Маман даярлауға маңыз беріп отыр

Колледж түлектері сұранысқа ие болу үшін не істеу керек? Өндірісте тәжірибеден өтуге қалай қол жеткізуге болады? Кәсіптік білім берудің осы және басқа да өзекті мәселелері Зырян ауданында өткен Кәсіпкерлер кеңесінде талқыланды.
Зырян технологиялық колледжіндегі кездесуге ауылдық арнайы оқу орындарының директорлары, жұмыс берушілер, жұмыспен қамту орталығының, Зырян аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру бөлімінің басшылары жиналды.
Кәсіпкерлер палатасы Зырян филиалының директоры Алтынай Алишева Президент Жолдауында адами капиталды дамыту міндеті қойылғанын атап өтті. Кәсіптік білім беру жүйесін жаңғырту ғана емес, сонымен қатар кең көлемде бірыңғай электрондық еңбек биржасын енгізу қажет.
Аудандық Кәсіпкерлер кеңесінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты, «Шығысагрохолдинг» ЖШС-нің директоры Ержан Нұрбаев кадр жетіспеушілігі жайында:
– Бүгінгі күні бірқатар салаларда мамандар жетіспейді. Ірі кәсіпорындар маман даярлау үшін өз оқу орталықтарын ашуға мәжбүр, – деп атап өтті.
Зырян ауданында алты колледж жұмыс істейді. Түлектердің жұмыспен қамтылуы мамандығына қарай 31 мен 100 пайыз аралығында ауытқиды. Оның үстіне, жұмыс берушілер даярланған мамандардың біліктілігіне жиі сын айтады. Мәселен, кәсіпкер Әлия Уәлиева жұмысқа қабылданған қасапшылардың пышақ ұстай алмайтынына шағымданды, ал сатушылар тауарлық көршілестік туралы ештеңе естімеген. Кәсіпорындар оқу орындарын жазғырады, ал оқытушылар болса материалдық-техникалық базаның әлсіздігін, өзгертуді қажет ететін ескірген оқу бағдарламаларын тілге тиек етті.
Кәсіпкерлер мен колледж басшылары кездесу аясында ортақ шешімдерді табуға тырысты.
Ержан Нұрбаев ауылдық арнайы оқу орындарында даярланатын мамандықтарға талдау жасауды ұсынды. Аудан үшін бүгінгі таңда олар қаншалықты өзекті және қандай жаңа мамандықтар қажет? Серебрянка технологиялық колледжінің директоры Нұрбек Арыстанғалиев бүгінде сантехник мамандығы сұранысқа ие болғанымен, оларды оқытатын оқытушылар жоқ екенін айтты. Кейбір оқытушылар зейнеткерлік жасына жетсе, жас мамандар жалақының аздығынан колледжде қызмет етуге құлықсыз.
Көзқарасты өзгерту керек
Кездесуде ауылдық арнайы оқу орындарын жекеменшікке беру қажеттігі көтерілді. Зырянда құрылыс және көлік жекеменшік колледжі он бір жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оқу орны талапкерлер арасында жоғары беделге ие. Мұнда жалпы саны 600-ден астам студент оқиды.
-Біз менеджерлер, тәрбиешілер, тау құрал-жабдықтары мен автокөлікке қызмет көрсету және жөндеу жөніндегі техниктер сияқты орта буын мамандарды даярлаймыз, – деді колледж директоры Надежда Лиханова. – Барлық мамандар сұранысқа ие, еңбек нарығына бейімделуге тырысамыз.
Колледжде оқушылардың 40 пайызы мемлекеттік тапсырыспен, тегін оқиды. Штатта 35 оқытушы бар. Олардың жалақылары мемлекеттік ауылдық арнайы оқу орындарындағы әріптестерінікінен жоғары.
-Басты мәселеленің бірі – тәжірибеден өтетін базаны іздеу, – дейді Надежда Лиханова, – Біз ауданымен шектелмейміз, «Азия Авто» және «Кэмонт» АҚ-мен келісім бар. Оқушыларды облыс орталығына экскурсияға ірі кәсіпорындарға тәжірибеден өтуге апарамыз.
Директор оқу бағдарламасының кемшін тұстарын да тілге тиек етті:
– Өндірісте сызуға арналған компьютерлік бағдарламалар баяғыда-ақ енгізілген. Алайда біз әлі күнге дейін кеңестік стандарттармен, сызбаларды қағаз бетіне қарындашпен сызуды үйретеміз. Кейін өндіріске келген түлекке қайтадан үйренуге тура келеді. Президент дұрыс айтты, дүниетанымды өзгерту керек.
Зырян технологиялық колледжі директорының орынбасары Толқын Маутиева оқу орнының ұжымы оқытудың модульді технологиясын, бір оқушыны бірнеше мамандық бойынша даярлауды енгізуді жоспарлап отырғанын атап өтті. Бүгінде колледжде 250 бала оқиды.
