Құмар ойынның иелері ұсталды
Заңмен салынған тыйымға қарамастан Шемонайханың қақ ортасында құмар ойын мекемесі қызметін қызу жүргізіп келіпті. Бұрын сотты болған екі азамат ойын бизнесімен және адамдарды қорқытып ақша бопсалаумен айналысқан.
Былтырғы мамырда аталған екеудің бірі қаланың ортасынан жалға алған ғимаратта 11 ойын автоматын іске қосқан. Алынатын ең төменгі мөлшерлеме (ставка) – 500 теңге.
Аудандық соттың баспасөз қызметінің хабарлағанындай, заң бұзушылар қылмыс үстінде ұсталған. Қаржы полициясының өтінішімен кассирге ойнау үшін ақша төлеген жас жігіт ұтқан ақшасын арнаулы қызмет өкілдеріне өз еркімен әкеп берген. Сөйтіп, қылмыскерлердің әрекеті әшкереленіп, мекеменің иесі былтырғы маусымда қамауға алынған. Бір айта кететіні, мекеменің иесіне табыс адамдардың кассирге төлеген ақшаларынан түсіп отырған. Аудандық соттың шешімімен заңсыз іспен айналысқан екеу бірнеше жылға сотталды.
Естеріңізге салсақ, 2011 жылдың мамыр айынан еліміздің барлық өңірлерінде құмар ойын бизнесіне заңмен тыйым салынып, тек Қапшағай мен Шортанды қалаларында ғана рұқсат берілген-ді.