Білім

Мақсаты – оқушы жүрегіне жол табу

Бүгінгі таңда облыстық білім басқармасы көптілді білім беруді дамытудың 2022-2024 жылдарға арналған кешенді жоспарын іске асырып жатыр. Жыл сайын облыстың тілдік пәндерінің үздік педагогтарын ынталандыру да жақсы жолға қойылған. Сондай үздік педагогтардың бірі облыстық математика, физика, информатика саласындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Толкын Амангелдіқызы Жанахметова.  

Толкын Амангелдіқызы – педагогика ғылымдарының магистрі, педагог-шебер, «Үздік педагог-2022» марапатының иегері. Директордың ғылыми-әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасары. Сонымен қатар Толқының өзі көптілді білім беруді дамыту жөніндегі кешенді жоспарды іске асыру бойынша жұмыс тобының мүшесі.

Оның педагог ретіндегі негізгі мақсаты – алдында отырған әр оқушының  жүрегіне жол тауып, білім нәрін сіңіруге жан-тәнімен тырысу. Өзге ұлт оқушыларына қазақ тілін мәдениетаралық қарым-қатынас құралы ретінде меңгерту, мемлекеттік тілді қадірлейтін, қоғамдық мәнін түсінетін тұлға қалыптастыру,  күнделікті тұрмыста, қоғамдық орындарда тілдік шектеуді сезінбей өзін еркін ұстауына мүмкіндік туғызу.

Толкын Амангелдіқызы – үнемі өз білімін жетілдіріп отыратын педагог. Ол оқыту барысында белсенді әрекетті ұстану үшін жеке, жұптық, топтық, ұжымдық жұмыс түрлері арқылы әтүрлі әдіс-тәсілдерді, оқыту стратегияларын, бағалау құралдарын пайдаланады. Заман ағымына қарай ақпараттық-коммуникациялық технологияларды, Online Mektep, LearningApps, Mozaik Education, Kahoot, Wordwall, Google forme, QR-код және басқа электронды ресурстарды да тиімді қолданады.

Педагог жұмыс тобының, шет тілдері мұғалімдерінің әдістемелік бірлестік отырыстарында сөз сөйлеу арқылы өзінің педагогикалық тәжірибесін кеңінен таратып, қала және облыс деңгейінде шеберлік сыныптарын өткізеді. Мектептің инновациялық жұмысына қатысып, болашақ мамандарға, яғни жоғары оқу орындары мен колледж студенттеріне  тәлімгерлік етеді. Сонымен қатар дарынды оқушыларды пән олимпиадаларына, конкурстарға даярлайды. Тілдік дағдыларды дамыту үшін оңтайлы жағдайлар жасайды.

Өз ісін шексіз сүйетін Толқын Амангелдіқызындай ұстаздың еңбегі әрқашан дәріптеуге лайық. Осындай ұлағатты ұстаздар барда ел болашағы да жарқын болары сөзсіз.

Didar ақпарат

 

Осы айдарда

Back to top button