Мал тұзын минералды қоспаларымен қоса шығарып отыр
Былтырдан бері шақпақ мал тұзын өндіре бастаған «УКА сТ» несиелік серіктестігі таяуда өз өнімдеріне бір емес, бірнеше минералды қоспалар түрін қосып шығаруға кірісті. Құрамында кальций, тотияйын, темір минералдары қоспалары бар мал тұзын сатып алуға деген сұраныстың жоғарылауынан шағын кәсіпорынның өндіріс көлемі бүгінде өткен жылғыдан еке есеге жуық артып отыр.
Онсыз мал қоңданбайтын, төрт түлік салмақ қоса алмайтын айрықша азық – тұз екенін ауыл жұртынан артық ешкім білмес. Таратылған кеңшарлармен бірге жоғалып кетіп, еліміздегі ең тапшы мал азығына айналып келген сол мал тұзы енді өзімізде, Өскеменде, Самар шоссесі бойындағы жаңа өндіріс орнында өндіріліп жатқаны туралы былтыр жазғанбыз.
Алғашында жартылай қуатында жұмыс істеп жатқан кәсіпорын қазіргі күні жобалық толық қуатына көшкенін көрдік. Мұнда бір ауысымда төрт тонна мал тұзы өндіріліп жатыр.
Серіктестік басшысы Уалхан Қалиақпаров бізді кірпіш тәрізді қатар-қатар етіліп жиналып қойылған мал тұзы қоймасына қарай бастап жүрді. Тұздың өзін, темір, йод, кальций минералдарын жемеген сиырдың сүті, қойдың жүні аз болатынымен қоса малдардың ішек құрты сияқты түрлі ауруларға шалдыққыш келетінін, қоспалардың бұдан басқа да қасиеттері көп екендігін айтып, өздерінің өнімдері мен жұмыстарының қыр-сырын тәптіштеп түсіндірген кәсіпкермен бірге қойманың жанындағы өндіріс цехына да жеттік.
Балқаш, Павлодар өңірлерінен вагон-вагон болып жеткізіліп жатқан қара тұз үгітіліп, жуылып-шайылып, кептіріліп, нығыздалып, төрт бұрышты қалып күйінде шығарылуда. Бесаспап құрал жабдықтар ықшам болғанымен, осыншама бар шаруаны бір желінің бойында- ақ атқарып тұр. Салмағы бес келілік бір шақпақ тұздың бағасы – 200 теңге. Ішіне минералды микроэлементтер қосылған шақпақтар болса 250 теңгеден. Толайым сатып алушылар үшін басқа баға. Осы ауысымда шығарылып жатқан минералды тұздар Жарма ауданындағы « Шалабай» ЖШС-нің тапсырысы екен.
– Елімізге Ресейден тасылып отырған дәл осындай бес келілік мал тұзының құны 2000 теңгеге жетеді дегенге сіз сенбессіз, бірақ солай. Олардың құрамында минералды заттар мол деген күннің өзінде бұл бағаның аспаннан алынып қойылғаны айдан-анық, – дейді бізді өз өндірістерімен таныстырған Уалхан Қалиақпаров. – Кеңестер Одағы кезінде малшыларға тұз тегін таратылып, жайлауға дейін жеткізіліп берілетін. Тұздың малға деген қажеттілігі, әсіресе жазғы маусымда, төрт түлік түгел өріске шыққанда күрт арта түседі. Тұз жаламаған мал қандай шөппен қоректенсе де, салмақ қоспайды. Ол заман кеткеннен кейін, мал тұзы мүлдем жоғалды. Сөйтіп, мал шаруашылықтары, ауыл тұрғындары үшін кәдімгі қара тұз таңсық дүниеге айналды.
