Білім

Маралшыларды оқытуға неге мән бермей отырмыз?

Катонқарағай аграрлық-техникалық колледжі ауыл шаруашылық мамандарын сапалы даярлаумен ғана шектелмей, олардың еңбекпен қамтылуын да дұрыс жолға қойып отырған өңірдегі орта арнаулы оқу орындарының қатарынан. Колледж ұжымы мен жергілікті шаруашылық құрылымдары арасында бекіген берік байланыс түлектердің оқу бітірген соң жұмыссыз қалмайтынына кепілдік береді.

Маралшыларды оқытуға неге мән бермей отырмыз?Аудан орталығы Үлкен Нарында орналасқан бұл мекеме ауыл шаруашылық кәсіптік-техникалық училищесі ретінде бұрыннан қызмет істеп келеді. Былтыр ветеринар-техник мамандығы бойынша лицензия алып, колледж мәртебесіне ие болған. Бүгінгі күні мұнда жұмыс және колледж мамандықтары қатар оқытылады. Жұмыс мамандықтарына тракторшы-машинист, омарташы, электр-газбен дәнекерлеуші, тігінші, аспазшы және «В», «С» санатты жүргізушілер жатқызылса, орта арнаулы оқу орнына ветеринар-техник енеді.

– Біздің колледжде қазір Үлкен Нарын мен Катонқарағай ауылдарынан, сондай-ақ, Зырян, Күршім аудандарынан барлығы 169 бала оқып жатыр. Қазір 25 бала «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасымен омарташы мамандығын оқып жатыр. Олардың сапалы білім алуына жағдай жасалған. Алыстан келіп оқитындар үшін жатақхана жұмыс істейді. Асханамыз да бар. Үлгерімі жақсы балаларға 12 мың 188 теңге көлемінде шәкіртақы тағайындалған, – дейді Катонқарағай аграрлық-техникалық колледжі директорының оқу және өндіріс жұмыстары жөніндегі орынбасары Сембай Маненов.

Мамандардың айтуынша, былтыр 38 миллион теңгенің үстіндегі қаражатқа білім ордасының материалдық-техникалық базасы нығайтылыпты. Мұның ішінде электр-газбен дәнекерлеуші және ветеринарлық зертханалар жаңа құрал-жабдықпен қамтылған. Ветеринар-техник зертханасына қажетті аспаптар сатып алуға облыстық бюджеттен 14 миллион теңге қаржы бөлініпті. Тракторшы-машинист мамандарын дайындау үшін жаңадан бір комбайн, МТЗ-1221 тракторы, үш ауыл шаруашылық техникасы сатып алынған. Бұған қоса барлық кабинеттер арнайы проекциялық аппараттармен жабдықталып, жеті интерактивті тақта қойылған.

Заманауи техникалардың зары өтіп тұр

Дегенмен колледж мәртебесін алғанына биыл жазда бір жыл ғана болатын арнаулы оқу орнында шешімін күткен проблемалар да жоқ емес. Арнайы пәндерден сабақ беретін I санатты оқытушы Ерғали Сқақовтың пікірінше, іс-тәжірибелік сабақтарда оқытылатын техникалардың (қосалқы бөлшектері де) барлығы кеңестік кезеңнен елес беретін ескі темір-терсектер. Ал компьютерлік басқару жүйесіне негізделген автоматтандырылған заманауи трактор-машиналар жоқтың қасы. Бұны айтып отырған себебіміз, аға буын механизаторлар шемішкеше шағатын бұрнағы техникалардың күні батып келеді, оларды қазір көп жерлерде пайдаланбайды. Есесіне, жұмыс күші екі-үш есе жеңілдетілген жаңа нұсқалары қолданысқа кеңірек енуде. Сондықтан болашақ мамандарды осы жаңаларының тілін білуге үйретпесе, ұтыларымыз анық дейді оқытушылар.

