Спорт

Маргаританың үлесі ерекше

Осыдан бірер күн бұрын Тайландтың Паттайя қаласында байдарка мен каноэде ескек есуден Азия чемпионаты аяқталған болатын. Әдеттегідей, бұл спорт түрінен шығысқазақстандық спортшылар елімізде үздіктер қатарында. Алайда бұл жолы ел құрамасы сапында бір-ақ жерлесіміз өнер көрсеткен-ді.

Әңгіме былтырғы Токио Олимпиадасында ел намысын қорғаған Маргарита Торлопова жайында. Дегенмен, құрлықтық додада Шығыстың атынан жалғыз өзі ғана сынға түссе де, жерлесіміз ауыз толтырып айтарлықтай нәтижелер көрсете білді. Алдымен өскемендік спортшы әріптесі Ольга Сурминамен бірге байдаркада ескек есуден өткен 500 метрлік сайыста күміс медальға ие болса, артынша осы жұп құрамында (каноэде есу) тағы бір күміспен күптелді. Ал жарыстың соңғы күнінде жекелей сында өнер көрсеткен Маргарита қола медальға қол жеткізді. Осылайша, Торлопованың бір өзі ғана ел қоржынына құрлықтық доданың үш медалін салды.

Жалпы, биылғы Азия біріншілігі қазақстандықтар үшін өте табысты болды деп айтуға толық негіз бар. Оны ұлттық құраманың бас бапкері Қайсар Нұрмағамбетов де айтты.

– Бұл біріншілікте біздің команданың басты қарсыластары – Қытай мен Жапония құрамалары болған жоқ. Десе де, Иран мен Өзбекстанның өзі бізге лайықты қарсылас атана білді. Бұл командалар да Азияда үздіктер қатарында. Жастарымыздың да аяқ алысы жаман емес. Жасөспірімдер арасындағы сында спортшыларымыз алты алтын медаль жеңіп алғаны қуантады. Одан бөлек, байдаркадан әйелдер командасының мүшелері де нәтижесін жақсарта түсті. Олимпиадалық дисциплиналарда топ жарды. Биылғы құрлық біріншілігін Азия ойындары қарсаңындағы үлкен дайындық деп бағалауға болады, – деп түйіндеді бас бапкер.

Негізі, биылғы құрлықтық бәсекеге 10 елдің спортшылары қатысқанын және жарыс қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте Қазақстан құрамасы топ жарғанын айтқан жөн. Атап айтсақ, каноэшілеріміз бес алтын, төрт күміс және алты қола медаль жеңіп алса,  байдаркашылардың еншісінде бес алтын, төрт күміс және төрт қола бар.

 

Сәрсен Қабылым

Осы айдарда

Back to top button