ҚоғамТОП

Мамандық таңдағанда нені ескеру керек?

Міне, көзді ашып-жұмғанша тағы бір оқу жылы аяқталуға жақын. Алтын ұя – мектебін бітіріп, қияға қанат қағатын жас түлектер үшін аса жауапты әрі маңызды белестер басталды. Осы орайда С.Аманжолов атындағы ШҚУ-да Ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі Руслан Емелбаев өңірдегі мектеп бітіруші түлектермен кездесіп, жоғары білім, еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтар және алдағы ҰБТ-ның негізгі талаптарын түсіндірді.

Биыл екінші мәрте ұйымдастырылып отырған «Менің таңдауым» атты кәсіби бағдарлау шарасына облыстың сегіз ауданы мен қаласының мектептерінен 750 талапкер қатысты.

  • Бұл ауқымды іс-шара түлектердің мамандықты дұрыс таңдауына үлкен септігін тигізеді. Ел Президенті халыққа Жолдауында талапкерлердің болашақ мамандығын саналы түрде таңдауына жағдай жасау қажеттігін баса айтқан болатын. Сондықтан Ғылым және жоғары білім министрлігі осы маңызды шараны қолдап отыр. Өскемен өнеркәсіпті қала болғандықтан, мұнда негізінен инженерлік мамандықтарға сұраныс жоғары. Биыл республикалық бюджеттен 79 мыңға жуық грант бөлінді. Оның басым бөлігі инженерлік-техникалық, педагогикалық және IT мамандықтарға бағытталған. Ең бастысы, түлектер болашақ мамандығын жүрек қалауымен таңдағаны дұрыс, – деді Руслан Емелбаев.

                          22 түлек грант иеленді

Кездесу барысында биылғы түлектер таңдайтын бейінді пәндері, болашақ мамандықтары және ҰБТ форматы бойынша құнды ақпарат алды. Сонымен қатар 22 түлек – пәндік олимпиадалар мен «Bizdiң Өskemen Quiz» зияткерлік ойынының жеңімпаздарына, «Үміт» балалар үйінің түлектеріне және көпбалалы отбасылардан шыққан балаларға С.Аманжолов атындағы ШҚУ-да тегін білім алуға грант сертификаттары тапсырылды.

  • Мен туризм мамандығын таңдадым. Себебі Шығыста, жалпы елімізде туризм саласының әлеуеті жоғары. Өзім өңірдегі киелі жерлердің бірі – Ақбауыр жайлы жоба қорғаған едім. Соның нәтижесінде С.Аманжолов университетінің грантын жеңіп алғаныма қуаныштымын, университет басшылығына алғысым шексіз, – дейді Өскемен қаласындағы №35 мектептің 11-сынып оқушысы Дильназ Бақытбекова.

                     Биылғы шекті балл қанша?   

*«Құқық» және «Педагогикалық ғылымдар» білім беру салалары үшін – 75 балл;

*«Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету (медицина)» – 70 балл;

*«Ауыл шаруашылығы және биоресурстар», «Ветеринария» – 60 балл (ұлттық ЖОО үшін);

*Ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін – 65 балл;

*басқа жоғары оқу орындарына – 50 балл жинау керек.

         Ең көп грант қай мамандықтарға бөлінді?

Биыл жоғары білім берудің барлық деңгейлері бойынша 112 мың грант, оның ішінде бакалавриатқа түсу үшін 79 мыңға жуық грант бөлінді. Барлық квотаның 35 пайызы ауыл түлектеріне арналған.

Руслан Емелбаевтың айтуынша, биыл бейінді пәндер бойынша шекті балл жоғарылады – қазір ол бұрынғыдай 45 емес, 50 балл. Ал математикалық сауаттылық және оқу сауаттылығы пәндері үшін бұл шек 10 балға төмендеді.

Белгілі болғандай, талапкерлердің болашақ мамандығын бейінді пәндер анықтайды.

Талапкерлер тестілеу күнін, уақытын және орнын өздері таңдайды. Бұл ретте олар екі мүмкіндік үшін бейінді пәндердің бір ғана комбинациясын белгілейді.

Ғылым және жоғары білім министрлігі жариялаған 2024-2025 оқу жылына арналған білім гранттарының тізіміне көз салсақ, ең көп грантты «Инженерлік, өңдеу, құрылыс салалары» білім беру бағдарламалары тобы алған, аталған сала мамандықтарына бөлінген грант саны – 19 344.

Ал «Педагогикалық ғылымдарға» – 13 735 грант, «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» саласына – 10 903 грант, «Жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика» бағытына – 8 288 грант тиесілі.

Биыл алғаш рет ішінара оқу ақысы бар сараланған гранттар енгізілді. «Педагогикалық ғылымдар» және «Әлеуметтік ғылымдар, журналистика және ақпарат» білім бағдарламалары бойынша 150 сараланған гранттан бөлінген.

