Жұмыспен қамтуТОП

МАҚСАТ: ТАБЫСТЫ АРТТЫРЫП, ТҰРМЫСТЫ ТҮЗЕУ

Еліміздегі «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында  жұмыссыз азаматтарға, жұмыссыз жастарға жұмыс табуға, кәсіпкерлікті дамытуға орай жасалып жатқан мүмкіндіктер қатары көбейіп отыр.

Өскеменде, өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары Досхан Қайырғазинов «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаны» іске асыру аясында жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік қолдаулар мен мүмкіндіктер жайында баяндады.

Осы уақытқа дейін ұлттық жобаға облыстан 7 800 адам қатысқан. Соның 6 700-і немесе 87 пайызы жұмыс орындарын тапқан. Олардың 4 мыңнан астамы тұрақты жұмыс орындарына тұрғызылыпты.

ГРАНТ – 1 МЛН. 225 МЫҢ ТЕҢГЕ

Халықты жұмыспен қамту мәселесін шешуге арналған ұлттық жоба үш бағытта жүзеге асырылып келеді. Алғашқы кәсіптік білім алу бағыты бойынша колледждерде 6 600 жас білім алып жатыр. Олардың екі мыңы биыл оқуларын аяқтап, 85 пайызы алған мамандықтарына сәйкес жұмысқа тұрған көрінеді. Бұл бағытта қысқамерзімді оқу курстары да оқытылып жатыр. Биыл қысқамерзімді курстарды оқытуға 757 адам жоспарланған болса, қазіргі уақытта 397 адам оқып жатыр. Жыл аяғына дейін 360 адам оқу курстарына қабылданбақ. Қысқамерзімді оқу курстарында еңбек нарығында сұранысқа ие болып отырған 85 мамандық оқытылады. Ел Президентінің тапсырмасына сәйкес, бұл мамандықтардың 67 пайызы – техникалық, ауыл шаруашылығы бағыттарындағы мамандықтар. Осы бағыт бойынша жастарға, сондай-ақ барлық жұмыссыздарға enbek kz порталы арқылы онлайн оқуға болады. Өткен жеті ай ішінде 453 адам онлайн оқып, сертификат алған.

Ұлттық жобадағы екінші бағыт кәсіпкерлікті қолдау, дамыту шараларын жүзеге асыруға арналған. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 11 қаңтардағы Парламент Мәжілісінің отырысында берген тапсырмасына сәйкес, бизнес-идеяны іске асыруға арналған мемлекеттік грант мөлшері 2 есеге – 200 АЕК-тен (612 600 теңге) 400 АЕК-ке дейін немесе 1 225 200 теңгеге дейін ұлғайтылған. Биыл кәсіпкерлікті дамытуға 608 адамға мемлекеттік грант беру жоспарланып отыр. Оған ұлттық қордан, республикалық бюджеттен 745 млн. теңге бөлінген. 608 гранттың 312-сі жастарға бөлінеді. Қалғаны әлеуметтік осал топтарға берілмек. Әлеуметтік осал топтарға атаулы әлеуметтік көмек алушылар, көпбалалы отбасы мүшелері (жұбайы немесе зайыбы) – көпбалалы жәрдемақы алушылар, «оңтүстік-солтүстік» бағдарламасы бойынша қоныс аударушылар, қандастар, мүгедектігі бар адамдар және мүгедек баланы асырап отырғандар, мүгедек балаға жәрдемақы алатын адамдар қатары жатады.

Жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыруға жастарға берілетін 312 грантты жасы 29-ға дейінгі жұмыссыз ретінде тіркелген жастар немесе жеке кәсіпкер деген мәртебесі үш жылға толмағандар ала алады. Грантты алу үшін Бастау -Бизнес курсы оқуынан өтіп, сертификатын алу керек. Сонда ғана грант алу конкурсына қатыса алады. Оқыту курстары  25 шілдеден бастап онлайн түрінде жүргізіліп жатыр. Қазіргі күні 682 адам оқып жатыр. Оқу курстарына қатысуға жас мөлшеріне шектеу жоқ. Барлық азаматтардың оқуына болады. Ол үшін жергілікті жердегі жұмыспен қамту орталықтарының мамандарына хабарласып, кеңес алу  қажет.

Грант алуға өтінімдер 8 тамыздан басталды. Грант алу үшін үміткер Busines.enbek – кәсіпкерлік бастамаларды қолдау порталына тіркеу арқылы электронды цифрлық қолтаңбаны пайдалана отырып өтініш береді.

Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға берілетін гранттарды тұтынушылық мақсаттарға, кредиттік қарыздарды өтеуге, жылжымайтын тұрғын үй сатып алуға және салуға, жер учаскелерін сатып алуға, акцизделетін өнімдер өндіруге жұмсауға болмайды. Халықты жұмыспен қамту орталығы шарт жасалған күннен бастап он екі ай ішінде портал арқылы қаражаттың мақсатты пайдаланылуына мониторинг жүргізеді.

