Білім

Маман тапшылығынан қашан құтыламыз?

– Өткен қаңтар айында болған облыс әкімдігінің мәжілісінде бүгін сөз болғалы отырған мектеп оқушыларына кәсіптік бағдар беру және арнаулы білім алған жастарды жұмысқа орналастыру мәселесі қаралған болатын. Алайда, талдаулар сол жолы берілген тапсырмалардың орындалуы нашар екенін көрсетіп отыр. Мәселен, облыстағы 52 колледждің 27-сі ғана өз түлектерінің жартысынан астамын жұмыспен қамтып отыр.

Маман тапшылығынан қашан құтыламыз?

Дәрігерлерге зәрулік азаймай отыр

Облыстық әкімдікте өткен селекторлық кеңесті осындай деректермен бастаған облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ бұған қоса өңірдегі 27 кәсіптік-техникалық лицейдің бар-жоғы төртеуі ғана барлық түлектерінің 50 пайызының жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ете алғанын да атап көрсетті.

– Жыл сайын миллиардтаған теңге осы саланы дамытуға жұмсалады. Сөйте тұрып, бізде дәрігерлер, педагогтар, құрылысшылар мен тас қалаушылар жетіспейді дейміз. Оқу орындары кәсіпорындармен келісімшартқа отырмайды, өздерінде оқитын болашақ мамандардың тәжірибеден өтуіне нақты көңіл бөлмейді, – деді облыс Әкімі. – Содан кейін әрине, оқу бітірген жастың қайда жүргенінен хабарсыз болып отырады. Ең алдымен жақсы кадр дайындай білу керек. Ал білікті жас маман қай жерде де жұмыссыз қалмайды. Кәсіптік білім беру саласының материалдық-техникалық жабдықталуы жаман деуге келмейді. Біз дуальды білім беру бойынша қанатқақты облыс болып саналамыз. Былтыр осы мәселе бойынша бізде халықаралық конференция да өткенін білесіздер.

Кеңесте баяндама жасаған облыс Әкімінің бірінші орынбасары Ермек Көшербаев сөзін көптеген жоғары немесе орта арнаулы білім алған түлектердің алған мамандықтары бойынша жұмыс істегілері келмейтінінен бастады. Жоғары білім алған жастардың тұрғын үймен қамтылуы мен маман кадрлардың несие алу арқылы пәтерлерге қол жеткізгенін тілге тиек еткен баяндамашы нақты проблемаларды да қалыс қалдырған жоқ.

Оның айтуынша, әсіресе, облыс көлемінде дәрігерлерге зәрулік азаймай отыр. Баяндамашы қазіргі күні облыста 423 медицина қызметкері, оның ішінде ауылдық жерлерге 138 сала маманы жетіспейтінін жеткізді. Олардың денін хирургтер, акушер-гинекологтар, педиатрлар, терапевттер мен реанимация мамандары құрайды екен. Нақтылай айтқанда, Өскемен, Семей, Риддер қалалары мен Жарма, Үржар, Шемонайха және Зырян аудандарында дәрігерлер тапшылығы ерекше байқалып отырған көрінеді. Ал білім саласында 278 маман жетіспейді. Атап айтқанда, химия, математика, физика және ағылшын тілі мұғалімдері қажет.

– Бұл бізде кадрлардың мәселесін шешуге бірден-бір жол ашатын нақты үйлестіру мен жүйеге негізді мониторинг жүргізу жұмысының нашар екенін көрсетеді. Сондықтан меніңше, денсаулық сақтау және білім беру саласын кадрлармен қамтамасыз етудің кешенді тегершігін құру керек. Ал өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы өндірісі салаларына кәсіптік бағдарлау мен жұмысқа орналастыру мәселесіне келетін болсақ, ондағы жұмыс берушілермен нақты жұмыс істеу қажет, – деді баяндамашы.

Осы жерде бүгінгі кеңестің өткізіліп отырылуының себебін нақтылаған аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ:

– Біз жаңа жылға дейінгі деректермен сөйлеп отырмыз. Ал одан бері түлектердің, әсіресе, кәсіптік білім беретін және орта арнаулы оқу орындарының бітірушілерінің қаншасы нақты жұмыспен қамтылғаны туралы беймәлім болып отыр. Бұл мәселеде облыстық білім басқармасы нендей шаруалар тындырды? Бізде 478 медицина қызметкері жетіспейді дейміз. Бұл сала басшылары жоғары оқу орындарының басшылығымен тікелей байланыс орнатып, нақты жұмыс істемейді деген сөз, – деп мәселені төтесінен қойды.

