсырды. Мен оған «Сен неге экономиканың магистратурасына түстің?» деп сауал қойдым. Сонда ол «болашақта жоғары оқу орындарында Қазақстан тарихы» Тәуелсіздіктен бастап оқытылатын болады» деп жауап берді. Шынында да, былтырдан бастап жоғары оқу орындары «Қазақстан тарихын» Тәуелсіз Қазақстан тарихынан бастап оқыта бастады емес пе? Мұны мысалға келтіріп отырған себебім, адам өзінің алдын болжай алуы керек. Біз заңмен таныс болсақ, біздің барлық қадамымыз реттелген болушы еді. Мұғалім – Үкіметтің сарбаздары ғой. Үкімет жаңашылдыққа бет бұрды ма, ендеше жаңашылдықты енгізуге дайын болуымыз қажет деп ойлаймын.
Жаңашылдыққа ұмтылу – уақыт талабы
Айгүл Сейілхан: – Қазір мектептердің алдында үлкен міндет тұр. Ол – жаңартылған білім мазмұнына көшу. Әріптесім айтып кеткендей, бұған қазақстандық орта білім беру жүйесі жылдар бойы дайындалды. Біздің көшбасымызда Назарбаев зияткерлік мектептері тұр. Бағдарлама тәжіріибеден өтті. Тек қазақстандық тәжірибеде ғана емес, бұл бағдарлама осыған дейін Сингапур, Англия, Финляндия, Франция сияқты білім көшінде іргелі тұрған мемлекеттердің білім жүйесінде тәжірибеден өтіп сыналған. Ешкім де бағдарламаны сол күйі көшіре салған жоқ, өзіміздің отандық педагогикаға, өзіміздің ана тіліміз бен менталитетімізге ыңғайлай отырып білім саласына енгізді. Енді жылдар өте келе Назарбаев зияткерлік мектептерінің тәжірибесін орта білім мазмұнына, бүкіл мектептерге тарату қажеттігі туындады. Қазір білім беру бағдарламасының екінші кезеңі жүзеге асып жатыр. Бағдарламаның қазақстандық патриотизмді қалыптастыруда, «Мәңгілік ел» ұлттық идеясын орнықтыруда орны ерекше. Елбасының Ұлт жоспары «100 нақты қадамының» 76-қадамында он екі жылдық білім беру жүйесіне кезең-кезеңмен көшу қажеттігі айтылады. Сол кезең басталып кетті. Он екі жылдық білім беруге біз бір күнде жаппай бірінші сыныптан он бірінші сыныпқа дейін бірден көше салған жоқпыз. Мұның бәрі кезең-кезеңімен жүзеге асуда.
Ал енді жаңартылған білім мазмұны деген не? Бұл дәстүрлі оқытудан жаңа оқыту, сындарлы оқыту форматына көшу деген сөз. Ал енді жаңа мазмұнға неге көшу керек болды? Ол біздің қоғамға не үшін қажет? Кейде мұғалімдердің өздері «Неге біз дәстүрлі оқытуда жүре бермейміз?», «Анау кеңестік заманнан келе жатқан оқыту үрдісінен неге бас тарттық?» деп сауал қойып жатады. Ең басты себеп – заманның өзгеруі. Қоғамдағы алпауыт өзгерістердің өзі бізді осыған алып келіп отыр. Төртінші, индустриялық-инновациялық даму, ғылым мен техниканың қарыштап алға жылжуы, адам санасының ғылымға, техникаға бет бұруы – осының бәрі жаңартылған білім мазмұнына көшуге мәжбүр етуде. Қазіргі адамдар өте мобилді. Олардың тез қозғалғыштығы, ақпаратты тез қабылдап, тез меңгеріп, тез жауап айтуы – бүгінгі ұрпақ санасының жаңғыруын білдіреді. Мысалы, бүгінгі болып жатқан ақпарат ертең біз үшін ескі болып қалуы мүмкін.