Биыл ұлттық жобаның «Жастар тәжірибесі» бағыты бойынша мемлекеттен субсидияланатын жұмыс орындарында жұмыс істеуге 387 жас маман, «Алғашқы жұмыс орнына» 69 жас жіберілмек. Биылдан бастап жастар «Жастар тәжірибесі» жобасы бойынша бұрынғыдай 6 ай емес, 12 ай тәжірибе жинақтап, жұмыс істей алады. «Алғашқы жұмыс орны» жобасы аясында жұмыс істеу мерзімі де 12 айдан 18 айға дейін ұзартылды. «Жастар тәжірибесі» жобасымен жұмысқа тұрғандардың ай сайынғы еңбекақысы қазір 91 890 теңге болып көбейді. «Алғашқы жұмыс орны» жобасына қатысушыларға төленетін еңбекақы да 61 260 теңгеден 91 890 теңгеге дейін өсті. Ұлттық жобаның «Алғашқы жұмыс орны», «Жастар тәжірибесі» бағыттарына енгізілген өзгерістер жөнінде газеттің өткен аптадағы сандарында жан-жақты айтқанбыз.

ҚАНША АДАМ ЖҰМЫСҚА ОРНАЛАСАДЫ?

Ауылдардағы, аудандар мен  қалалардағы жұмысы жоқ, арнайы білімі жоқ жұмыссыздар қоғамдық жұмыстарға, әлеуметтік жұмыс орындарындағы жұмыстарға қатыса алады. Қазіргі күні қоғамдық жұмыстарға екі мыңнан астам адам қатысып, жұмыс істеп жатыр. Бұл жұмыстарға облыстағы кез келген жұмыс іздеуші қатыса алады. Жалақы көлемі – 61 мың теңге. Облыс орталығы  Өскемен қаласында қоғамдық жұмыста істеп жатқандарға төленетін осы еңбекақыға үстемақы ретінде қосымша жергілікті бюджеттен 48 мың теңге қосылып, төленіп отыр.

Биылдан бастап зейнеткерлікке шығуға екі жыл қалған жұмыссыздардың жұмысқа тұруына үлкен жағдай жасалып отыр. «Күміс жас» бағдарламасын қаржыландыру шілде айынан басталды. Биыл біздің облыста осы бағдарламамен зейнеталды жастағы 287 жұмыссыздың жұмысқа тұруына мүмкіндік бар. Қазір бағдарламаға 10 адам қатысып, еңбекақы алып, жұмыс істеп жатыр. Бағдарламаға зейнеткерлікке шығуына екі жыл қалған адамдар ғана қатыса алады.

 Жалпы алғанда, биыл облыс бойынша субсидияланатын жұмыс орындарына 3600 адамды алу жоспарланған. Бүгінге дейін осындай жұмыс орындарына  3300-ге жуық адам жұмысқа тұрған. Соның ішінде әлеуметтік жұмыс орындарына 241 адам, «Жастар тәжірибесіне» 187, қоғамдық жұмыс орындарына 2700, «Алғашқы жұмыс орнына» 30, «Ұрпақтар келісімшартына» төрт адам, «Күміс жас» жобасына он адам қатысып отыр. Субсидияланатын жұмыс орындарын құрудың мақсаты – жұмыс іздеушілерді әлеуметтік жағынан қолдай отырып, жұмыс берушіге салмақ түсірмей,  еңбекақыларға берілетін қаражатты мемлекеттен төлеу, субсидиялау. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары Досхан Қайырғазиновтың айтқанындай, жыл аяғына дейін субсидияланатын жұмыс орындарына тұрушылардың  саны біршама  ұлғайтылмақ. Ауыл, қалада жұмыссыз жүрген азаматтар осы жобаларға қатысып, мемлекет тарапынан туғызылып отырған жағдайларды пайдаланып, тұрмысын түзеуге талпыну қажет.

Облыс бойынша биыл 29 мың жұмыс орнын құру, осынша адамды жұмысқа тұрғызу жоспарланып отыр, қазіргі күні 14 мың жұмыс орны құрылған.

Жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыруға жастарға берілетін 312 грантты жасы 29-ға дейінгі жұмыссыз ретінде тіркелген жастар немесе жеке кәсіпкер деген мәртебесі үш жылға толмағандар ала алады. Грантты алу үшін «Бастау – Бизнес» курсы оқуынан өтіп, сертификатын алу керек. Сонда ғана грант алу конкурсына қатыса алады. Оқыту курстары  25 шілдеден бастап онлайн түрінде жүргізіліп жатыр. Қазіргі күні 682 адам оқып жатыр. Оқу курстарына қатысуға жас мөлшеріне шектеу жоқ. Барлық азаматтардың оқуына болады. Ол үшін жергілкті жердегі жұмыспен қамту орталықтарының мамандарына хабарласып, кеңес алу  қажет.

 Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button