Марқаның маңғаз тумасы
Осынау балуан тұлғалы, сабырлы да салиқалы азаматты Күршім, Марқа өңірлерінің ескікөздері жақсы біледі десек, бұл асырып айтылған сөз бола қоймайды. Ес білгелі еңбегімен топ жарып, қайда жүрсе де алдан көрініп келе жатқан бейнетқор жанның өмірдегі бақытын да, абырой-атағын да маңдай терімен тауып келе жатқанына ел-жұрты куә. Зейнетке шығып, жұмыстан босағаннан кейін көзге көп түспей, қоғамдық жұмыстардан тыс қала бастағаны болмаса, оның есімін таныстары әлі күнге дейін ілтипатпен атайды. Өйткені оған себеп те жеткілікті.
Хасен ЗӘКӘРИЯ, Күршім
Бүгінде Күршім ауылында тұрып жатқан Қуаныш Өтеулиновтің туып-өскен жері – бұрынғы Марқакөл ауданының Теріскей Бөкенбай ауылы. Кезінде алпыстан астам шаңырағы болған жері құтты, халқы берекелі бұл елді мекенде сегізжылдық мектеп жұмыс істеп, осы аймақтың қаншама буынына білім бергенін жұрт әлі ұмытқан жоқ. Аудан жабылып, «балапан – басына, тұрымтай – тұсына» дегендей заман туған шақта басқа ауылдар сияқты Теріскей Бөкенбайдың да басынан бақ тайып, халқы тіршілікке қолайлы жер іздеп, үдере көшті. Сол қарқынмен Өтеулиновтер отбасы да Күршім ауданының Вознесеновка ауылына (қазіргі Бірлік ауылы) табан тіреген болатын.
– Сол ауылда туып-өстік, шаңырақ көтердік, ел үшін, жұрт үшін еңбек еттік, – дейді Қуаныш Шарахметұлы. – Менің әкем бүкіл Марқа өңіріне әйгілі аңшы болған адам. Ол сонау қиын кезеңдерде шағын ауылды осы кәсібімен асыраған екен. Мұны жақсы білетін басшылар әкемді ауыл тұрғындарына жәрдем жасай берсін деген оймен соғыстан броньмен әдейілеп алып қалған көрінеді.
Ауылда жай жұмыс істеп жүрген бозбала Қуаныш он сегіз жасында әскерге алынып, азаматтық борышын Ресейдің Мурманск облысына қарасты Североморск қаласында теңізші болып өтейді. Келген соң ол сол кездегі бірнеше ауданның түлектерін жинап, мамандық беретін бірден-бір оқу орны – Боран кәсіптік-техникалық училищесіне оқуға түсіп, тракторшы-машинист мамандығын игереді. Алдымен шынжыр табанды, кейіннен доңғалақты тракторда жұмыс істеп, әбден төселген Қуаныш бертін келе арнайы курста оқып, К-700 маркалы алып техниканың тізгінін ұстайды. Сөйтіп, жасы жетіп, зейнетке шыққанша осы техникасымен өзіне жүктелген шаруаның барлығын абыроймен атқарады.
Өз басым Қуаныш ағамызды балуан азамат ретінде танығаным рас. Олай дейтінім, ақын болғандықтан, сол кезде жылда, тіпті, жылына екі рет өтіп жататын спартакиадалардағы айтыстарға қатысып жүретін мен сарыөлеңдік «алып» құрдасым Мәулен Әлиекперов, алғабастық балуан жігіт Аязбек Әлхановтармен бірге арқан тарту спортына үзбей атсалысып жататын Қуанышты көретінмін. Осы үш азамат қатар келе жатқанда көрген адамның сүйініп, жанжал іздеген жанның жасқанып қалатыны да шындық болатын. Қазір соның бәрі ертегіге бергісіз естелікке айналды.
– 1974 жылы ауылға совхоз орталығы Горныйдан бір мұғалім қыз келіп, бастауыш класқа сабақ бере бастады, – дейді Қуаныш Шарахметұлы. – Жасым жиырма үшке толып, бас құрайтын уақыт та болып қалған еді. Жақындап танысып, сыр алысқан соң әлгі мұғалім қызды алып қашып, үйге кіргізіп алдым. Сөйтсем, ол Горныйдағы ауылдық кеңес төрағасының (сельсоветтің) қызы болып шықты. Дегенмен, қыздың өзі де мені жек көріп тұрған жоқ, бәрі жақсы аяқталып, қатардағы үй болып кеттік.
