Өнегелі өмір

Матабайдағы алтаудың бірі

Аспанмен астасқан Алтай тауларының құшағында, көркі көз тартқан Марқакөлдің жағасында бір адам өмір сүріп жатыр. Ол осы өлкеге бала күнінен ғашық еді. Кезінде бұл жерге жаяулап жетіп, саф ауасымен тыныстап, мөлдір суына шомылған бозбала есейгенде туған өлкесін қорғауды өмірлік міндетіне айналдырды. Бұл – Николай Краснопеевтің хикаясы. Ол үшін табиғат – жай ғана қоршаған орта емес, тағдыры, өмірінің мәні. Өз қызметін жұмысым деп емес, жүрек қалауым деп түсінді. Жылдар жылжып, заман өзгерсе де, Матабай ауылының шырағын сөндірмей жүр. Алпыс беске таяған шағында да күнделікті міндетін адал атқарып, табиғатқа берген сертінен айныған емес. 

Аққұмнан Матабайға жаяу жететін

Сонау жетпісінші жылдары Марқакөл өңірінің таулы асуларында жүгіріп бара жатқан баланы көріп, таңданған жандар көп болатын. Жазғы каникул басталысымен-ақ, Николаевка ауылының оқушысы Николай салқын самал жел соққан, шыңдарын қар басқан Алтайдың биік тауларына асығатын. Ол сапарын Аққұмнан бастап, Қойтас арқылы Азутау мен Матабай жоталарына қарай өрлейтін. Бұл «марафонның» мәресі – мөлдіреген Марқакөл. Осы ғажайып сұлулыққа жету үшін елу шақырымдай жолды еңсеруі қажет. Бір көктемгі каникулында ол бұл жолды шаңғымен үш күнде жүріп өткен болатын.

Оны Марқакөлге тартқан құштарлық – балалық романтика ма, әлде дәмді құймағымен қарсы алатын әжесіне деген сағыныш болды ма? Кім білсін… Әйтеуір, Марқакөлдің жағасындағы Матабай ауылында оны әрдайым апасы Елена Гавриловна сарыла күтіп отыратын. Немересінің келуі оны қуанышқа бөлейтін. Бірақ әжесі немересін кезекті жаяу саяхаты үшін ұрысып та үлгермеуші еді, Коля салқын суға түсу үшін көл жаққа жүгіріп кететін.

Жылдар өтсе де, Матабайға жетсем деген ынтызарлық сезімі бала Николайды да, есейген Николайды да тастап кеткен емес. Мектепті аяқтап, Қиыр Шығыста әскери борышын өтеді. Шетте жүргенде Қазақстанын сағынып, туған өлкесінің табиғатына деген бойындағы махаббаты күшейе берді.

1980 жылдың күзінде Николай әскерден оралып, Марқакөл қорығына электрші болып жұмысқа орналасты. Бұл қорық небәрі төрт жыл бұрын құрылған еді, табиғатқа қызмет етемін деген жан үшін бұл керемет мүмкіндік болатын. Арада бір жыл өтпей жатып, оған Матабай учаскесіне егерь, яғни қорықшы болу ұсынылды. Ол қуана келісті.

1981 жылдың көктемінде әрдайым ұмтылып жүрген жеріне біржола қоныстанды. Туған өлкесінде өмір сүріп, Марқакөлге қызмет ету жас қорықшы Николай Краснопеевтің саналы таңдауы болды.

Сол 80-ші жылдары жырақтағы Матабайда тұрғындар азайып, болашағы жоқ ауыл ретінде таныла бастаған. Бірақ Николай дәл осы жерде өмір сүріп, еңбек етуге бел байлайды.

Браконьерлермен күрес қатерге толы

Қорық ісіне өміріңді арнау – жай ғана табиғатты сүю емес. Қорық инспекторының міндеті – заңның сақталуын қамтамасыз ету. Мұндай қызметке ерекше дайындық қажет. Орманды күзетіп, онда мекен еткен аңдарды қорғау оңай іс емес. Қорық режимін бұзушылармен кейде тіпті қарулы қақтығыстар да болуы мүмкін.

Әсіресе, балықтар уылдырық шашатын кезеңде браконьерлермен күрес қиындай түседі, кейде бұл қауіпті жағдайларға да әкеп соқтыруы ықтимал. Мұндай сәттерге әрдайым дайын болу керек.

1982 жылдың көктемі. Радиобайланыс арқылы шұғыл хабар келіп түсті: Қалжыр мен Поперечка өзендері бойында браконьерлер жүр. Жедел әрекет ету қажет! Атты ерттеп, дереу жолға шықты. Жылдам қимылдың арқасында браконьерлер Харизовка өзенінде ұсталып, хаттама толтырылды. Оларды тексеріп, уылдырық шашу аймағынан шығару біраз уақытты алды. Қараңғы батқан кез. Қайтар жолда алдарынан қорбаңдаған үлкен аюдың шыға келмесі бар ма. Үріккен ат шегіншектеп, арбасымен бірге түпсіз сайға құлайды, Қалжырдың ағыны оны жұтып әкеткендей болды. Абырой болғанда аю да қорқып, тауға қашқан. Енді атты құтқару керек. Ызғарлы, сарқырап аққан өзеннің арғы бетіне өтіп, төмен түсіп, ұзақ іздеген соң, ақыры атты тауып, арбадан босатып, жолға алып шықты… Міне, осындай оқыс оқиғалар қырық жылдың ішінде аз болмады.