Осыдан он жыл бұрын немесе бес жыл бұрын ақпараттарға қолжетімділік аз болған. Қазір кез келген ақпаратқа қол жеткізуге болады. Тіпті дүниенің қай бұрышында болып жатқан жаңалықты ана тіліңізде, болмаса өзге тілде ғаламтор желісі арқылы оңай тауып аласыз. Содан кейін білім берудегі инновация, саяси-әлеуметтік мүмкіндіктердің кеңеюі – осы мәселелер, міне, білім мазмұнын жаңартуды талап етеді. Жаңағы айтқан тез қозғалғыш, тез ақпаратты қабылдағыш оқушыға біз енді дәстүрлі жолмен білім бере алмаймыз. Ол бала ондай білімге қанағаттанбайды. Жаңаша әдіс-тәсіл керек.
– Сонда жаңартылған білім берудің дәстүрлі оқытудан айырмашылығы қандай?

Айгүл Сейілхан: – Дәстүрлі оқытуда біз оқушыға дайын ақпаратты ғана ұсынатынбыз. «Міне, мынау Асан қайғының жерге айтқан сыны» аңызы. Осыны оқып, мазмұнын айтып бер» деп, өзіміз оқытып, оны өзімізге қайтадан сұрап алатынбыз. Ал білім мазмұнын меңгертудегі бүгінгі жаңа форматта бүгінгі балаларға олай оқыту жеткіліксіз. Бүгінгі балалар оны қабылдағысы келмейді. Неге қабылдағысы келмейді? Оқушы «Асан қайғының жерге айтқан сыны» аңызын оқи отырып, Қазақстанның шұрайлы жерлері туралы ақпаратты әрі қарай іздеуі, дамытуы керек. Өзі тұратын жермен салыстырады. Асан қайғының сыны, шынымен де, келе ме, келмей ме, сол пікірдің бәрін жинақтап, оған синтез, анализ жасайды, талдап, бағалайды. Көрдіңіздер ме, сонда ғана бұл білім оқушының санасында қалады. Дәстүрлі оқыту мен жаңартылған білім форматында өте көп айырмашылық бар. Мұғалім бұл жерде бағыттаушы, бағыт беруші. Ал ақпаратты іздеу, табу, айту, оған өз көзқарасын білдіру, оның барлығын жинақтап, баға беру – оқушының әрекеті. Бұл – сындарлы оқыту, сыни тұрғыдан ойлап оқыту. Яғни, бала іс-әрекет, ұстанымы арқылы еңбектеніп отырып, дайын ақпаратты өзі қалай меңгеріп, есте сақтағанын білмей де қалады. Жасыратыны жоқ, бұрын дайын ақпаратты беретінбіз, оны қайтадан сұрап алатынбыз. Сонымен ол жабылып қалатын. Бүгінгі оқушы барлығын өзі жасайды.
Осы жерде жаңартылған білім берудің басты ерекшеліктерінің бірін де айтып өтсем деймін. Оның дәстүрлі оқытудан ең басты ерекшелігі – пән мазмұнының спиральді қағидатпен берілуі. Оқулықтарда оқушының өміріне қажетті, функционалдық сауаттылыққа негізделген тақырыптар іріктеліп алынады. Сол тақырып аясында оқушының санасы кеңейе береді. Шиыршық, яғни спиральді қағидат деген осы. Бастауыш сыныпта оқушы өзінің ойын бір, екі сөйлем арқылы жазатын болса, орта буында ол шағын әңгіме етіп жазады. Әрі қарай жоғары сыныптарға барғанда, ол эссе жазады. Эссенің жай ғана түрін емес, әр түрін жазады. Кез келген тақырып қарапайымнан күрделіге қарай толықтырылады. Жаңартылған білім беру мазмұнындағы барлық сыныптардағы оқу бағдарламасы мен оқу жоспары осы спиральді оқыту қағидатына негізделген. Бұған енді көптеген сын айтылып жатыр. Оқулыққа да айтылуда. Ол да дұрыс. Себебі ол апробацияға, тәжірибеге енді еніп жатыр. Екіншіден, бұл бағдарламаның мазмұнын түсініп оқытқан мұғалімге өте оңай. Сондықтан да оның анық-қанығын әлі білмей, тәжірибеге толық енбей жатып мұғалімдердің байбалам салуы орынсыз.