– Практикалық сабақтарда біз бұрынғы техникалар мен олардың қосалқы бөлшектерін көрсетуге мәжбүрміз. Өйткені, жаңасы қолымызда жоқ. Мәселен, олардың негізгі бөлшектері мен қызметі бір болғанымен гидромеханикалық жағынан бәрібір өзгешеліктер бар. Оны оқымаған, көрмеген адам ертең тракторларды қалай басқарады? – деп қынжылған Ерғали Сқақов жыл сайын оқыту сағаттарының азая беруі білім сапасының төмендеуіне әкеліп соғатынын атап өтті.

Айтпақшы, мамандардың сөзіне жүгінсек, келмеске кеткен кеңес дәуірінде зауыттан енді ғана шыққан кез келген жаңа техника аудан, облыстың салаға жауапты басшыларының ұсынысымен ең бірінші осындай кәсіптік-техникалық білім беретін оқу орындарына жеткізілетін болған. Содан кейін ғана совхоздарға немесе басқа да шаруашылықтарға берілген. Өте дұрыс. Жаңа тракторды қолданысқа енгізбей тұрып, әуелі оны басқаратын, бұзылса, жөндейтін мамандар даярлау керек қой. Ондай кадрларды оқытпаса, ауылдық жерлерде қайдан болсын?!

Катонқарағай аграрлық-техникалық колледжінде қазір алты мамандық бойынша балаларды оқытады дедік жоғарыда. Колледж директоры Абайхан Ахметовтің айтуынша, енді осы алтаудың қатарына келешекте орманшы мамандығын қосу жоспарда бар көрінеді.

– Біздің ауданда орман шаруашылығы жақсы дамыған ғой. Мемлекеттік ұлттық саябақ бар. Демек, орманшылар қажет. Қазір осы мәселе жөнінде тиісті орындарға сұраным жіберіп қойдық. Егер лицензия алатын болсақ, алдағы уақытта орманшыларды оқытамыз, – дейді ол.

Сонымен бірге Абайхан Ахметов әңгіме арасында маралшылар дайындауға ниетті екендерін, бірақ оған марал бағушыларды оқытудың мемлекеттік стандарты жоқтығын алға тартты. Иә, марал бағу – мал өсіру емес. Түз жануарларының өзіндік табиғи ерекшеліктері барын ұмытпау керек. Сөйтсе де оқытушылар ветеринар-техник мамандарын оқытқан кезде үй жануарларымен бірге маралдар туралы да жалпы түсінік беруге тырысады екен. Ол да түсінікті. Өйткені, Катонқарағайдың атын жалпақ жұртқа әйгілеп тұрған брендтердің бірі осы марал шаруашылығы емес пе?! Оған қоса жергілікті шаруашылықтардан сұраныс та бар.

Жалпы, колледж басшылығы бұрынғыдай балаларды мамандыққа қажеттілік болсын-болмасын топырлатып оқыта беретін жүйенің жақтаушысы емес, керісінше, сұранысқа сәйкес мамандарды даярлайды. Осы мақсатта оқу орнының ұжымы мен жергілікті шаруа қожалықтарының жетекшілері кездесіп, экономиканың аграрлық секторы үшін бірлескен оқыту жүйесін енгізу арқылы кадрлар даярлау мәселесін талқылаған. Онда біраз маңызды дүниелер қозғалып, білім беру мекемесі тарапынан ұсыныстар жасалыпты. Мәселен, қожалықтар колледж қабырғасында оқып жатқан, ертеңгі күні өздеріне маман болып баратын балаларды қамтамасыз етуге қол ұшын берсе. Азын-аулақ шәкіртақы тағайындаса, олардың ас-суына ауыл шаруашылық өнімдерін бөлсе дегендей. Әзірге бұлар ұсыныс қана…

Колледж қызметкерлерін алаңдатқан тағы бір мәселе бар, ол – оқу ғимаратының ескіруі. 1974 жылы салынғаннан бері ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстары мүлдем жүргізілмепті. Тек ағымдағы жөндеумен ғана ұстап келген екен.

Серік Әбілхан

Катонқарағай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button