Білім

Мамырсулық жас мамандар көшбасшы болып жүр

Аягөз өңірінде «Дипломмен – ауылға» бағдарламасымен қызметке келіп, өз бақытын тапқандар көбейіп келеді. Солардың бірі – Әсел Теміртаева.

Мамырсулық жас мамандар көшбасшы болып жүр2010 жылы Семей педагогикалық институтын ойдағыдай тәмамдаған Әсел математика мамандығы бойынша С.Ғаббасов атындағы орта мектепте өз міндетін абыроймен атқарып келеді. Жас маманға мұнда келісімен мемлекет тарапынан көтермеақы төленсе, 890 мың теңгеге алты бөлмелі үй сатып беріліпті. «Жас келсе – іске» деген ғой, алғашында қиындау болғанымен, қазір ол мамандығын жете меңгерген үлгілі мұғалімдер қатарына қосылып үлгерді десек те болады. Өткен жылы Әселдің екі бірдей шәкірті облыстық олимпиадада үздіктер қатарынан көрініп, мектептің мерейін бір биіктетіп тастаған екен. Ізденімпаз мұғалім мектепте математика үйірмесін ашып, оқушылардың логикалық ойлау қабілетін жетілдіруге ерекше ден қойып келеді.

Әсел мектептің қоғамдық жұмысына да белсенді араласады. Қазірде шалғайдағы ауылда тұратын әке-шешесін өз қолына алған оның жұбайы энергетик болып қызмет істейді.

Бұрын жас мамандарға келісімшарт үш жылға жасалса, қазір оның мерзімі бес жылға ұзартылған. «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша Мамырсу ауылына келген тағы бір жас маман Саят Ибраев (суретте) та математика пәнінің мұғалімі екен. Саят та әріптес құрбысы сияқты мектептің қоғамдық жұмыстарын дөңгелетіп жүр. Оның басшылығымен ұйымдастырылған «Мамырсу мақтаныштары» атты көңілділер мен тапқырлар клубы бүгінде аудан мектептері арасында алдыңғы орында келеді.

– Мектепте жұмыс өтілі отыз жылдан асқан аға буын өкілдері жетерлік, біз олардан көп нәрсені үйреніп, тәжірибе жинақтап келеміз. Сонымен қатар мектебімізге жаңа технология енгізіле бастады, біз үнемі сондай жаңашылдықтың басы-қасында жүреміз. Келер жылдан бастап математикалық пәндер бойынша топтық оқыту жүйесі енгізіледі, бұл – өте тиімді тәсіл, – дейді жас мамандар.

Жалпы, соңғы жылдары ауданға «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша 33 маман келсе, өткен жылдың бедерінде ғана 14 жас келіпті. Олардың барлығына да жеңілдетілген несиемен баспана берілген. Дегенмен, жас мамандардың ауылдарға келуі әлі де баяу, өйткені, дәл қазір ауылдық мектептерге жиырмаға жуық мұғалім жетіспейді. Ең бастысы, жас мамандардың тұрғын үй мәселесін шешу Аягөз өңірінде оң үрдіс алып келе жатыр.

Қадырбек Кәкімұлы

Аягөз ауданы.

Осы айдарда

Back to top button