Экономика

Мал тұқымын асылдандырудан көш бастады

Мал тұқымын асылдандырудан көш бастады

Қарт Шыңғыстау – ежелден қойнауынан түлік өрген қазақтың құтты мекені. Соңғы жылдары Абай ауданында мал шаруашылығын өркендету түбегейлі қолға алынып, мал тұқымын асылдандыру бағытында облыс бойынша алдыңғы қатардан көрініп келеді. Бұған өткен жылы мүйізді ірі қараның аналықтарын тұқымдық түрлендіруден республика көлемінде жетінші орынды иеленгені дәлел.
Қазіргі уақытта төрт түлікті асылдандыру мақсатында көрші аудандармен де байланыс нығайып, тіпті, шет елдерден асыл тұқымды мал әкелудің орайы келе бастаған. Бұл, әрине, ауылшаруашылығы саласындағы мемлекеттік бағдарламалар мен Үкімет тарапынан қарастырылған жеңілдіктерді тиімді пайдалана білудің нәтижесі. Нақты айтар болсақ, Абай ауданында ауылшаруашылық өнімдерін өндірумен айналысып отырған 512 шаруа қожалығы және 3441 жеке меншік қосалқы шаруашылық бар. Соның ішінде мал тұқымын асылдандыруды жолға қойған шаруашылықтардың саны 42 болса, қой тұқымын асылдандыруға 23 шаруашылық назар аударып отыр. Расы керек, аудандағы шаруашылықтардың иелері өз кәсібін дөңгелетуге ерекше ден қойғаны жыл өткен сайын байқалып келеді. Бүгінгі күнде кейбір шаруашылықтар өз қаражаты есебінен 363 бас асыл тұқымды аналық және 88 бас асыл тұқымды бұқаларды сатып алып, төл санын арттыруға ден қойған. Қырдағы ағайын үшін мемлекеттік бағдарламалар бойынша қарастырылған көмектің де көп септігі тиіп тұр. «Сыбаға» бағдарламасымен биыл 47 бас мүйізді ірі қара, «Құлан» бағдарламасымен 219 бас жылқы, «Алтын асық» бағдарламасымен 217 бас жылқы сатып алынғаны сөзімізге дәлел.
Сонымен қатар шаруа қожалықтарын ірілендіріп, ауылшаруашылық серіктестіктерін құру жұмысының жанданғаны да жақсы нышан. Биыл «Қарауыл» ауылшаруашылық серіктестігі құрылып, оның құрамына төрт шаруа қожалығы енген. Келешекте мұндай жұмыстар барлық ауылдарда жалғасатын болады.

Сәтжан Қасымжанұлы
Абай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button