Кәсіптік бағдарлауды ертеден бастаған жөн

Осындай кемшіліктерді көлденең тартқан аймақ басшысы білім саласының ҰБТ бойынша 12 орынға құлдырауы мектепте үздік оқығандардың ҰБТ тапсырмайтынына және олардың басқа мемлекетте оқуға кетіп, қайтадан оралмайтынына сайып, егер олармен мектеп қабырғасында жүргенде бағдарлау, түсінік жұмыстары жүйелі жүргізілсе, мұның болмасы хақ екендігін атап өтті.

«Мәселен, мына тұрған Саратовтағы колледж бен оның іргесінде орналасқан шаруа қожалығының басшылары келіссөз үстеліне отырып, қандай мамандық керек екенін білісіп, одан соң сол сұранысқа орай неге маман даярламасқа? Неге кәсіпке бағдарлауды төменгі сыныптардан бастамасқа? Жалпы, мектептерде белгілі бір оқу орындарының өкілдері кездесулер өткізіп, өздеріндегі мамандықтар жайында айтатын болса, балаға бағыт беру бір жолға түсер еді. Ал бізде мұндай шаруа кенже қалумен келеді. Содан соң маман жоқ деп аузымызды қу шөппен сүртіп отырамыз» деген облыс басшысы облыстық білім басқармасына қарата біраз сындар айтып:

– Бұдан екі жыл бұрын мен сіздерге омарташылар, маралшылар және орманшылар мен құрылысшылар даярлауды қолға алу жөнінде тапсырма берген едім. Оның орындалуы жөнінде айтып беріңізші, кәне? – деп төтелей сұрақ қойды. Бұған облыстық білім басқармасы бастығының орынбасары Айжан Садықова:

– Омарташылық бойынша Бесқарағай мен Саратовтағы колледждерде, ал марал шаруашылығы бойынша Катонқарағайдағы колледжде мамандық ашылса, ал құрылысшыларға қатысты сала қажетсінген талаптар біздің тарапымыздан орындалуда, – деп жауап берді.

Бұдан кейін аймақ басшысы облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығынан «қала, аудан әкімдерімен қанша дәрігер жетіспейтіндігі туралы нақты келісімшарт жасала ма?» деп сұрады. Алайда, сала басшысы бұл сұраққа тұщымды жауап қайтара алмады. Сондай-ақ, облыс Әкімінің: «әр аудан басшылығымен оларға қанша медицина маманы керегі туралы нақты әңгіме жүргізбегеннен кейін осындай тапшылық шыға берері анық. Мемлекет ауруханаларға қажетті құрал-жабдықтар сатып алуға миллиардтаған қаржы бөледі. Мәселен, Зыряндағы ауруханада қанша аппарат жұмыс істемей тұрғанын білесіз бе?» деп төте қойған сұрағына да облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы В.Овсянников нақты жауап бере алмады.

Рас, қазірде жергілікті халық ауруханалардың ем-дом жасауға қажетті құралдармен жабдықталуына шағым жасамайды. Керісінше, оларды дәрігер мамандарының жетіспеуі қатты толғандырып келеді. Осы мәселеге ерекше назар аударған Бердібек САПАРБАЕВ өзекті шаруаның олқы тұстарына тоқталды.

– Біздің өңірде медицина мамандарын даярлайтын жоғары оқу орындары толық жеткілікті болса да, әлі күнге дейін ана мамандық жетіспейді, мынандай дәрігер керек еді деумен келеміз. Неге жоғары оқу орындарында өтетін мамандық жәрмеңкелеріне қатысып, оқу бітіретін жастарды шақырмасқа? Бұл жерде сала басшылары ғана емес, аудан басшылары да білек сыбана жұмыс істеуі керек деп ойлаймын. Елге шақырған жастың қалайда баспана мәселесін шешіп, көтермеақыны уақтылы төлеу жағын тиянақты атқарса, ауылға бармайтын маман болмайды деп есептеймін. Тағы қайталауға тура келеді, басшы, оқу бітіруші түлек болып, өзара келісімшартқа отырса, маман жетіспеушілігі деген проблема азаяры сөзсіз. Облыс Әкімі медицина және педагог мамандарын даярлау үшін арнайы грант тағайындайды. Ал нәтиже көңілге қонбайды. Турасын айтқанда, аталған сала басшылары әкімдіктермен жұмыс істеуді қойғансыздар, – деді облыс Әкімі.