Сауыншы емес, оператор
Аграрлық секторға мамандар даярлайтын оқу орындарының алдында да күрделі міндеттер тұр. Зырян ауылшаруашылық колледжінде машинист-трактористерді, электрдәнекерлеушілерін және аспаздарды оқытады. Директордың орынбасары Людмила Николаеваның ақпараттарына сүйенсек, бүгінгі таңда колледжде 90 оқушы оқиды. Өкінішке қарай, оқу орнының материалдық-техникалық базасы балаларға заманауи ауылшаруашылық техникалары туралы толық түсінік бере алмайды.
Басқа мамандықтарға қатысты да осыны айтуға болады. Мәселен, фермаларға жай сауыншылар емес, сауын аппаратының операторлары қажет. Ержан Нұрбаев атап өткендей, барлық колледждердің материалдық- техникалық базасын жаңартамыз деу – утопия. Әлеуетті жұмыс берушілердің мүмкіндіктерін пайдаланып, ауыл шаруашылығы құрылымдармен бірлесу қажет.
Кәсіпкерлер кеңесінің мүшесі, «Нивы Чапаево» ЖШС-нің директоры Жанатбек Бұғыбаев шаруа қожалықтарының басшылары оқу үрдісіне қатысуға дайын екенін және әр студентті бірінші курстан бастап бір кәсіпорынға бекіту қажеттігін ескертті. Ауылшаруашылық колледждерінің студенттері көктемгі егіс пен күзгі жиын-терін жұмыстарын өз көздерімен көруге тиіс. Әзірге студенттер шаруа қожалықтарында тәжірибеден өтуге қыс мезгілінде ғана жіберіледі.
Студенттердің оқу үдерісіне белсенді қатысуы қажеттігін Кәсіпкерлер кеңесінің тағы бір мүшесі, «Шығыс Құрылыс» ЖШС-нің директоры Сергей Оградов та қолдады.
Алайда кадрларды даярлауға қатысуға әзір жауапты жұмыс берушілер, қатары онша көп емес. Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру бөлімінің басшысы Татьяна Шидычтың айтуынша, көптеген студенттер тәжірибе кезінде қолдарына тек күрек ұстағандарын айтқан. Жұмыс берушілер жастарға сеніңкіремейді, әрі олармен уақыт өткізгілері келмейді.
… «Восток» шаруа қожалығының басшысы Сергей Ерышев жергілікті колледждерде омарташыларды даярламайтынына өкініш білдірді. Ержан Нұрбаев жұмыс берушілерге ұн тартатындар мен май өнімдерін қайта өңдеу саласының мамандарын табу қиын екенін айтты.
Кәсіпкерлер кеңесінің мүшесі Александр Морозов колледждерді мамандандыруға қайта оралу жөнінде ұсыныс айтты. Оның пікірінше, әрбір аудан мен қалада барлық саланың мамандарын даярлаудың қажеті жоқ. Мысалы, облысқа омарташыларды даярлайтын бір-екі колледж әбден жеткілікті. Басқа жақтан келген балаларды оқыту үшін оларға жатақхана қажет.
Қысқа мерзімді кәсіптік курстарды ұйымдастыруға жан-жақты тоқталған Зырян жұмыспен қамту орталығының директоры Берікбол Бекбосынов, кадрларды даярлаудың мемлекеттік бағдарламалары мен қолдау шаралары жөнінде айтып берді.
Кездесуде көптеген ұсыныстар айтылды. Мәселен, колледждегі оқу үдерісін нақты кәсіпорынның жұмыс үлгісіне ыңғайландырып жүргізу немесе ауыл шарушылығы колледжінің студенттері үшін жазғы каникулды қысқы каникулға алмастыру сияқты пікірлер айтылды.
-Барлық ұсыныстар мен бастамалар алдағы уақытта қолға алынатын жұмыстардың негізі болады, – деді Алтынай Алишева. – Облыстық білім басқармасы мен кәсіпкерлер палатасының облыстық филиалына хаттар жолдаймыз. Одан кейін студенттердің өздерімен әңгімелесу жоспарланған. Жалпы алғанда, ауданда кадрларды даярлау мәселесіне жеткілікті көңіл бөлінуде. Колледждердің қызметі назардан тыс қалмайды. Аудан әкімі Нұржан Тоқсейітов тарапынан жақсы қолдау көрсетілуде. Толық кешенді шаралар жасалған. Алдағы міндет – мүдделі тараптардың басын қосып, бірлесе жұмыс істеу, кәсіптік даярлық сапасын тек солай ғана арттыруға болады.
Оксана Сосновская
Зырян ауданының әкімі Нұржан Тоқсейітовтың тапсырмасымен кәсіптік-техникалық білім беру мен кадрларды даярлау жөніндегі аймақтық кеңес құрылды. Оның құрамына билік өкілдері, ірі кәсіпорындар мен ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшылары, колледждер директорлары, депутаттар кірді.
Аудандағы еңбек нарығының жағдайына мониторинг жасау алғашқы бірлескен жоба болып табылды. Сұранысқа ие мамандықтардың тізімі жасалды. Қысқа мерзімді оқу курстары ұйымдастырылып, оны 300 адам бітіріп шықты. Сонымен қатар кәсіптік бағдар жұмысы белсендірілген.