Магистрлерді даярлау тиімсіз бе?
Ғалым даярлаудың алғашқы баспалдағының бірі магистрант десе, оларды дайындаудан университеттер қашады.
Еліміздегі университеттер үшін магистрант даярлау тиімсіз көрінеді. Қазақ қоғамы ғылымнан ұтылмауды ойласа, университет ректорлары ақшадан ұтылмауды көздейді. Ол туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек өзі айтып, ендігі кезекте магистрант пен докторант құнын өсіру керектігін үкімет отырысында тілге тиек етті.
– Елдегі жоғары оқу орындарының көбі әлі зерттеу форматына көшпеген. Оның бірнеше себебі бар. Бастысы – жоғары оқу орындары ректорларының магистрлар мен PhD-докторанттарды даярлауға қатты мотивациясы жоқ. Неге десеңіз, магистр грантының құны – 380 мың теңге. Ал бакалавриат грантының құны – 1 миллион теңгеге жуық. Сонда ректор былай ойлайды: қазір бакалаврды қабылдасам, ол маған төрт жылда 4 миллион теңге әкеледі. Ал магистрді қабылдасам, ол екі жылда маған бір миллион әкелмейді. Сондықтан біз осы жылдан бастап магистратура, докторантура гранттарының құнын өсіреміз, – деді министр.
Осылайша, алдағы уақытта олардың құны кемінде бакалавриаттың құнымен теңесіп, 1,5-2 миллион теңге көлемінде болмақ. Нәтижесінде жоғары оқу орындарының магистр даярлауға деген қызығушылығы артады.
Алтай Ғали-Асқар