Экономика

Маңызды он бір меморандумға қол қойылды

Маңызды он бір меморандумға қол қойылды

Өскемендегі «Алтай» технопаркінде өткен «Әріптестік қарым-қатынастарды нығайту» атты дөңгелек үстел барысында «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ мен аймағымыздың кәсіпорындары арасында жалпы құны 50 млрд. теңгені құрайтын 11 меморандумға қол қойылды. Бұл жиынға облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ, «Бәйтерек» холдингінің басқарма төрағасы Қуандық Бишімбаев және Парламент Сенатының депутаты Сергей Плотников қатысты.
Аталған меморандумдардың ішіндегі ең маңыздысы деп «Бәйтерек» холдингі мен облыстық әкімдік арасындағы келісімшартты айтуға болады. Аталмыш құжатта аймағымызда шағын және орта бизнесті, инновациялық бағыттағы ғылыми ізденістерді, сондай-ақ, үдемелі-индустриялық даму бағдарламасы аясындағы жобаларды қолдау әрі дамыту және де тұрғын үй құрылысын қаржыландыру сияқты маңызды мәселелер қамтылған.
Меморандумға қосымша ретінде «Бәйтерек» холдингіне ұсынылатын инвестициялық жобалардың тізімі де келтіріліпті. Енді бұл жобаларды қаржыландыру мемлекеттік бағдарлама аясында жүргізілуі мүмкін. Олардың жалпы сомасы 383 млрд. теңгені құрамақ.
Осы және өзге де әріптестік жөніндегі мәселелер хақында дөңгелек үстел отырысына қатысқан «Бәйтерек» ұлттық холдингінің басшысы Қуандық Бишімбаев мәлім етті. Ол инновациялық даму қарқыны жағынан облысымыз республика бойынша төртінші орында келетінін айтты.
– Қазір сіздердің облыстарыңыздың алдында Астана және Алматы қалалары мен Қарағанды облысы ғана келеді. Алайда, жақын арада жағдай өзгеруі ықтимал. Неге десеңіз, соңғы жылдары Шығыс Қазақстан облысының экономикасы өте қарқынды, әрі ең бастысы, тұрақты дамып келеді. Мұнда өзге өңірлерге қарағанда өңдеу өнеркәсібінің үлесі айтарлықтай зор. Жалпы алғанда, облыстың инновациялық әлеуеті жоғары. Біздің холдинг құрамына кіретін институттардың жұмысы ҮИИД мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылуына негізделген. Ал олардың тұтынушыларының басым бөлігі осы өңірде, Шығыс Қазақстанда орналасқан. Сол себепті де сіздердің облыстарыңызға деген қызығушылығымыз ерекше жоғары. Бір кездесу барасында құны 50 млрд. теңгені құрайтын осыншама меморандумға қол қойылудың өзі осыны айғақтаса керек, – деді өз сөзінде Қ.Бишімбаев.
Жоғарыда айтылғандай жиын барысында «Бәйтерек» холдингі және оның еншілес мекемелері мен жергілікті кәсіпорындар басшылары бірқатар мемлекеттік бағдарламаларды және Елбасының халыққа Жолдауында белгіленген тапсырмаларын орындауға бағытталған оннан аса келісімге қол қойды.
Атап айтар болсақ, ұлттық холдинг басшылығы «Азия Авто Қазақстан» АҚ-мен әріптестік туралы меморандум жасасты. Бұл құжат Өскемен қаласында жобалық қуаттылығы жылына 120 мың көлікті құрайтын толық циклді автозауыт пен қосалқы бөлшектер шығаратын технопарк құру жөніндегі инвестициялық жобаны жүзеге асыруға негіз болмақ.
Сондай-ақ, «Бәйтерек» холдингінің еншілес мекемесі «Қазақстан Даму банкі» мен «Өскемен титан-магний комбинаты» арасында кәсіпорынның инвестициялық жобалары мен экспорттық операцияларын қаржыландыру туралы келісімге қол қойылды.
– Титан құймаларының Қазақстан аумағында шығарылуы шикізат өндіруден қосымша құны жоғары дайын өнім өндірісіне дейінгі толыққанды технологиялық циклді қалыптастырып қана қоймай, еліміздің бұл саладағы бәсекеге қабілеттілігін айтарлықтай арттырады. Сонымен қатар, қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Бұл өнім энергетика, аэроғарыш, қорғаныс және басқа да өнеркәсіп салаларында үлкен сұранысқа ие, – деп атап көрсетті «Қазақстан Даму банкі» басқарма төрағасының міндетін атқарушы Асқар Достияров.
