Оқиғалар

Мал ұрлығы жұрт мазасын алып тұр

Облыстық ішкі істер департаментінде өңіріміздегі мал ұрлығының азаймай тұрғандығы, осыған байланысты жергілікті әкімдіктер мен полиция бөлімдерінде қандай алдын алу шараларының жүргізіліп жатқандығы жайында жиын өтті.

Мал ұрлығы жұрт мазасын алып тұрОблыстық департаменттің криминалды полиция басқармасы қасақана жасалған қылмыстарды ашу бөлімінің бастығы, полиция майоры С.Федоров пен осы басқарманың жедел өкілі, капитан Ә.Талапбеков облыс аумағында орын алып отырған мал ұрлығына қатысты бірқатар жайттарды жайып салды.

Соңғы кездері, әсіресе, ауылды жерлерде жаппай етек алған мал ұрлығы тәртіп сақшыларын да қатты алаңдатып отырған көрінеді. Жыл басынан бері 196 мал ұрлығы тіркелген болса, соның бар болғаны 86-сы ғана ашылған. Бұл облысымызда өткен жылмен салыстырғанда ұрлық арқылы мал табушылар санының 49,6 пайызға өскендігін көрсетеді. Осыған байланысты аудан, ауыл әкімдерімен және жергілікті полиция қызметкерлерімен бірлесе отырып, аталмыш қылмыстың алдын алу мақсатында бірқатар шаралар ұйымдастырылып жатқан көрінеді.

– Жыл басынан бастап, осы уақытқа дейін тіркелген мал ұрлығының 50 пайызы – ауылды жерлердегі жеке меншіктің үлесіндегі, яғни, ешқандай бақташысыз, қараусыз өріске шығара салған малдар. Қазір ауылдық әкімдіктер мен жергілікті құқық қорғау саласының мамандары ауыл тұрғындарымен малды кезектесіп бағу мәселесін шешуді күн тәртібіне қойып отыр. Бұл мәселе шешімін тапқасын, «малдың әр басына қанша ақы төленуі тиіс және оны кімдер бағады?» деген сұрақтардың айналасында келіссөздер жүргізілетін болады. Мал ұрлығына байланысты жоғарыда келтірілген пайыздық көрсеткіштердің барлығын ұрлыққа жатқызуға да болмайды. Өйткені, қайсыбіреулердің малдары «ұрлап әкетті!» деп арыз түсіргеннен кейін, араға біраз уақыт салып, табылып та жатады. Сондықтан ұрлық пен жоғалып кетуді шатастырмау керек. Айталық, Ұлан ауданында мал қораларының есігін бекітпегендіктен шығып кеткен немесе өзенге ағып кеткен малдың өлексесі табылған жағдайлар да болған, – дейді криминалдық полиция басқармасының мамандары.

– Жекеменшік шаруа қожалықтарына келетін болсақ, онда да шешімін таппаған мәселелер шаш етектен, – дейді полицейлер. – Қайсыбір шаруа қожалықтары меншігіндегі малын көздерінен таса қылмай, күні-түні бағып-қағады. Ондай жерге ұрылардың да жолай қоймасы белгілі. Ал шаруа қожалықтарының бәрі олай етпейді ғой. Қайсы бір қожалық иелері ақша төлемес үшін малдарын үй-күйі жоқ қаңғыбастарға бақтырып қояды. Олар күнделікті ішіп-жемдері үшін ғана жүретіндіктен, ешқандай жауапкершілікті сезінбейді де, мал жоғалса мойындарына да алмайды. Кез келген уақытта табынды қараусыз қалдырып, беті ауған жаққа кетіп қалулары әбден мүмкін. Сондықтан, ірілі-ұсақты меншік иелері барлық жауапкершілікті құқық қорғаушыларға артып қоймай, ұрлықты тыюдың, оны құрықтаудың жолдарын бірге қарастырса, құба-құп болар еді.

Серік Құсанбаев

Осы айдарда

Back to top button