Математика сабағындағы «Мәңгілік Ел»

Қазір білім беру саласының алдында үлкен міндет тұр. Ол – жаңартылған білім мазмұнына көшу. Аталмыш бағдарламаның қазақстандық патриотизмді қалыптастырып, «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын орнықтыруда орны ерекше.
Бағдарлама ұлттық құндылықтарзға тұнып тұр. «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясының жеті құндылығы арқылы жүргізілген кез келген сабақ немесе сабақтан тыс іс-шара оқушылардың бойында ұлтына, тіліне, дініне және Отанына деген патриоттық сезімді ұялататыны сөзсіз. Осы орайда «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясының білім беру мазмұны арқылы жүзеге асырылуы өте тиімді болмақ. Идеяны іске асыру тек мектептен ғана емес, балабақшадан, отбасынан да басталуы шарт.
Математика сабақтарында «Мәңгілік Ел» құндылықтарын қолдануға болады. Кез келген математик мұғалім сабағында қолданатын тапсырмаларын құндылықтар негізінде құрастыра алады. Математиканы оқытуда құндылық тағылымдарын пайдаланып өткізілетін сабақтар оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттырып, белсенділігін күшейтеді, материалды толық меңгеруге септігін тигізеді. Сонымен бірге оқушы ойын дамытып, өз пікірін айтуға үйренеді.
Жалпы орта мектеп бағдарламасындағы ең күрделі пәннің бірі – математика. Оқушылардың бұл пәнге қызығушылығын арттыру, ойлау деңгейін, есепке қабілетін шыңдау – ұстаздың басты міндеті. Математика пәнінде нақты мысалдар арқылы түсіндірілетін сабақ оқушы білімін үнемі толықтырып отырады. Біріншіден, тәрбие беру ұтымды әрі ұтқыр түрде жүргізіледі. Екіншіден, сабақтың мазмұны байып, құндылығы артады.
Еліміз үшін ең басты құндылықтардың бірі – Қазақстанның тәуелсіздігі мен Астана. Геометрия тақырыптарын қарастырғанда осы құндылықты қолдануға болады. Мысалы: «Астана – Қазақстанның елордасы». Көрікті Астанамыздың әрбір ғимаратына көңіл бөліп қарасақ, оларды салу барысында қандай геометриялық фигуралар пайдаланғанын байқаймыз.
«Астана-Бәйтерек» монументінің биіктігі 97 метр, ал шарды қоса алғанда 105 метрге тең. Төменгі деңгейінде аквариум орналасқан, оның табаны шеңберлерден жасалған.
«Бейбітшілік және Келісім сарайы» 2006 жылы салынды. Бұл пирамиданың табаны-қабырғасының ұзындығы 62 метр болатын шаршы. Пирамиданың биіктігі 62 метр.
«Халықтар достығы монументінің» биіктігі 8 метр 3 қола мүсіннен жасалған, бұл би үстінде шеңбер жасап айқасқан құшақ адамдардың мәңгі достығын бейнелейді. Осылай Астана қаласындағы ғимараттарды мысалға келтіре отырып, оқушыларға көптеген мәліметтер беріп, геометрияға деген қызығушылығын оятуға болады.
Демек, өсіп келе жатқан ұрпақты патриоттық сезімі бар, оларды ұлттық рухы жоғары зияткер тұлға етіп тәрбиелеу үшін, саналы да, сапалы білім нәрімен сусындату өте маңызды. Ал ол үшін мұғалім қоғамда болып жатқан өзгерістерді тез қабылдап, жаңашылдыққа жылдам қадам баса алу керек. Өзін мұғалім санайтын тұлға оқушыға жүрегіндегі жылуымен қатар, білімі мен тәрбиесін беруі тиіс. Тек өзінің пәні бойынша ғана білім ұсынбай, сол арқылы «Мәңгілік Ел» идеясының құндылықтары негізінде саналы ұрпақ өсіріп, тәрбиелеуі керек. Идеяның астары осында жатыр. Сондықтан да, өз әріптестерімді еліміздің болашағын сапалы оқытып, идеялы зияткер азамат тәрбиелеуге шақырамын.
Гүлнара Апселемова,
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы ШҚО бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының аға оқытушысы