Гүлнара Апсалемова: – Менің тыңдаушыларымның дені жаңашылдыққа оңайлықпен қадам баса қоймайтын жасы үлкен мұғалімдер болғандықтан, кейде «дәстүрлі білім беру үрдісінен неге бас тартамыз, батыстың білім беру үлгісін Қазақстанға әкелсек, дініміз бен тілімізден ажырап қалмаймыз ба?» деген қорқыныштарын да айтып жатады.
Жоқ, бұл бағдарлама «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясының негізінде жасалғанын ерекше атап айтқым келеді. Бағдарлама біздің ұлттық құндылықтарымызға тұнып тұр. Жасыратыны жоқ, алғашында математика пәні ұлттық құндылықтармен қалай байланысады деп бәріміз таңғалдық. Сөйтсек, математикада үшбұрыш, төртбұрыштың өзін қазақы, ұлттық құндылықтарымызбен байланыстыруға болады екен. Мысалы, пирамида деген тақырып бар. Әрине, пирамиданың өзін ғана оқыту балаға өте қызықсыз. Ол үшін біз бас қаламыз Астанадағы Пирамида туралы айтып барып, сол туралы ақпарат бере отырып, сабаққа кірісеміз. Балаға ол өте қызықты.
Қазақы менталитеттің иісі аңқып тұр

Роза Чекетаева: – Тарих сабағының өзінде қазақстандық модельдің иісі аңқып тұр. Бұрын бәріне евроцентристік көзқараста ғана қараушы едік қой. Қазір барлық ғылымда қазақ халқының менталитеті тұр. Мысалы, «Қос дөңгелекті арбалар империясы» дейді де, оның қола дәуірінде біздің қазақ жерінде сақтардан бастау алатынын айта келіп қана, Рим империясына өтеді. Әрбір сабақта ұлттық құндылықтар өте жоғары тұрады. Егер бұл бағдарлама толық жүзеге асатын болса, мемлекеттік тіл мәселесі өзінен-өзі ілгері жүреді. Мұғалім сабақ жоспарын «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясының құндылықтарына негіздеп жасайды. Сол арқылы біз өзіміздің тәуелсіздігімізді асқақтатамыз.
– Жаңартылған білім мазмұнының тағы қандай жаңалықтары бар?

Динара Құсайын: – Білім фундаментінің негізі бастауышта қаланады ғой. Жаңартылған білім беру мазмұны бағдарламасында ортақ тақырыптар деген бар. Мысалы «Менің отбасым» деген тақырып болса, ол барлық пәнге ортақ тақырып болып оқытылады. Содан кейін бастауыш сыныпта оқушыға зерттеу жұмысына үлкен жол ашылады. Зерттеу жұмысы деген бұрын да болған. Бірақ ол кезде бетін ғана қалқып өтетінбіз. Қазір зерттеу жұмысы кәдімгідей кезеңдерге бөлінеді. Оқушы сол кезеңдер бойынша тыңғылықты жұмыс істейді. Бұл жүйенің тағы бір ерекшелігі – критериалды бағалау. Бұрын дәстүрлі білім беруде мұғалім оқушыға баға қойса, қазір оқушы өзін-өзі бағалайды. Одан кейін тобын, досын бағалайды. Демек баға әділ болады.