Сондай-ақ «Серпін» бағдарламасы арқылы түсушілерге 3 903 грант бөлінген. «Серпін» жобасы арқылы төрт даярлау бағыты бойынша білім алуға болады. Атап айтсақ, педагогикалық ғылымдар, инженерлік-техникалық, ақпараттық технологиялар және ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша оқуға түсе алады. Бағдарламаға оңтүстік өңірдегі ауыл жастары қатысады. Айта кетсек, оқу бітірген соң грант өтеу мерзімі 3 жылдан 2 жылға қысқартылып, өтеу орны 11 аймаққа кеңейтілді.

Жалпы, бакалавриатқа түсу үшін 79 мыңға жуық, магистратураға 13 мыңға жуық, докторантураға 1 900-ден астам грант бөлінген.

Тағы бір атап өтерлік жаңалық, Көлік министрлігі, Ғылым және жоғары білім министрлігі және «ҚазжолҒЗИ» АҚ-ның бірлескен жұмысының нәтижесінде «Көлік құрылысы» мамандығы бойынша бакалавриаттың жеке бағдарламасы қайта жанданып, білікті жол мамандарын даярлау бағытына биыл мыңға жуық мемлекеттік білім гранты бөлінбек.

Түлектермен кездескен Руслан Емелбаев мамандық таңдау деген маңызды істе ата-анасының «Біздің үйде дәрігер жоқ, сен дәрігер бол», «Мұғалімдік өлмейді, стипендиясы да көп», «Мен бұрын экономист бола алмағам, енді сен боласың», «Грант болса болды, кез келген мамандыққа бара бер» немесе «Мына мамандыққа түс, ағаң жұмысқа кіргізеді» деген уәждерін емес, өзінің жүрек қалауын таңдауға кеңес берді.

Облыс әкімінің гранты – 270

С.Аманжолов атындағы ШҚУ Мәнсап орталығының жетекшісі Жаннель Болатованың айтуынша, жыл сайын жергілікті бюджет есебінен облыс әкімдігі тарапынан 450-ден астам білім гранты бөлінетін. Абай облысы бөлінгеннен бері өңіріміздегі  грант саны 270-ке дейін азайды.

ҰБТ тапсырып, білім сертификатын алған мектеп түлектері алдымен мемлекеттік білім беру грантының иегері болу үшін құжат тапсырады. Мемлекеттік грантқа ілікпеген балалар облыс әкімінің грантына үміткер бола алады. Бұл жақсы мүмкіндік. Үміткерлер арасында ҰБТ балы бойынша байқау өтіп, соның нәтижесінде облыс әкімі грантының иегерлері анықталады. Жаннель Болатованың сөзінше, С.Аманжолов университетінде облыс әкімінің гранты толығымен игеріледі.

Облыстық кәсіптік білім беру орталығының басшысы Ләззат Кездікбаеваның айтуынша, өңірімізде жоғары білімді кадрларды даярлау мақсатында 2017 жылдан бастап қолға алынған «Білікті маман» жобасы аясында жоғары білімге қолжетімділік айтарлықтай кеңейтілген. Жоба аясында жеті жылда жергілікті бюджет қаражаты есебінен  2576 білім гранты бөлінді. Білім басқармасы жыл сайын жоба шеңберінде білім алған жоғары оқу орны түлектерінің жұмыспен қамтылуына мониторинг жүргізіп отырады. Сондай-ақ қалалар мен аудандардың әкімдіктерімен, өңірлік кәсіпкерлер палатасымен, салалық басқармасымен және өнеркәсіптік кәсіпорындармен бірлесіп алдағы 4-6 жылға аймақтың экономикасына қажетті мамандарды анықтау жұмысы жүргізілген.

Аталған ұйымдар ұсынған мәліметтер негізінде жалпы қажеттілік келесі бағыттар бойынша 2012 орын болды. Атап айтқанда, педагогика ғылымдары, өнер және гуманитарлық ғылымдар, әлеуметтік ғылымдар, журналистика және ақпарат, бизнес және басқару, жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, инженерлік және құрылыс салалары, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру (медицина), қызмет көрсету.

– Өңірдің еңбек нарығы үшін жоғары білімді кадрларға деген қажеттілікті ескере отырып биыл білім грантының көлемі 270 орын көлемінде бекітілді, оның ішінде 220 орын – педагогикалық, техникалық, құрылыс, IT-технологиялар, ауыл шаруашылығы бағыттарына бөлінсе, 50 орын – медицина мамандығы бойынша кадрлар даярлауға бағытталады, – деп түсіндірді Ләззат Кездікбаева.

Жергілікті бюджет қаражаты есебінен (әкім гранты) білім беру грантын тағайындау конкурсына қатысу үшін құжаттарды қабылдау ағымдағы жылдың 5-10 тамызы аралығында өңірлік жоғары оқу орындарының базасында автоматтандырылған vko-abiturient.kz ақпараттық жүйесі арқылы қабылданады.

Осы айдарда

Back to top button