90-шы жылдардың тоқырауында Марқакөлдің балығы жергілікті жұрт үшін жалғыз күнкөріс көзіне айналды. Матабайда тұрғындар көбейе бастады. 1999 жылы мұнда 21 адам тұрса, он жылдан кейін 57-ге жетті. Бірақ уақыт өте келе, көбі ауылдың шалғайлығы мен жолдың ауырлығына шыдамай, көшіп кетті. 2017 жылы ресми түрде жабылған бұл ауылда бүгінде алты-ақ адам қалған. Соның бірі – Николай.

Балалық шағында бұл жерге жаяу келетін, есейгенде осында келіп тұрақтады. Арада 43 жыл өтті, уақыттың өзі оның жан-тәнімен Марқакөлге берілген адам екенін дәлелдеді ғой.

Қорықшы дегеніміз – зерттеуші

Марқакөл қорығындағы мемлекеттік инспектордың міндеті не?

– Ең бастысы – қорықты қорғау, аумағын тұрақты түрде патрульдеу. Кей учаскелерді жаяу жүріп тексеру қажет, кей жерлерге атпен жетеді, ал кейбір бағыттарда моторлы қайықпен қозғалады. Кез келген сәтте біреу аңдаусыз қорық аумағына кіріп кетуі немесе әдейі заңсыз аң аулауы мүмкін. Орманда от жағуға, ағаш кесуге, дәрілік өсімдіктерді жұлуға қатаң тыйым салынған.

Сонымен қатар инспектор патруль кезінде ғылыми мониторингпен де айналысады. Ол ауа райының өзгерістерін, ағаштар мен өсімдіктердің маусымдық құбылыстарын бақылап, тіркейді. Жеміс-жидектердің өнімділігі туралы мәлімет жинайды.

Жануарлар әлеміндегі маусымдық құбылыстарды бақылайды: балықтардың уылдырық шашуын, жануарлар мен құстардың миграциясын, өзгерістерін зерттейді. Инспектор бұл деректердің барлығын күнделікке тиянақты түрде жазып отырады.

Марқакөл мемлекеттік табиғи қорығының инспекторы Николай Краснопеев 43 жылдық қызметінде табиғатты қорғау ісіне сүбелі үлес қосты. Жауапкершілік пен кәсібилік – оның бойына тән қасиеттер. Жүктелген міндеттердің бәрін уақтылы әрі адал атқаруға тырысады, – дейді Марқакөл мемлекеттік табиғи қорығының экоағарту инженері Ғабдул Мауытқан.

2018 жылы орман байлығын қорғаудағы мінсіз қызметі үшін Марқакөл қорығының мемлекеттік инспекторы Николай Краснопеев екінші дәрежелі төсбелгімен марапатталды. Ал 2019 жылы қорық директоры Тимур Әйкенев уылдырық шашу маусымында көрсеткен жауапкершілігі үшін алғыс хат табыстады. 2021 жылы ұжымының ұсынысымен «Еңбек сіңірген қорықшы» атағы берілді.

Алпысқа келгенде биотехнолог атанды

Адам аяғы сирек басылатын, климаты қатал өңірде өмір сүрудің өзі оңай емес… Қажет жағдайда ең жақын елді мекенге дейінгі қырық шақырымды еңсерудің өзі – машақат. Көлдің арғы жағындағы ауылдың жарығы өркениеттің алыс еместігін аңғартады. Десе де, заманауи технологиялар шалғайдағы Матабайға да жетті. Электр қозғалтқышы, күн батареялары, радиобайланыс, ұялы телефон, спутниктік антенна мен теледидар – бәрі бар. Бұрын қыста ат шанамен жүрсе, қазіргі басты көлік – моторлы шана. Соның өзінде де боран, қалың қар, мұз қатқан жолдар бұл алыс мекенге жетуді қиындатып жібереді.

– Өмірде түрлі жағдайлар болады. Сондай сәттерде сенімді көршіңнің болғаны қандай жақсы. Кейде бірнеше күнге жолға шығып, үйің мен малыңды көршіңе тапсырасың. Дәл сондай жағдай оған да тууы мүмкін, сол кезде сен де көмекке баруға тиіссің, – дейді Николай.

Оның жұбайы Галина Ершова Марқакөл жағасында туған, сондықтан бұл жердің бар қиындығымен етене таныс. Ерлі-зайыптылар алты баланы қанаттандырды, бүгінде немерелерінің қызығын көріп отыр. Балалары бастауыш білімді Ұранқай ауылында алған, бүгінде қалада тұрады. Немерелері каникул сайын ата-әжелерінің ауылына асығады.

Оқы, оқы және оқы. Бұл – Николай Краснопеевтің өмірлік ұстанымы. 57 жасында ол Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетін сырттай аяқтап, биотехнолог мамандығын меңгеріп алған.

Қиырдағы тұрмыстың қиындығына қарамастан Краснопеевтер өмірлік жоспарын толық жүзеге асыра алды. Табиғатты қорғауға бар күштерін арнап, балаларын аяққа тұрғызды. Бұл алыс мекен – олардың туған үйі.

Жай ғана қорықшының емес, туған жерін шексіз сүйген бір адамның қысқаша өмір тарихы – осындай.

Ержан Әбіш

 

Осы айдарда

Back to top button