БЖЗҚ

Мақсат – ақпаратты жеткізудің үздік тәсілдерін іздеу

YouTube – қызметтерді немесе белгілі бір өнімді жылжытудың ең қолжетімді, түсінікті, келешегі жарқын жолдарының бірі. Көптеген компаниялар осыны түсінгендіктен, өздерінің YouTube арналарын жасайды.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры да өз салымшылары, алушылары және қазақстандық жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қызығушылық танытқандардың барлығына да көптеген пайдалы әрі қажетті нәрсені білуге болатын, сонымен қатар олардың қаржылық сауаттылығын арттыратын заманауи алаңды ұсына отырып бұл үдерістен де шет қалмады.

Жазылушыларға ыңғайлы болу үшін барлық ақпарат қазақ және орыс тілдерінде беріледі.

Бейнематериалдар тақырыптық ойнату тізімдеріне бөлінген: жылдар бойынша жаңалықтар мен түсініктемелер, БЖЗҚ-ның бейненұсқаулықтары, Zeinet.kz/Пенсия.kz. бағдарламаларының шығарылымдары, «Зейнетақы жүйесі туралы екеуара әңгіме» айдары аясындағы сұхбат.

Сонымен, БЖЗҚ-ның YouTube арнасы жазылушыларға не ұсына алады?

Мұнда сіз зейнетақы қызметтерін пайдалану бойынша қадамдық бейненұсқаулықтарды тамашалап, мәселен, мынадай сұрақтарға жауап ала аласыз:

– өз зейнетақы жинақтарының инвесторы болу үшін не істеу керек?

– зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын неге және қалай алуға болады?

– болашақ зейнетақыны қалай есептеуге болады?

– «Жеке кабинетті» қалай пайдалануға болады?

Сондай-ақ басқа да көптеген бейнекеңестер бар. Оларды зерделей отырып БЖЗҚ-ның сайтында немесе ұялы қосымшасындағы кез келген функцияны оп-оңай меңгересіз.

Пайдалы ақпаратты жеке эпизодтарға бөлініп, жаңадан түсірілген егжей-тегжейлі сюжеттерден де алуға болады. Бұл пайдаланушыға бір материалдың ішінен қажетті сұрағын немесе талқыға салынып отырған тақырыбын оңай табуға мүмкіндік береді.

Арнадан БЖЗҚ мамандарының да, шақырылған сарапшылардың да пікірлерін көріп, тыңдауға болады. 31-телеарнадан көрсетілетін Zeinet.kz/Пенсия.kz бағдарламасының барлық шығарылымдарын да осы YouTube арнадан таба аласыз.

Қысқа бейнематериалдардан басқа, сұхбат түрінде берілетін күрделі сараптамалық бағдарламаларды да байыптап, бағасын беріп отырсаңыз болады. Жүргізушілер өз қонақтарына тосын әрі өткір сұрақтарын қойып, жауап ретінде сындарлы кәсіби пікір алады. Бұл кейбір «сарапшылардың» қаңқу әңгімелері мен сылдыр түсініктерінен түбегейлі ерекшеленеді.

Бұл YouTube арнасында көптеген ақпарат бар және әркім өзіне қажетті ақпаратты табады деп үміттенеміз. Біздің арнаға жазылыңыз, ыңғайлы болу үшін төменгі жағындағы QR кодын қолданып, «лайк» басып, түсініктеме беріңіз, сұраңыз! Біз әрдайым қуана жауап беріп, көмекке келуге дайынбыз!

P.S. Бейнежазбаны көрген кезіңізде алдымен жариялаған күніне назар аударыңыз! Өйткені БЖЗҚ ақпаратты үнемі жаңартып отырады. Арнаға өзекті нұсқа ғана жүктеліп, ескі бейнежазбалар жойылмай, мұрағатта сақталып қалады. Сол себепті пайдаланушы 2015 жылғы бейнежазбаны көріп, оның ескірген ақпарат екенін байқамай қалуы әбден ықтимал.

 Әзірлеген Айжанат Ихсанова

 

Осы айдарда

Back to top button