Білім

Марқакөлдік мұғалімдер тәжірибе алмасты

Бүгінгі таңда еліміздегі мектептердің 72,2 пайызы ауылды елді мекендерде орналасқан. Онда оқушылардың 46 пайызы білім алады. Осы орайда ауыл мектептеріндегі білім сапасын арттыру өте маңызды. Осыдан екі жылдан астам уақыт бұрын  еліміздің алты аймағында «Ауыл мектебі» жобасы қолға алынған болатын.  Жақында ғана Өскемен қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде «Ауыл мектебі» жобасының бірінші кезеңі аясында №1 Марқакөл орта мектебінің әкімшілігі мен мұғалімдері тағылымдамадан өтті.

Жалпы «Ауыл мектебі» жобасының негізгі мақсаты – ауылдағы  бiлiм беру ұйымдарының жұмысын жақсарту, ауылдық және шағын жинақталған мектептердi басқарудың тиімділігін арттыру, ауыл мен қала мектептері арасындағы оқу алшақтығын жою.

Шараға келген қонақтарды   зияткер оқушылар домбырада күмбірлетіп күй ойнап қарсы алды.   Күннің бірінші жартысында орта мектеп ұжымы NIS мұғалімдері өткізген сабақтарға, шеберлік сыныптарына қатысты. Қонақтар жаратылыстану-математика және қоғамдық-гуманитарлық бағыттар бойынша барлық пәндерге қатысып, жаңа әдістемелермен танысып, тәжірибе жұмыстарын көрді. Шеберлік сыныптарында дарынды балалармен жұмысты ұйымдастыру, сандық білім ресурстарын қолдану, веб-бағдарламалау, нанотехнология сынды әдістерді  меңгерді. Бастауыш сынып мұғалімдері мектеп кітапханасындағы инновациялық қызметпен практика жүзінде танысып, 8-ші сынып оқушыларының қатысуымен ұйымдастырылған кітапханалық ашық сабаққа қатысты.

Мектеп кітапханашылары мен мұғалімдердің біліктілігін және ақпараттық сауаттылығын арттыру, кітап оқуды насихаттаудың заманауи әдістерімен таныстыруды мақсат еткен семинар кезінде қатысушылар кітапханалық сабақтарды құрастыруға арналған интерактивті онлайн қосымшаларымен де танысып, жұмыс жасап, түрлі белсенді ойын тәсілдерін меңгерді.

– Әріптестеріміз алған тәжірибелерін жұмыстарында сәтімен қолданып, жүзеге асырады деп ойлаймыз, – дейді аға педагог-кітапханашы Майра Әміренова.

Үлкен үзілісте  қатысушылар мектепішілік тәрбиелік жоба «Шабыт алаңына» жиналып, зияткер оқушылардың өнерлерін тамашалап, қосымша білім беру педагогтарының жұмысына жоғары баға берді.

Семинардың екінші жартысында марқакөлдік мұғалімдер «Шаңырақ» қауымдастығы, «Ұрпақтар сабақтастығы», «Қоғамға қызмет ету», жазғы әлеуметтік жобалармен танысты.

Сондай-ақ  қонақтар жатақхана ішін аралап, қамшы өру, іс тігу, сабын жасау үйірмелерінің жұмыстарымен танысып, өздері де жасап көрді.

– Мектеп жатақханасында тұратын балалардың тәрбиесіне риза болып отырмын. Тіпті өз үйінде жүріп әке-шешелері үйрете бермейтін қолөнер түрін меңгереді екен, – дейді №1 Марқакөл орта мектебінің бастауыш мұғалімі Лаура Нүрпейсова.

Тағылымдаманың соңында NIS мектебінің мұғалімдері Марқакөл мектебі ұжымының өз сұраныстары бойынша 3Д баспа, робототехника, домбыра, вокал, хореография үйірмелерінің жұмысын жүргізуді көрсетті. «Буккросинг» шарасы аясында Марқакөл мектебінің кітапханасына арнайы жинақталған кітаптар табысталды. Шара соңында қонақтар Назарбаев зияткерлік мектебінің әкімшілігі мен педагогикалық құрамына алғыс айтты.

Осы айдарда

Back to top button