Білім

Мәмбетқазиев атындағы дәрісхана ашылды

Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-да аталмыш білім ордасының тұңғыш ректоры әрі негізін қалаушы, профессор, химия ғылымының докторы, Ұлттық Ғылым академиясының академигі Ережеп Мәмбетқазиев атындағы оқу дәрісханасы мен заманауи құралдармен жабдықталған екі зертхана ашылды. Бұл жобаға қаржылық қолдау білдірген – жоғары оқу орнының әлеуметтік серіктесі «KAZ Minerals» компаниясы.

Дәрісхананың ашылу салтанатына «KAZ Minerals» тобының кадрлар жөніндегі департамент директоры Пол Гахаган мен компанияның техникалық директоры Йохан Барнард, сондай-ақ Ережеп Мәмбетқазиев басшылық ететін Қазақстан-Американдық еркін университетінің ұжымы қатысты. Салтанатты шараға қатысушылар қатарында АҚШ, Британия, Канада, Ресей, Германия, Түркия, Жапония, Ауғанстан, Нигерия, Испания, Украина елдерінен келген қонақтар да болды.

– «KAZ Minerals Aktogay» компаниясы тау-кен саласы үшін жас мамандарды даярлауға мүдделі. Бұл үшін өңіріміздегі колледждердің материалдық-техникалық базасын жаңғыртуға бағытталған «Суперколледж» жобасы іске қосылған. Бөлінген қаржы сомасы – 535 миллион теңге. Аталмыш жоба түлектердің біліктілігін арттырумен қатар, болашақта компанияға қажетті сапалы мамандарды алдын ала әзірлеуге арналған. Бүгінде жаңа технологиялармен жабдықталған Ақтоғай кен байыту кешеніндегі жұмыс арнайы дайындықты талап етеді. Сондықтан компания оқу орындарымен бірлесіп бұл дайындықты алдын ала жүргізуді көздеп отыр.

Университеттің химия кафедрасында және Жоғары колледжінде 23 миллион теңгеге химиялық талдау лаборанттары үшін оқу дәрісханасы мен зертхана жабдықталды. Сонымен қатар компания есебінен 6,1 миллион теңгеге колледжде оқитын студенттерге 15 грант бөлініп отыр. Олар оқуларын аяқтаған соң Ақтоғай кешенінде жұмыс істейтін болады, – деді компанияның басқарма басшысы Бауыржан Абылқасымұлы.

Жаңадан ашылған дәрісхана қабырғасында Ережеп Әлқайырұлының ұрпақ тәрбиесімен байланысты еңбек жолын көрсететін өмірбаяны, ғылыми еңбектері қойылған. Ал «Тәуелсіз елдің 100 даңқты қоғам қайраткері» кітабында еліміздегі жоғары мектеп жүйесін дамытуға орасан зор үлес қосқан Ережеп Мәмбетқазиевтың есімі жазылғанын мақтанышпен айта аламыз.

Ғалымның 700-ден астам ғылыми еңбегі, оның ішінде білім мен ғылымның өзекті мәселелеріне арналған монографиялары бар, олардың басым бөлігі АҚШ-та, Еуропа елдерінде, Ресейде, ҚХР, Моңғолияда қайта басылып шыққан. Ережеп Әлқайырұлының бастамасымен Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашақ» бағдарламасы арқылы зияткерлік элитаны даярлау қолға алынып, «бакалавр – магистр – Ph.D докторы» мамандарды үшдеңгейлі оқыту жүйесі енгізілді, Қазақстан Жоғары мектебінің ғылым академиясы құрылды.

– Бүгін қуанышты оқиға. Ережеп Әлқайырұлы – тәуелсіз Қазақстандағы үшінші университет атанған оқу орнымыздың қалыптасуы мен дамуына зор үлес қосқан ерекше тұлға. Университет ректоры болған тұста ШҚМУ мен шетелдік жоғары оқу орындары, өндіріс орындары, кәсіпкерлер арасындағы серіктестіктің негізін қалады. Университет сіз негізін қалаған «ғылым мен өндірістің байланысы» ұстанымын сақтай отырып, облыстағы кәсіпорындармен байланысын дамытып келеді. Осы жылдар ішінде Ережеп Әлқайырұлы атқарған істер ауқымды – елдің Шығысындағы тұңғыш университет, министр лауазымындағы білім реформасы, халықаралық деңгейдегі алғашқы университет, депутат, қаланың құрметті азаматы ретіндегі қоғамдық қызметі мен өмірі жастарға үлгі-өнеге, – деп атап өткен университеттің қазіргі ректоры Мұхтар Төлеген Ережеп Әлқайырұлына Сәрсен Аманжолов атындағы медальды табыс етті.

Университет ректоры Мұхтар Төлеген биылғы Жастар жылында 400-ден астам грант бөлген облыс әкімі Даниал Ахметовке, өнеркәсіптік өңірімізге қажетті мамандарды даярлауға қолдау көрсетіп отырған «KAZ Minerals Aktogay» компаниясының өкілдеріне алғысын жеткізді.

Бұдан соң ШҚМУ-да Ережеп Мәмбетқазиевке арналған «Іргелі ғылыми зерттеулер: химия ғылымы мен біліміндегі инновациялар» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. Келелі жиынға Ережеп Әлқайырұлын әйгілі педагог, ғалым, ҚазМУ мен ҚарМУ-дан кейінгі елдегі үшінші университет – Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің тұңғыш ректоры әрі негізін қалаушы ретінде білетін оқу орны ардагерлері, танымал ғалымдар, мектеп мұғалімдері, өндірістік кәсіпорындар өкілдері, студенттер қатысты.

– Университетіміздің қабырғасында Ережеп Мәмбетқазиев шәкірттерінің еңбек етіп жүргені біз үшін үлкен мақтаныш, олар бүгінде өңіріміз үшін қажет білікті мамандарды даярлауда. Ережеп Әлқайырұлы отыздан астам ғылым докторы мен кандидатын тәрбиелеп шығарған болатын, – деп атап өтті ШҚМУ ректоры Мұхтар Төлеген.

Айжанат Бақытқызы, Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button