Мақаншыда керемет бір мұражай бар

Әйгілі әнші, дүлдүл ақын, дарынды композитор Әсеттің басқаларға ұқсамайтын ерекше қасиеті бар деп санайды әйгілі әсеттанушы Әбен Разуев. Оның айтуынша, құйқылжыған, әуезді әуеннің құлаққа жетері де тез, әрі сіңімі де тез. «Әуен орындалғаннан кейін, жаның жай табады. Үн бірден барып шарықтап көкке өрлейді де, баяу бәсеңдеп, енді бірде бетіңді сипап өткен майда желдей есе береді. Бір қарасаң, толқындай тулап барып, лықсып басылады. Өрнектеп, мың құбылтып айтатын осы қасиет тек Әсеттің ғана қолынан келеді», – дейді ол. Әсет ақынның бүкіл ғұмыры Үржардың Мақаншы өңірінде өтіп, тамаша өлеңдері мен сырлы дастандары, әсем әндері мен тапқыр ойлы айтыстары Алакөл жағасында, Еміл бойында, Барлық тауының бөктерінде дүниеге келді. Қазір Мақаншы ауылында асыл қазынаның қамбасындай болған Әсеттің бірегей мұражайы тұр.
Ашылғанына ширек ғасыр толып отыр
– Осыдан 25 жыл бұрын, яғни 1992 жылы Әсеттің туғанына 125 жыл толу мерекесін республика деңгейінде ел болып тойлап едік. Жиырма бес жыл деген не тәйірі, өте шықты. Әне-міне дегенше, ақынның туғанына 150 жылы да келіп жетті, – дейді Әсет Найманбайұлы мұражай бөлімінің жетекшісі, мәдениет қайраткері Әбен Разуев.
Соңғы жылдарда Әсеттің ән өнерін жаңғыртып, насихаттайтын ғажайып шаралардың аудан көлемінде, облыс, республика шеңберінде өтуі көңілге медеу тудырып, үміт ұялатады. Кезінде өз шығармашылығының өшкін тартып, бүгінде жаңадан тың қарқын алып түлеп келе жатқанын қайран Әсет бабамыз білмеген шығар. Егер білсе,
Менен сорлы ақын да өтті ме екен,
Бір сөзі баспа орнына берілмеген.
Осымен өмір бітті, дәм таусылды,
Ішімде көп сөз кетті-ау терілмеген, – деп заманына зар мұңын шақпас еді.
– Әсет Найманбайұлы туралы мағлұматты біз 1980 жылдардан бастап жинақтай бастадық. 1990 жылы наурыз айында Қазақ ҚСР Министрлер кабинетінің №114 қаулысы қабылданып, онда Семей қаласында және Әсеттің отаны – Мақаншы жерінде Әсет Найманбайұлының туғанына 125 жыл толу мерекесін атап өту және Мақаншы ауылында ақынға арнап мұражай ашу, ескерткіш орнату, ақынға арнап деректі кино түсіру, ән жинағын шығару жоспарланған болатын.
Үкімет қаулысы шығысымен, 1990 жылы мамыр айынан бастап Әсетұлы Қожекенің үйіне барып, ондағы мұражайға лайықты деген үй мүліктерін тізімге алдық. Болашақ мұражайдың жоспары жасалды. Қазақ ҚСР Мәдениет жөніндегі мемлекеттік комитеттің сол жылғы қыркүйек айында №279 бұйрығы шығып, көптен күткен мұражайымыз ашылды. Ол мұражай Семейдегі Абайдың «Жидебай-Бөрілі» қорық мұражайының Мақаншыдағы бөлімі болып танылды. Мұндай тұжырымға бастамашы болған сол кездегі Абай мұражайының директоры Төкен Ибрагимов болатын. Егер олай етпегенде 90-шы жылдардың тоқырауында шалғайдағы мәдениет ошағы деп танылып, жабылып қалуы күмәнсіз еді, – дейді Әбен Тұйғынұлы.
