Математика пәнінен біліктіліктері айқындалды
Семей мемлекеттік педагогикалық институтының математика және математиканы оқыту әдістемесі кафедрасының ұйымдастыруымен пән мұғалімдерінің осы кафедраның профессоры Қажи Нұрсұлтанов жүлдесіне арналған байқауы өтті.
Оған облыстың әр өңіріндегі мектептердің 116 мұғалімі қатысты. Іс-шараның салтанатты ашылуынан кейін мұғалімдер математика пәні бойынша 50 сұрақтан тұратын тест тапсырмаларына жауап беріп, одан соң Шәкерім атындағы үш тілде оқытатын мамандандырылған мектепте «Математиканы көп тілде оқытудың мәселелері мен перспективалары» атты ғылыми-әдістемелік семинарға қатысты.
– Байқаудың бірінші кезеңінде жоғары ұпай жинаған 15 мұғалім екінші күні ақпараттық технологияны пайдалана отырып, ашық сабақтар өткізді. Бұл кезеңнің қорытындысын шығаруда студенттердің оларға берген формативтік бағалаулары ескерілді, – дейді аталмыш кафедраның аға оқытушысы Шұға Сағитова.
Сондай-ақ, байқау барысында институт кітапханасының ұйымдастыруымен профессор Қажи Нұрсұлтанов еңбектерінің көрмесі ұйымдастырылып, профессор атындағы математиканы оқыту әдістемесі кабинетінің ашылу салтанаты болды және келген қонақтарға ғалымның соңғы шыққан «Ғибратты ғұмырнамалықтар» атты еңбегі тарту етілді.
Екі күндік байқау соңында бірінші орын Жасұлан мектебінен келген Динар Ордаеваға, екінші орын экономикалық лицейдің мұғалімі Ирина Воробьева мен №37 орта мектептің өкілі Бақыт Қатрановаға, 3-ші орын НАЗАРБАЕВ интеллектуалдық мектебінің мұғалімі Ринат Жұмабаев пен №20 орта мектеп өкілі Валентина Гусеваға және Абай ауданындағы Абай орта мектебінің мұғалімі Айман Асылаеваға берілді. Ал Шәкерім атындағы мектеп арнайы тағайындаған ақшалай сыйлық пен «Ұшқыр ойлы ұстаз» жүлдесі №34 орта мектептің мұғалімі Сайра Масақбаеваға бұйырды.
Алдағы уақытта осы бір салаға маманданатын студенттермен қатар, мектептің математика пәнінің мұғалімдері үшін де маңызы зор мұндай байқауды жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіп отыру жоспарланып отыр.