«Бәйтерек» холдингінің тағы бір еншілес мекемесі «Қазақстан инвестициялық қоры» АҚ Семей тері өңдеу комбинатын қайта құру туралы меморандумға қол қойды. Жалпы, жасалған меморандумдарға қысқаша тоқталар болсақ, олардың арасында «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры» Айтас МП» және «Центр-С» ЖШС-лерімен субсидиялау туралы келісімге, Шемонайха ұн тарту комбинатымен кепілдік келісімге қол қойды. Инновация және ғылым саласын дамыту бойынша «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» пен Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ арасында меморандумға қол қойылып, «Алтай» технопаркі жұмысының тиімділігін арттыруға бағытталған жол картасы бекітілді.
Осы «Алтай» технопаркіне байланысты облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ бекітілген жол картасы қағаз жүзінде қалып қоймай, тез арада жүзеге асырыла бастауы қажет екенін атап көрсетті.
«Бәйтерек» холдингінің еншілес мекемелері – «Қазақстан тұғын үй жинақ банкі» мен «Қазақстан ипотекалық компаниясы» облыс әкімдігімен «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасын жүзеге асыруға бағытталған бес келісімге қол қойды. Осыған байланысты біраз уақыт бұрын аймақ басшысы мен холдинг өкілдері Белоусовка кентінде бір топ жас отбасыға пәтер кілттерін табыс еткенін айта кеткен жөн. 35 пәтерлік бұл тұрғын үй «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы шеңберінде салынған-ды. 1990 жылдан бері тұралап тұрған аталмыш құрылыс 2012 жылы қайтадан қолға алынған болатын. Пәтерлер «Қазақстан тұрғын үй жинақ банкі» арқылы жас отбасыларға жалға берілген екен. Бір шаршы метрінің құны – 79 679 теңге.
– Қазіргі таңда біздің аймаққа тиесілі ұсынылған 52 жобаның 37-сі жүзеге асырылды. Жалпы, еліміздегі инновациялық өнімнің төрттен бірі Шығыс Қазақстанның кәсіпорындарында өндіріледі. Ұлттық холдингпен әріптестік байланыс осы үлестің мөлшерін ұлғайтып қана қоймай, облысымыздың ғана емес, тұтас еліміздің экономикасын өрлетуге септігін тигізеді. «Даму» қорының қолдауы арқылы аймағымыздағы шағын және орта бизнес қызметкерлерінің саны артып, жұмыспен қамтылған облыс халқының 31 пайызын құрап отыр. Сіздерге осынау бағыттар бойынша жасап жатқан жұмыстарыңыз үшін алғыс айтқым келеді, – деген облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ жақын арада өңірімізде инновациялық орталық жұмысын бастайтынын жеткізді. Сонымен қатар, аймақ басшысы алдағы уақытта барлық аудан орталықтарында кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтары ашылып, облыс орталығында шағын ЭКСПО көрмесі өтетінін жеткізді. Сондай-ақ, облыс Әкімі «Бәйтерек» холдингі мен «Ертіс» ӘКК-нің тікелей араласуымен Ертіс химия-металлургия зауытын қалпына келтіру жұмыстары да қолға алынатынын хабарлады.
Аса нәтижелі өткен басқосудан кейін аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ пен ұлттық холдинг делегациясы Өскеменнің 19-ыншы ықшам ауданындағы тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстарымен танысты. Естеріңізге сала кетейік, аталмыш үйлер «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы бойынша салынуда.
Бұдан кейін Астанадан келген қонақтар Өскемендегі кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының ашылуына қатысты. Аталмыш орталықта шағын және орта бизнес өкілдеріне «бір терезе» қағидасы бойынша қызмет көрсетілмек. Мекеме директоры Р.Ақтаевтың айтуынша, орталыққа келушілер электрондық үкімет порталы бойынша маман кеңесін алатын болады.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button