Білім

Құмаш Нұрғалиев мектебі жүзге толды

Құмаш Нұрғалиев мектебі жүзге толды

Көзінің тірісінде аты аңыз болып таралған атақты ұстаз Құмаш Нұрғалиевті білмейтін адам кемде-кем біздің өңірде. Өңір деппін-ау, мұқым республикада. Ол кісінің мамандықтардың төрінен табылатын қастерлісі мұғалімдікпен өмірінің соңына дейін жан-тәнімен айналысуы талайларға сабақ болатын өнегелі таңдау, ғибратты іс. Осындай тұлға басшылық еткен Борандағы мектеп-гимназияға биыл бір ғасыр толды.
Күршім ауданының шекараның шетінде жатқан Боран ауылындағы әйгілі Құмаш Нұрғалиев атындағы мектеп-гимназия жақында ғана өзінің 100 жылдық мерейтойын атап өтті. Торқалы тойға облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар бастаған бір топ лауазымды тұлғалар, алыс-жақыннан ат терлеткен құрметті қонақтар, жергілікті жұртшылық молынан жиналды. Оның да себебі бар. Бұл қара шаңырақ өңірдегі анау-мынау мектептердің бірі емес, атағы облыстан асып елімізге жайылған ерекше білім ошағы. Кешегі кеңестік кезеңде ауыл былай тұрып қалалық оқу орындарынан табылмаған компьютерлік технологияңыз Боран мектебінде қолданысқа енгізілгенін бәрі біледі.
1988 жылы мамыр айында Құмаш Нұрғалиев ауруханада науқастанып жатқанына қарамастан шалғайдағы ауылына алғашқы «Ямаха» компьютер класын жеткізу мәселесін шешкен. Өкінішке қарай, бұл қуанышты сәтті көру бақыты ол кісінің пешенесіне жазылмапты. Сол кездегі ғажап технологиялар Боран мектебіне жеткізілген 1988 жылдың 30 тамызы күні атақты ұстаздың денесі жер қойнына тапсырылған еді. Алайда, білікті педагог өмірден өтсе де соңында өшпес өнеге, мол мұра қалдырды. Соның бірі көзі тірісінде құрып кеткен ауыл мектебінің бірегей авторлық үлгісі. Яғни, ғылымға, әлеуметтік ашықтыққа, кешенділікке, жүйелікке, икемділікке, адамгершілікке және басқа да ізгі қасиеттерге негізделген үлгі. Осындай өзіндік білім беру тәсілінің арқасында Боран мектебі талай сайыстарда топ жарды. Айталық, 1975 жылы КСРО Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы көрмесінде 2 орын алса, 1980 жылы ҚазКСР ауыл шаруашылығының қола медаліне қол жеткізген-ді. 1981 жылы «КСРО Халық мұғалімі» атағын алған Құмаш Нұрғалиұлының авторлық мектебі Қазақстан Республикасының ауыл мектептеріне арналған қашықтан оқыту жобасы бойынша ЮНЕСКО зерттеу институты мен ҰАО мәртебесіне ие болған. Айта берсек, бұдан басқа да толып жатқан жетістіктері көп.
Мінеки, осындай қомақты жетістіктерге қол жеткізген білім ошағы ғасыр тойын тойлап жатқанда тиянақ тауып отыру мүмкін бе? Әрине, мүмкін емес. Мерейтой иелерін құттықтауға қонақтардың ат сабылтуы сондықтан.
– Бүгінгі 100 жылдық мерейтоймен мектеп ұжымын шын жүректен құттықтаймын. Бұл мектеп өзіне тән білім беру үлгісімен ерекше. Соның арқасында зор жетістіктерге жетуде. Боран мектебінің үлгісін біз облыстағы басқа да білім беру мекемелеріне енгізсек ұтылмаймыз, – деген Жақсылық Омар облыс басшылығының атынан тойға арнап әкелген сый-сияпаттарын мектеп директоры Талант Нұрғалиевке (Құмашұлы) табыс етті.
Мерекелік шара барысында ауылдық клубта мектеп ұжымының ұйымдастырумен ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарының қатысуымен ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі, Қ.Нұрғалиев атындағы мектеп-гимназияны әр жылдары бітірген түлектердің шеруі, спорттық ойындар, 5 (жорға) және 15 шақырымдық ат бәйгесі және басқалары жиналған қонақтар мен жергілікті жұртшылыққа көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Ауылдағы «Жас-ай» тойханасында аудан әкімінің мерекелік дастарқаны жайылып, соңы мәдениет үйінің өнерпаздары қойған концерттік бағдарламаға ұласты.

Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button