Түйеқұс баққанның түк қиындығы жоқ
Қандай жұмыс тапсырылса да тап-тұйнақтай етіп, уақытында орындап шығатын еңбекқор жанның ауылдағы беделі зор болды. Сондай-ақ оның құдай қосқан қосағы да талапты әрі өнерлі жан болып жолықты. Сабақ берумен қатар Ләйла Жақсылыққызы балаларға ән үйретіп, өнерге баулып, «боламын» деген өреннің қиялына қанат бітіріп отырды. Замана ыңғайымен Вознесеновкаға көшіп келгеннен кейін Ләйла жеңгеміздің ауылдық клубтың меңгерушісі болып еңбектенгені тегін болмаса керек.
– Біз не істемедік? – деп күледі Ләйла апай. – Жұмыс атаулының барлығы қысқарып, қиындыққа жолыққан кезеңде Ұлан ауданының Төшкі ауылына көшіп барып, түйеқұс баққанымыз да бар.
Құлағымыз елең ете қалған біз атауы бұл өңірге мүлдем жат мамандықты қайдан тауып жүргендерін қазбалап сұрастыра бастадық.
– Екеуіміз де жұмыссыз қалып, тығырыққа тірелген шақта сол ауылдан құс фермасын ашып, жаңа тірлік бастаған бір дәулетті азамат бізді бірге жұмыс істеуге шақырды, – дейді Ләйла. – Сөйтіп, бұрын теледидардан ғана көретін африкалық түйеқұсты жеті жыл бойы бақтық. Мұнымен бірге қарауымызда қаз, тауық, үйрек, әйгілі жұмақ құсы – тауыс (павлин), америкалық тауық – цицарка да болды.
Қуаныш ағамыз бәйбішесінің сол фермадағы гид болып кеткенін жыр ғып айтады. Бұл өңірде тұңғыш ашылған түйеқұс фермасын көруге жұрт жан-жақтан ағылып келіп жататын көрінеді. Сонда оларға түсінік беріп, жай-жапсарды ұғындыру үшін Ләйла Жақсылыққызы өзі экскурсовод болып, шаруашылықты толықтай аралатады екен. «Ақырында аузы-аузына жұқпайтын нағыз гид болып шықты», – деп күледі жолдасы.
Ұлан ауданында жеті жыл тұрып, еңбектенген соң, «ер – туған жеріне» дегендей, Өтеулиновтер отбасы Күршімге қайтып оралды. Отағасы өндірістік жол учаскесіне жұмысқа орналасып, үйренген К-700 тракторының руліне отырды. Мұнда да еселі еңбегімен көзге түсіп, көп алғысын арқалаған Қ.Өтеулинов 2014 жылы зейнет демалысына шықты. Қазірде қос зейнеткер өздерінен өрбіген ұрпақтарының қызығына кенеліп, бақуатты тірлік кешіп жатыр. Бала кезінен ән шырқаған, өмірінде өнерден шет қалып көрмеген Ләйла Жақсылыққызы әлі күнге сахнадан түскен жоқ. Ол Күршімдегі өнерпаз қариялардан құралған ынталы топтың құрамында ән салып, көпшіліктің көзайымына айналумен келе жатыр.
Қуаныш ағамыз бен Ләйла жеңгеміз балаларын да еңбекқор, қайырымды да қамқор етіп тәрбиелей білді. Соның нәтижесінде ізбасар ұрпақтары да ата-аналарының сенімін абыроймен ақтап келеді. Үлкен ұлдары, белгілі әнші Бауыржан аудандық өнер мектебінің директоры болып қызмет істейді. Екінші ұлдары Ришат – Өскемендегі «Казцинк» кәсіпорнында механик. Қыздары Гүлмира аспаз мамандығын игеріп, табысты еңбек етіп жатыр. Ал кенже ұлдары Ринат Өскемендегі көпсалалы колледжде сабақ береді. Ол қазіргі кезде өндірістік оқыту шеберханаларының меңгерушісі қызметін атқарып жүр.
Осылайша, Өтеулиновтер отбасының мүшелері өмірден өз орнын тауып, лайықты ғұмыр кешіп жатыр. Бұл сәтті сапарда балаларына оң өнеге көрсетіп, оларды қашанда адал еңбек пен ізгі мақсатты ту етіп көтеруге баулыған ата-аналарының зор үлесі бар екендігі сөзсіз.