Марапат

«Маска» сыйлығы табыс етілді

Мейрамтай Иманғали

 27 наурыз  Халықаралық театр күні, яғни театр қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Осынау мерекені Шығыс Қазақстан облыстық драма театрының ұжымы өз деңгейінде атап өтті.

 Жаның жабырқап, көңілің күңгірт тартқанда театрға барған абзал. Өйткені театр дегеніңіз таза бұлақ сынды. Миыңды бөтен ойдан тазалап, қатайған жүрегіңді жұмсартады. Тынысыңды кеңейтіп, санаңа сәуле себеді.  Театр – тәрбие мектебі, театр – тағылым ордасы. Ендеше, 27 наурыз сахна саңлақтарының ғана кәсіби мерекесі емес, бұл өнерсүйер қауымның да тойы екені сөзсіз.

Шынында да, халықаралық театр күніне арналған шарада театр қызметкерлерінің төбесі көкке жеткендей болды. «Балапанды күзде санайтын» болса, театр қызметкерлері керісінше өздерінің бір жылғы еңбегінің нәтижесін көктемде, дәл осы Халықаралық театр күні мерекесінде көреді. Мықтылар дәстүрлі «Маска» сыйлығына ие болады. Ал қандай да бір марапат өнер адамының мерейін көтереді.

Облыстық драма театрының директоры Руслан Қайырсыновтың айтуынша, биылғы маусым театр ұжымы үшін жемісті болыпты. Театр труппалары республикалық деңгейдегі бірқатар фестивальға қатысып, біраз өңірді гастрольдік сапармен аралаған көрінеді. Әрине, алдағы жоспарлар да ауқымды. «Ауызбіршілік болса, ол белестерді де бағындырып, асуларды да аламыз», – деді театр директоры өзінің құттықтау сөзінде.

– Жалпы, өнердің түрі көп. Музыка өнері, сөз өнері, би өнері бар дегендей. Соның ішінде театр өнері – қоғамға үлкен өзгеріс әкелген өнер. Театр – әлемді дүр сілкіндірген өнер. Сондықтан да театр әртістері, жалпы, өнер иелерінің барлығы қоғамға, қоғамның дұрыс болуына, адамдардың бақытты, саналы ғұмыр кешуіне үлкен жол ашады. Сіздердің өнеріңіз көрерменге ой салып, оларды жақсы жолға түсіреді. Сондықтан да сіздерді біз әрқашан да пір тұтамыз, – деді «ҚР мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы Түсіпхан Түсіпбеков.

Айтуынша, биыл республикалық кәсіподақтар федерациясының әлеуметтік әріптестер форумында Шығыс Қазақстан облыстық драма театры мәдениет саласы мекемелерінің арасында өз қызметкерлері алдындағы әлеуметтік міндеттемелерді орындау бойынша елімізде үздік деп танылып, «Үздік ұжымдық шарты-2022» және «Үздік әлеуметтік серіктес» аталымдарын жеңіп алыпты.

Сахнаға көтерілген облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Самат Қасенов та театр қызметкерлеріне жылы лебізін білдіріп, халықаралық театр күніне арналған «Маска» сыйлығын табыс етті.

Сонымен биылғы «Маска» сыйлығының жеңімпаздары кімдер?

«Маска» сыйлығының «Театр өнерін дамытудағы еңбегі үшін» номинациясы қазақ театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі Шолпан Лақаеваға бұйырса, «Үздік шығармашылық қызметкер» номинациясына қазақ театрының қоюшы-режиссері Асыл Қозықанов лайық деп табылды.   «Маска» сыйлығының «Қазына» номинациясымен жастар театрының «Аты жоқ спектакль» қойылымындағы бас министрдің рөлі үшін Дінмұхаммед Ұябай марапатталды. Ал Аяулым Тұрысбекова осы қойылымдағы бас тігінші рөлі үшін «Екінші пландағы үздік әйел адам рөлі» аталымына, жастар театрының актері Жантай Тұрысбеков «А.Л.Ж.И.Р.» спектакліндегі Комаренконың рөлі үшін «Екінші пландағы үздік ер адам рөлі» аталымына ие болды. «Ең үздік ер адам рөлі» аталымы жастар театрының «Аты жоқ спектакль» комедиясындағы кароль ролі үшін Сырым Маратбек пен  қазақ театрының «№13» комедиясындағы Ричард Уиллдің рөлі үшін Қайрат Мұқышевқа берілді.

Ал жастар театрының актрисасы Ажар Амангелді «Кішкентай Бақаның үлкен оқиғасы» ертегісіндегі бақа рөлі үшін «Балалар қойылымындағы үздік образ» номинациясымен марапатталды.

– Әрбір рөлдің өзінің қиыншылығы бар. «№13» комедиясындағы Ричард Уиллдің рөлін сомдау маған оңай болды деп айта алмаймын. Бұл ағылшын драматургінің шығармасы болғандықтан,  қазақы дүниетанымға жат жерлері де бар. Рөлімнің қаншалықты сәтті не сәтсіз шыққанын көрермен ғана айта алады, – дейді  «Маска» сыйлығының «Ең үздік ер адам рөлі» аталымына ие болған актер Қайрат Мұқышев.

Ал  «Маска» сыйлығының ең елеулі номинациясы саналатын Рүстем Есдәулетов атындағы арнайы жүлде орыс театрының актрисасы Марина Соколоваға бұйырды.

 

 

Back to top button