Бірлесіп атқармай іс бітпейді

Селекторлық кеңесте аудан басшыларының мәліметтері арнайы бейнекөрсетілім арқылы тыңдалды. Мәселен, өткен жылы Риддерде қызметке келген жеті маманға көтермеақы төленіпті. Жалпы жас мамандар үшін арнайы жатақхана да тұрғызылмақшы екен. Ал қала іргесіндегі Глубокое ауданында 11 дәрігер жетіспейді, алайда, жақында ғана аудан әкімінің орынбасары Семей мемлекеттік медицина университетімен келісім жасап, 8 маманды шақырып келіпті. Сондай-ақ, Зырян ауданының әкімі Е.Сәлімов ауданда дәрігерлерге қатысты нақты шаруалар қолға алынып, келісімшарттар жасалғанын, жас мамандар ол жаққа қызметке баруға мүдделі екенін айтты.

Кеңесте сөз алған Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың ректоры Нұрлан Темірбеков өткен жылы 1174 түлек бітірсе, қазір оның 845-і алған мамандықтары бойынша, ал 50-і өзге салада жұмыс істеп жүргенін, солай бола тұрса да, әлі де 86 түлек жұмыссыздар қатарында екенін жеткізді. Олармен университеттегі мониторинг бөлімі айналысып жатқан көрінеді. Бүгінде 287 түлекке қатысты келісімшарт жасалып қойылыпты. Оның айтуынша, еліміздегі беделді жоғары оқу орны болып табылатын университетте келесі айдың 3-інде мамандар жәрмеңкесі өтпек екен. Былтыр өткен сондай жәрмеңкеге 70 кәсіпорын қатысып, өздеріне қажетті мамандарды таңдап алыпты.

Сонымен қатар, кеңесте Семей медицина университетінің проректоры оқу орнында нақты база жасалғанын, түлектерге өз облысымызда қызмет ету турасында кеңестер берілетінін айта келіп, негізінен ауруханалардың бас дәрігерлері жергілікті әкімдермен тығыз байланыста жұмыс істесе ғана күткен нәтижеге қол жеткізуге болатынын атап өтті.

Басқа да аудандар басшылары бейнекөрсетілім арқылы өздеріне мамандар тарту, оларға ұсынылатын әлеуметтік пакеттер бағамы жайында баяндады.

Биылғы жылы өткізілетін ҰБТ туралы Валентина Колпакова деректер беріп өтті. Оның сөзіне қарағанда, өзі қызмет істейтін ШҚМТУ-да Өскеменнің 22 және Глубокое ауданының 23 мектебінің түлектері ұлттық тестілеуден өтпек екен. Қазірдің өзінде аталған университетте 800-дей мектеп оқушысы дайындық курсынан өтіпті.

Негізінен техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің мәселелері сөз болған кеңесті қорытындылаған облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ:

– Білімді ұрпақ даярлау бар да, оларды таңдаған мамандығы бойынша қызмет етуге тарту бар. Сондықтан біріншіден, әр баланы 5-6 сыныптан бастап белгілі бір бағытқа бағыттау керек, ал мектепті үздік бітіргендер өзімізде қалуы үшін жұмыс істеген жөн. Жалпы, әр мамандық бойынша даярлау мен жұмысқа орналастыруда нақты механизм қалыптастырмаса, нәтиже ойдағыдай болуы мүмкін емес. Мәселен, былтыр ғана оқуға арнайы квотамен барған 83 студент оқудан шығып қалғаны белгілі болып отыр. Негізі барлық оқу орындарында мамандарды жұмысқа шақыру бойынша жәрмеңкелер өткені дұрыс деп санаймын. Білім берген оқу орны мен жұмыс берушілер арасында нақты жұмыс болса ғана күткен нәтижеге қол жеткіземіз, – деп атап көрсетті.

Ғафура Сәрсенбайқызы

Осы айдарда

Back to top button