Ағайынды Уалқан, Алтай Қалиақпаровтар жаңа өндірістерін ашқанға дейін де қарекет қылып, мал тұзын сатумен айналысыпты. Семей жақтағы Қарабастұз жерінің ұсақ тұзын тасып, облыс шаруашылықтарына жеткізіп келген. Шаруа қожалықтарының, мал ұстап отырған ауыл тұрғындарының тұзға деген үлкен сұранысын байқаған кәсіпкерлер тәуекелге бел буып, осылайша өңірде жоқ өзгеше өндіріс – мал тұзын өндіруді қолға алады.
Әуелгі жұмыстары қаржы алудың жолдарын іздестіруден басталыпты. Кеңесе келе, «УКАсТ» несие серіктестігін құрып, «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау бағыты бойынша несиелік серіктестік құру негізінде алған 27 млн. теңге несие қаржысына Қытайдан мал тұзын өндіретін құрал-жабдық сатып алып келіп, орнатады. Елімізде де, жақындау дейтін Ресейде де шығарылмайтын күрделі құрал-жабдықтарды іске қосу, қытайша жазылған техникалық нұсқау қағаздарын оқып, түсіну энергетик, құрылысшы сынды жоғары білімді, білікті азаматтардың өзіне де оңай соқпапты.
Қазір жабдықтарды монтаждау, өндірісті ұйымдастыру сияқты түрлі қиындықтардың бәрі артта қалып, шағын кәсіпорын өндірісі қара тұзды бұрқ-сарқ еткізіп, қарқынды жұмыс істеп жатыр. Бір жарым жылға жуық уақытта тұрақты тапсырыс берушілерін тауып үлгерген өскемендік кәсіпкерлердің мал тұзы өндірісі Қазақстандағы жалғыз-жарым, бірегей өндіріс болып отыр. Мұндай өнім әзірге Петропавл қаласында ғана шығарылып жатыр.
Шақпақ тұздың ортасы ойық. Қадаға қадап қойса, мал әрі-бері айналдырып, жалай береді. Шағын кәсіпорын шығарып жатқан тұз қысы-жазы сұраныста. Күршім, Тарбағатай, Ұлан, Шемонайха, өзге де аудандардың үлкенді-кішілі шаруа қожалықтарымен қоса, «Восток Молоко» сияқты ірі кәсіпорындар да өз шаруашылықтарына қажетті мал тұзын осы жерден сатып алуда.
Уалхан Қалиақпаров алдағы уақытта тұзды көршілес облыстарға да саудалауды жоспарлап отырғандығын айтты. «Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала» деген, іргемізде Қарабастұздың тұзы тұрса да, кәсіпорынның тұзды сонау Балқаштан, Павлодардан тасымалдауының сыры неде екенін сұрадық кәсіпкерден. Оның сыры өзіміздікінің әлдеқайда қымбат әрі сапасыздығында көрінеді.
Келешекте тұздың құрамына бор, селен тәрізді өзге де минералды заттар қосылып өндірілмек. Қазір ауыл шаруашылығы мамандарымен, облыс орталығындағы жоғары оқу орындары ғалымдарымен әр аудандағы жайылымдықтардың шөбінің құрамын зерттеу бағытында жұмыстар жүргізілуде. Себебі, жергілікті жерлердегі жайлаулардың, өрістердің шөбінің құрамындағы минералды заттардың көлемі әртүрлі болып келеді. Сол талдау, зерттеулерді ескере отырып, түрлі дәрумендік макро, микроэлементтер қосылған тұздардың көлемін көбейте бермек ойда.
Елімізде агросекторды, егін, мал шаруашылығын өркендетуге орай арнайы жасалып, жүзеге асырылып жатқан «Агробизнес-2020» бағдарламасындағы баса мән беріліп отырған бүгінгі күннің өзекті мәселесі -мал азығын дайындау, малдың өсіп-өнуіне тиімді азық қорын әзірлеу. Ауыл шаруашылығына қажетті осындай қат, өтімді дүниені өндіріп жатқан кәсіпкердің жаңа өндірісі жұмыссыз жүрген он шақты адамға тұрақты жұмыс орны да болып отыр.
Жанаргүл Мұқатай