Мамандарды Қытаймен бірлесе даярлайды
Айжанат Бақытқызы
Жұмыс сапары барысында Алтай Көлгінов Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетіне барып, алдағы күзде ашылатын «Лу Бань атындағы шеберхананың» дайындық жұмыстарымен танысты.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия-Қытай» саммиті аясындағы Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапары кезінде өзара ынтымақтастық және мемлекетаралық қатынастарды дамыту туралы бірқатар құжаттарға қол қойып, халықаралық озық тәжірибелерді енгізу және елімізде шетелдік оқу орындарының филиалдарын ашу қажеттігіне назар аударғаны белгілі.
Осы сапар барысында делегация құрамында болған аймақ басшысы Даниал Ахметов пен Тяньцзинь қаласының мэрі Mr.Zhang Gong Шығыста «Лу Бань атындағы шеберхана» ашу туралы уағдаластыққа қол қойып, осындай келісім Д.Серікбаев атындағы техникалық университет пен Тяньцзинь кәсіптік университеті арасында жасалған болатын.
Лу Бань – Қытайдағы тарихи тұлға. Оның біздің дәуірімізге дейінгі төрт жүзінші жылдары жасаған көптеген құрал-жабдықтарының принциптері күні бүгінге дейін қолданылады.
Техникалық мамандарды бірлесе даярлауға негізделген бұл жоба әлемнің көптеген елдерінде кеңінен таралған. Халықаралық жоба екі ел арасындағы қолданбалы технологиялар және жоғары техникалық білім беру саласындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуды көздейді.
-Қазақстан арқылы бес темір жол, алты автомобиль жолы және 11 халықаралық дәліз өтеді, яғни бұл Шығыс пен Батыс арасындағы ірі транзиттік көпір. Автокөлік нарығындағы барлық көлік түрлеріне қызмет көрсете алатын білікті мамандар қажет. Бұл орайда, «Лу Бань шеберханасы» «Автокөлік құралдары» білім беру бағдарламасы үшін мамандардың саны мен сапасының өсуін қамтамасыз ете алады. Аталған жоба университет базасында автомобиль көлігі саласында жаңа оқу зертханаларын ашуға және заманауи Қытай технологияларын пайдалана отырып білім беру бағдарламаларын жетілдіруге мүмкіндік береді,-деді университет ректоры Сәуле Рахметуллина.
Сонымен қатар, Қытайдың жоғары оқу орындарымен академиялық және ғылыми ынтымақтастықты кеңейтіп, қос дипломды білім беру бағдарламаларын жасау, бірлескен ғылыми жобаларды әзірлеу жоспарланып отырғандығы айтылды.
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары жоғары оқу орнының материалдық-техникалық базасымен танысып, зияткерлік инжиниринг технологиялары әзірленіп жатқан «Смарт Инжиниринг» құзіреттілік орталығының бүгінгі жетістіктеріне жоғары баға берді. Университет басшылығы өз кезегінде білім беру мен ғылыми зерттеулердің сапасын арттыру бағытында жұмыстар жалғасатындығын айтты.