Айгүл Сейілхан: – Осы жерде мынаны айта кетсем деймін. Көпшілік қауым білім берудің стандарты өзгерді ме деп сұрайды. Стандарт өзгерген жоқ. Педагогикадағы ғасырлар бойы қалыптасқан пәндердің желісі де, жүйесі де орнында тұр. Бастауыш пен баяндауыш та, сын есім де – бәрі орнында. Оқулықтардағы тақырыптар да стандартқа сәйкес, сол қалпы. Бірақ оқулықтың кішкене құрылымы, мазмұны жаңартылған білім мазмұнына сәйкес өзгерді. Бұл жерде сол тақырыптарды оқыту әдістемесі, беру технологиясы, оқушының әрекеті, әдіс-тәсілдері өзгерді. Бір тақырыпты беруде мұғалімнің әрекеті қандай, оқушының әрекеті қандай? Оқу мақсатына қалай жету керек? Яғни, оқыту инновациялық бағытқа сәйкестендірілді. Мысалы, бұрын біз оқушыдан «Сын есім деген не? Оның сұрақтары қандай?» деп оқытатынбыз. Бала кейін мектеп бітірген соң, ол білімді өмірде қолдануы керек қой. Кім көшеде сын есімнің анықтамасын айтып жүр? Ал жаңа бағыт бойынша біз оқушыдан «Сын есімді сөйлем құрастыруда сіз қалай пайдаланасыз?» деп сұраймыз. «Сын есімді қолдана отырып, керемет көркем сөйлем құраңыз» деген тапсырма береміз. Оқушыға сын есімді өмірде ауызекі тілде қалай қолдануға болады, соны үйретеміз. Білім айтылып-айтылып сыныпта қалып қалмауы керек, ол адамға қызмет етуі тиіс.

Гүлнара Апсалемова: – Дәстүрлі білім беруде оқушылар синус пен косинусты не қыламын, Пифагор теоремасын қайда қолданамын деп сұрайтын. Өмірмен еш байланыстыра алмайтын. Ал қазіргі бағдарламада бәрі өмірмен байланыстырыла оқытылады. Сондықтан да біз Пифагор теоремасын оқушы өмірде, көшеде жүргенде қолдана алатындай білім беруіміз қажет. Бұрын қалай оқыттық? Бала объект, мұғалім субъект болатын. 45 минут мұғалім тақтада тұрып сабақ түсіндіретін. Ол кезде объект-субъект қарым-қатынасы болды. Ал қазір субъект-субъект қарым-қатынасын дамытудамыз. Мұғалім балаға бағыт-бағдар береді, жұмыс түрін таңдайды. Оқушы жұмысты жеке де, топпен, жұппен де істеуі мүмкін. Жұптық жұмысты орындатқан кезде қандай да бір белсенді тәсілді қолдансаң, бала өзі әрекет жасай отырып, сол Пифагор теоремасын түсініп шығады. Әр баланың өзінің бір идеясы болуы керек. Бұрын дайын білімді шайнап беретінбіз. Қазір олай емес.
Айгүл Сейілхан: – Кез келген реформа бір жылдың ішінде қалыптасып, бірден бірегей болып кетпейді. Ол тәжірибеде дәлелденген. Сондықтан да білім мазмұнындағы осындай төңкерісті мұғалімдер дұрыс түсініп, оңтайлы көзқараспен қарауы керек. Бұрын мұғалімдер сабақ жоспарын анаған тәрбиелеу, мынаған тәрбиелеу, патриоттыққа тәрбиелеу деп жалпылай жазатын. Енді жаңартылған білім мазмұнында ол оқу мақсаттары нақтыланды. Нені меңгеру керек? Алға қойған оқу мақсатына жету үшін оқушы да, мұғалім де жұмыс істейді. Яғни, бұл нәтижеге бағытталған білім деген сөз.
Ата-аналар да тиімділікті сезіне бастады
– Ендігі сөз кезегін осы жаңартылған білім мазмұнын тәжірибеде қолданып жүрген мұғалімге берсек.

Маркаба Ракижаева, Өскемендегі Ахмер орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі, курс тыңдаушысы: – Басында осы бағдарлама бойынша бірінші сыныптарға сабақ берерде ойымызда сан түрлі сұрақтар, бойымызда қорқыныш болды. Әсіресе, ата-аналар тарапынан көп сұрақтар туындады. Бірақ ата-аналардың барлығын бағдарламаның мазмұнымен таныстырып, сабаққа қатысуларын өтінген соң, біртіндеп бір мәмілеге келе бастадық. Бір жақсысы, оқу жылы бойына қалалық мектептердің арасында семинарлар болып тұрды. Осы семинарларда тәжірибе бойынша өзге мұғалімдермен «Менде осындай жағдайлар туындап жатыр, сізде қалай болып жатыр?» деп ой бөлісіп отырдық.
