Әлеумет

МАЛЫМЫЗ ДА, БАЛЫМЫЗ ДА ХАЛЫҚҚА

Қылышын сүйретіп қыс та келіп жетті. Бүгінгі таңдағы мал ұстаған халықтың басты уайымы –  қолындағы малдың қыстық жемшөбі. Бұл науқанға жүрдім-бардым қарамайтын Үржар ауданының әкімдігі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерімен 2022-2023 жылдың қыстамасына 222,1 мың тонна қатаң мал азығы (шөп), 12,0 мың тонна пішендеме, 22 мың тонна сабан және 19,9 мың тонна жем дайындады.

Биыл ауданда аналық ірі қара малының селекциялық-түрлендіру жұмыстарымен 297 шаруа қожалығы айналысты. Жұмыс барысында тауарлық табындарда 612 бас асыл тұқымды бұқа қолданылып, селекциялық-түрлендіру жұмыстарымен қамтылған аналық ірі қараның саны 15 300 басқа жеткізіліп, аудан бойынша жалпы аналық ірі қараның  25,8%-ын  құрады. Облыс бойынша үлесі – 20,0%.

Алға қойылған міндетіміз аудан бойынша селекциялық-түрлендіру жұмыстарымен қамтылған аналық ірі қараның үлесін 50,0%-ға жеткізу.

Ағымдағы жылы ауданымызға еліміздің басқа облыстары мен аудандарынан 123 бас ірі қара мал, 1000 бастың үстінде ұсақ мал, 38 бас жылқы сатып әкелінді.

Биыл мемлекет тарапынан қарастырылған түрлі бағдарламалар шеңберінде қаржылық институттар арқылы аудан бойынша барлығы 805,4 млн. теңгеге 49 жоба қаржыландырылды. Соның ішінде «Агробизнес» бағдарламасы шеңберінде 672,5 млн. теңгеге 20 жоба, «Іскер» бағдарламасы аясында 112,9 млн. теңгеге 28 жоба, «Кең-Дала» бағдарламасы бойынша 20,0 млн. теңгеге бір жоба несиелендірілді.

Сонымен қатар қазан айының басында Семей қаласының «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның өкілдері ауданға арнайы шақырылып, «Іскер» бағдарламасы шеңберінде 71,9 млн. теңгеге 10 жобаның құжаттары өткізіліп, қазіргі таңда қаралуда.

Бүгінгі күні «Іскер» және «Агробизнес» бағдарламалары бойынша 106 млн. теңгеге 33 жобаның құжаттары жинақталып жатыр.

Ауданда 4915 бас ірі қара малына арналған 18 мал бордақылау алаңы мен тоғыз мал сою пункті және бір мал сою алаңы халыққа қызмет көрсетуде.

Үш мың басқа арналған  «Алғабас» шаруа қожалығының мал бордақылау алаңы жұмыс істеп тұр. Мақаншы ауылында орналасқан «Бәкей» шаруа қожалығының 200 басқа арналған мал бордақылау алаңын 1000 басқа дейін ұлғайту жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылуда. Бүгінгі күні сыйымдылығы 600 басқа жеткізілді.

Ара шаруашылығын дамыту бойынша да ауданда бірқатар жұмыс атқарылуда. Аудан көлемінде ара шаруашылығымен 130-дан астам шаруашылық, оның ішінде   13 асыл тұқымды ара шаруашылығы шұғылданады. Олардағы 7215 дана ара ұясынан орта есеппен жылына 350 тонна бал өндірілуде. Ауданда өндірілген бал өнімдері өңірден  тыс жерлерде Алматы, Семей, Өскемен қалаларында саудаланады.

  Е.Болатов

Үржар аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы

 Үржар ауданы.                                                                 

 

Осы айдарда

Back to top button