Қоғам

Майемердің этимологиясы

Елу жылдық торқалы тойына бір жыл қалғанда қазақтың талантты жазушысы, жерлесіміз Оралхан Бөкеев Индияда жүргенде 49 жасында кенеттен қайтыс болып, тойы өтпей  қалғанын білерсіздер.

Келер жылы Катонқарағай ауданы атақты жерлестерінің 50 жылдық торқалы тойын кең көлемде атап өтпек боп Алматыдан бір топ жазушыларға шақырту жіберіпті. Пойызбен әбігерге түсіп жүрмеу үшін Шерхан Мұртаза бастаған 7-8 адам үш машинамен жолға шыққан екен. Алакөлде бір күн қонып, Катонқарағайға бесін кезінде жетіпті.

Аудан әкімі бастаған бір топ той иелері қонақтарын шекарадан күтіп алып, сол жердегі үлкен алаңқайға жайылған мол дастарханға шақырды.

Алматының түтін басқан ауасынан келген жазушыларға саф алтындай таза ауа, шөккен түйе көрінбейтін тұна өскен қалың шөп, екі бүйірдегі тау сілемдерін тұтастай көмкерген қарағайлар бейне бір жер бетіндегі жұмақтай көрініп, табиғатты тамашалау үшін бәрі жан-жаққа бытырап кетеді.

– Қайран қазақтың жері-ай! Неткен ғажап! Неткен сұлулық! – деп жазушы Ақселеу Сейдімбеков жарықтық таңдай қағып, тамсанып тұрады.

– Шіркін, біздің жері жидіп тұрған Монтайтастың малдарын осы жерге бес күн жайып алар ма еді, – дейді Дулат Исабеков  тамылжыған табиғатқа қызыға қарап. – Мынадай шүйгін шөпті көріп тұрып адамның өзі де мал боп кеткісі келеді екен!

– Паһ, паһ, қандай ғажап! – деп Ақселеу жан-жағынан көз алмай әлі таңданып тұрады. Сәлден соң әріректе шөмеле үйіп жүрген бір жігіттен:

– Әй, жігіт! Мына жерді не деп атайды? – деп сұрайды дауыстап.

– Маямер! Маямер деп атайды, –  дейді ол айырын келесі дестеге қадап жатып.

– Май емер? Ой, айналайын ата-бабам-ай, қалай тауып қойған! Май емер десе, май емер жер ғой мынау!

– Қой, Ақа! Қазақ май емер деп айтпайды, түгін тартса майы шығатын жер демей ме, – дейді қасындағы  Дулат Исабеков.

– Ой, Дулат, осы сен еш нәрсеге таңғалмайсың. Скептиксің! – деп ол әзіл-шыны аралас Дулатты біраз жерге апарып тастайды.

Ақселеу әлгі жерде дереу қойын дәптерін шығарып, «май емер» деген сөздің мәні мен этимологиясын жазып жатады…

Сөйтіп, үш күнге созылған той да өтіп, үш машинамен тізіліп Алматыға қайта бастайды.

Той иелері дәл баяғы алаңқайға қоштасу дастарханын жайып қойыпты. Дастарханға отырмай тұрып өздерін шығарып салып жүрген жігіттердің бірінен:

– Маямер деген сөз қайдан шыққан? Оның мәні не? – деп сұрайды Дулат Исабеков.

– Оның ешқандай терең сыры жоқ, – деп жауап береді ол жігіт шаруақор адамның даусымен. – Біз жаз бойы шапқан шөпті осы алаңқайға әкеп мая жасаймыз да, тиісті адамдар кеп оны өлшеп кетеді. «Маяны мерить ету» деген қазақ пен орыс сөзінің қосындысынан  пайда болған ғой. Сонда Дулат Исабеков қасында тұрған Ақселеуге қарап:

– Аха, ешқандай да ата-бабаң қоймаған атау екен. Кейінгі лингвистердің басын қатырмау үшін өшіріп таста анау блокнотыңдағы жазуды, – деген екен.

Осы айдарда

Back to top button