Дүниежүзілік «Биональ» сыйлығының лауреаты, сәулетші Бек Ибраевтың жобасы бойынша жалпы құны кеңестік ақшамен 1 миллион сом тұратын Әсет мұражайының жобасын «Тауан» өндірістік бірлестігі жасап, құрылыс іргетасы қалана бастаған да еді. Алайда бұл жұмыстар кеңес үкіметінің ыдырауымен тоқтатылды. Ал Әсеттің туғанына 125 жыл толу мерекесі жақындап келеді. Не істеу керек?! Міне, осы кезде Абай мұражайы өз қаражатына кезінде өлкетану мұражайы болған ескі үйді жөндеуден өткізеді. Әсет мұражайы 2003 жылға дейін сол үйде орналасты. 2003 жылдан бастап мұражай бұрынғы әлеуметтік қамсыздандыру мекемесінің еңселі ғимаратына көшті. Ал, 2007 жылы мұражай ауласына белгілі үржарлық мүсінші Оразанбай Бекбаев сомдаған Әсеттің кеуде мүсіні қойылды.
Мұнда 1700 құнды жәдігер сақталған
Мұражай алғаш құрылғанда бар-жоғы 86 жәдігермен ашылса, бүгінде оның саны 1700-ге жетіп отыр. Мұражай қорында Әсеттің бойтұмары, оқыған Құран кітабы, Шәуешек қаласынан жазған хаты, ұрпақтары ұстаған тұрмыстық бұйымдары бар. Соңғы жылдары Қытай елінен Әсетке және оның қарындасы Әсекей мен одан туған жиендер жөнінде аса құнды бес жазбаша, екі заттай дерек жинақталды. Қарағанды жерінен Әсеттің ата-тегінен мағлұмат беретін деректі шежірелер жинақталып, қорға қосылды. Әсеттің ұлы Қожекенің ұстаған безбен, өмілдірік, қамшы, шалғы орақ, желпуіш, тақия және Сәмөгей (Шәмшәфару) тұтынған жайнамаз, кестелі орамал, шымылдық, ақынның жұбайы Тәтежанға тиесілі текемет, сақина, білезік, әмиян, сырға – мұражай қорының баға жетпес құндылықтары.

Құрылғанына 25 жыл болған Әсет мұражайының алғашқы 10 жылы қалыптасу кезеңі болса, соңғы 15 жылында тек Әсетті зерттеумен айналысып келеді. Бұған дейін белгісіз болып келген Әсеттің айналасындағы деректердің көбі анықталды. Айталық, Бақтыдағы Әсет оқыған медресе, Әсеттің әкесі Найманбайдың Алакөл жағасындағы қыстауы, Әсеттің әйелі Тәтежанның тегі мен кейінгі өмірі, олардың отбасын құруы, Әсеттің ата тегінің толық шежіресі, Әсеттің туған қарындасы Әсекей және оның балалары, Әсеттің ұрпақтарының бүгінгі тағдыры, Әсеттің Құлжа қаласының желкесіндегі Көкқамырдағы зираты туралы тың деректер, тіпті Әсеттің 1923 жылғы қайтыс болған күнінің нақтылануы сияқты зерттеулер – тынымсыз ізденіс нәтижесі.
– Ашығын айтайын, анау бір жылдары Әсет туралы анау-мынау жазып жүрген мүйізі қарағайдай ғалым-жазушыларымыз, зерттеушілеріміз және бүгінге дейінгі дерек жинаушыларымыздың бар жазғандары Әсет тақырыбында кезінде қалам тербеген Ілияс Жансүгіровтің, Сәкен Сейфуллиннің, Оспанбай Орынтаевтың, Ахмет Жұбановтың, Сәбит Мұқановтың, Балтабай Адамбаевтың, Бексұлтан Нұржекеевтің, тағы басқа тұлғаларымыздың 1950-1980 жылдарға дейін зерттеп қалдырған естеліктерінің айналасынан әрі аспады. Олардың жазып қалдырғандарын өздерінше өңдеп, жазуды көбейткені болмаса, анау бір ашқан жаңалықтары мүлде жоқ десе де болғандай. «Анау алай деген, мынау былай деген» болжамдар төңірегінде өрбіді. Тек мұражай ашылып, тұрақты жұмыс істегеннен кейін ғана Әсет айналасындағы нақты шындықтар көріне бастады. Әсет мұражайындағы табылған, жинақталған, зерттелген жәдігерлердің тарихы арқылы көп нәтижелерге жетістік. Әсеттің арғы аталарының Арқа жеріндегі атақоныстары туралы, Найманбайдың Арқаның ақшомырларымен бірлескен Семей бағытындағы және Бақты бағытындағы саудагерлік жолы, Көкталдағы Найманбайдың отбасын құру туралы деректері табылып, хатталды, – деді осы ретте Әбен ағамыз.
