Мұқашының форелі күзде сатыла бастайды
Форель еті ақ, қызыл, сарғылт түстес, адам ағзасына аса пайдалы, теңіздер мен өзен-көлдерде өсетін балық. Бұған дейін Шығыста форель шаруашылығымен бірде-бір мекеме шұғылданбаған.
Таяуда Зайсан ауданында іссапарда болған кезімізде балықтың осы аса қымбат түрін Қарабұлақ ауылының Мұқашы фермасында өсіре бастағанын, енді бірер айдан кейін ол сауда орындарына жөнелтілетінін естіп, бірден ат басын балық өсіріп жатқан азаматтарға қарай бұрдық.
Қаз-қатар тізілген бетон науаларда форель балығы бірін-бірі қуып асыр салып жүр. Үлкендігі 30 сантиметрге жететін форель енді екі айдан кейін сауда орындарына жөнелтіле бастамақ. Форель зауытының директоры Ернар Кәрібаев көп сөзге жоқ, тұйық азамат екен.
– Форельдің отаны – Польша. Алматының жанындағы Талғар ауылында Асхат деген азамат форель балығын бірнеше жылдан бері өсіріп, мейрамханалар мен дәмханалармен келісім-шартқа отырып, саудасын шалқытып отыр. Форельге сұраныс үлкен, себебі, балықтың бұл түрінде адам ағзасына аса пайдалы А,В,С элементтері өте көп. Форельді суға пісіріп немесе қуырып жеуге болады, дәмі тіл үйіреді. Бұдан бір жыл бұрын алматылық іскер азаматтардың қолдауымен Мұқашыда форель балығын өсіруді қолға алдық. Алматылық фирма қаржылай көмек жасады, еңбек етіп жатқан 8 азамат ай сайын 70-80 мың теңге көлемінде жалақы алуда. Оны алматылықтар төлеп жатыр. Форель Алматыдан әкелінген акважемді ғана жейді, өсіруге қолайлы, – деп Ернар ініміз осымен әңгіме бітті дегендей үнсіз қалды.
Жұмысшылардың бірі – Ербол Әбеновпен тілдестік. Ол қолындағы торға балықтарды толтырып алып бізге көрсетті. Сырты бірнеше түске енген форельдер ау ішінде секіріп, ойнақшып, айналасы жарты-бір минөт өткенде, өліп қалғандай сұлық түсті. Біздің тіксініп қалғанымызды аңғарған Ербол сасатын емес, бір балықтың басын шертіп қалып еді, ол қайтадан тіріле салды. Қалған балықтарды суға жібергені сол еді, олар да жанданып кетті. Табиғаттың бұл құбылысына таң қалдық.
– Қазір Зайсан қаласында жиырмадан астам мейрамхана мен дәмханалар бар. Кәсіпкерлікпен шұғылданатын азаматтардың форель балығына тапсырыс беретіні сөзсіз. Өскемен мен Семейден қазірдің өзінде тапсырыс түсе бастаған сыңайлы. Бақасу ауылының маңында бірнеше азамат сазан балығын жасанды көлде өсіріп жатыр. Ол да бірер айдан кейін саудаға түспек. Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында шағын және орта кәсіпкерлікке қолдау көрсету жөнінде нақты тапсырма берілген. Ауданда екі мыңға тарта адам кәсіпкерлікпен шұғылдануда. Оларға аудан әкімі Алмас Оңдақанов көмек көрсетуде, – дейді аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы З.Дүйсембаева.
Зайсанның форелі өңірдің басқа елді мекендерінде өсіріле бастаса, жаңадан ондаған адам жұмыспен қамтамасыз етілер еді деген ойда қалдық.
Ондасын Елубай
Зайсан ауданы.