Бұл бағдарламаның бір ерекшелігі ретінде мен барлық пәндердің өзара ұштастығын айтар едім. Ағылшын тілінде өтіліп жатқан тақырып математикада да, сауат ашуда да қамтылып отырады. Бұл жерде оқушы тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым секілді төрт дағдыны қалыптастыра отырып, оқуларын жалғастырады. Бұл төрт дағды шиыршық (спиральді) тәсілінде жыл бойы қайталанып отырады. Ал критериалды бағалау екі түрде жүргізіледі: қалыптастырушы және жиынтық бағалау. Қалыптастырушы бағалауды оқу жылы көлемінде оқушы мен мұғалімнің арасында жүріп отыратын кері байланыс деуге де болады. Кері байланысқа үйренген оқушы сын тұрғысынан ойлауды үйренеді. Егер бала сын тұрғысынан ойлауды үйренсе, ол бәсекеге қабілетті жеке тұлға болып қалыптасады. Кейде мінездеріне байланысты тасада қалып қоятын оқушылар болады. Бұл бағдарлама бойынша білім алған оқушылардың барлығы топтық, жұптық, жеке жұмыс істейді. Әрбір оқушы өзінің пікірін айтуға үйренеді. Досын, тобын, өзін-өзі бағалайды. Ешқандай оқушы тасада қалмайды. Одан кейін сабақтағы оқушыларымызға берілетін еркіндік. Бастапқыда ата-аналарға бұл ерсі көрінетін. Кейін бәрі жайлап орнына келді. Мысалы, бұрын дүниетану пәнінде мынау саз, құм, су деп түсіндірсек, қазір оқушы оны қолымен ұстап көреді, тәжірибе жасайды. Негізі, көзбен көріп, қолмен ұстап меңгерген білім оқушының есінде жақсы сақталатынына менің көзім анық жетті. Осы бір жылдық тәжірибемді қарасам, негізі, бағдарлама өте қызықты. Өзгеріс бар, ата-аналар да өзгеріп келе жатыр.
Алғашында ата-аналар бала үйіне келгенде «бүгін неше алдың? деп сұрайды екен. «Жоқ, бізде мұғалім баға қоймайды. Бізде қазір қалыптастырушы бағалау. Біз бір-бірімізді бағалаймыз, біз ойымызды айтамыз» деп оқушыларым қазір ата аналарын да үйретті. Бұл жерде баға емес, білімді құндылық деп қабылдау маңызды.
Әрине, бәрі бір күнде бола қоймайды ғой. Бірақ біртіндеп кезең-кезеңмен өзгеріп келе жатырмыз. Бағдарламаның мақсаты дұрыс деп ойлаймын. Бұрынғы түлектермен салыстырсам, мына оқушыларым көш ілгері. Өз пікірін еркін айтады, сөйлеу дағдылары да жетіліп келеді. Өзін салыстырып, деңгейін бағалайды.

Гүлназ Ибраева, Ұлан ауданының Сейфуллин атындағы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, курс тыңдаушысы: – Жаңартылған білім беру мазмұны бойынша курс өте маңызды екеніне күмән жоқ. Курс барысында ықшамсабақтың жоспарын жасауда қолдауды көп қажет ететін, қолдауды аз және мүлдем қажет етпейтін оқушыларға тапсырмаларды саралап беру барынша маңызды екеніне мән беру керектігін түсіндім. Әріптестерім мен тренердің қолдауы арқылы мен белсенді әдіс-тәсіл түрлерін тиімді қолдану жолдарын игердім. Болашақта курстан үйренген әдіс-тәсілдерді сабағымда пайдаланамын.
– Дөңгелек үстелге қатысқандарыңызға рақмет! Сіздерге шығармашылық табыс тілейміз.
Әзірлеген – Мейрамтай Иманғали