Мерейтой қарсаңында қайта түледі
Былтырдан бастап Абай мұражайының директоры Болат Жүнісбековтің қамқорлығы арқасында ақынның туғанына 150 жыл толу қарсаңында мұражай ішінің экспозициялық жоспары қайта жасалды. Бас мұражай көмегімен күн талабына сай қайта жабдықталды, безендірілді. Бұған дейін тек бір ғана залмен шектеліп келген мұражай ішінің аясы кеңіп, үш көрме залына көбейді.
– Жаны таза, ұлт мүддесі жүрегінде ұялаған мұражайдың тұңғыш меңгерушісі, мақаншылық Оразбек Бекбосыновтай ағаммен бірге жүріп шартараптан табан етіміз таусылып, маңдай терімізді төге жүріп мақсатымызды жүзеге асырдық. 1980 жылдардың екінші жартысында бұрынғы Мақаншы ауданын басқарған Орал Арғынбеков сынды басшымен, Абай атамыздың қара шаңырағына 33 жыл ие болған Төкен Ибрагимовпен еңбек еттім. Сол азаматтарға бас имеске әсте болмас, – дейді 1998 жылдан бері Әсет Найманбайұлы мұражайына жетекшілік еткен Әбен Разуев.
Мұражай – асыл қазынаның қамбасы. Мұражай – тарих, мұражай – ұстаз. Тарих болатыны – елдің тарихына санаңызды ашып, ойыңызға ой қосатын, өміртануымызды оятатын орын. Ал ұстаз болатыны – өткені мен бүгінгіні жалғастыра көрсетіп, ұрпаққа талмай, жалықпай дәріс беріп тұратындығы. Әсет мұржайы, міне, 25 жылдан астам уақыт ақынды насихаттап келеді. Ендеше ширек ғасыр аудан аумағында тарих пен танымның, ғылым мен білімнің ордасы болып отырған Әсет мұражайының арқалаған жүгі, атқарар ісі аз емес деп білеміз.
– Былтыр Әсет бабамыздың мерейтойы қарсаңында аудан әкімі Серік Зайнулдиннің мұрындық болуымен жергілікті бюджеттен 21 миллион теңге қаржы бөлініп, ол ақшаға мұражай ғимаратының сыртқы келбеті жаңартылды, ауласы абаттандырылды. Осы іске бастамашы болған Серік Зинабекұлына айтар алғысымыз шексіз, – дейді Әбен Тұйғынұлы сөз соңында. –Біз Әсеттей жоғала жаздаған жезтаңдай әншіні, дүлдүл ақынды таптық. Дарабозымызды үкілеп қазақ өнеріне қайта әкелдік. Бұл мұражай Қарағандының Ақтоғай жерінде емес, Тарбағатайдың күнгейі Үржар өңірінде, Мақаншы жерінде. Оның өзі екеу емес, республика шеңберінде біреу ғана. Ұстазы, әлемнің кеменгер ойшылы Абайдың қанатының астында, Абай мұражай-қорығының құзыретінде. Біз, Үржар ауданының әрбір тұрғыны, намысымызды Әсеттей дара тұлғаның рухымен жанып, қасиетімен қайраймыз.
Ержан Әбіш