Мәдениет

Мәңгілік ана бейнесі

Шығыс Қазақстан Өнер музейінде қазақ киносы мен театр өнерінде өзіндік өрнегі бар актриса, Қазақстанның халық әртісі Әмина Өмірзақованың туғанына 100 жыл толуына орай «Мәңгілік ана бейнесі» атты еске алу кеші  өтті.

 Қазақ киносында болсын, театр өнерінде болсын ана образын, қарапайым қазақ әйелінің бейнесін  Әмина апамыздай шебер сомдаған ешкім жоқ. Әсіресе, «Ана туралы аңыз» фильмінде жалғыз ұлынан көз жазып қалған ананың қасіретті күйін актриса өте шынайы жеткізеді. Майданға аттанған ұлынан хабар күтіп, жаутаңдаған ана жанары көрерменнің жүрегін  қайғыға көмеді.  Сол үшін оқып, жаза алмайтын ана әріп танып, пошташыға айналады.

«Ана бейнесін жасау үшін өзің нағыз ана болуың керек. Мен – анамын. Адамда бір-ақ жүрек болады. Ол адам баласын кейде жақсы көріп, не жек көріп тұруы мүмкін. Менің жүрегім барлық адамзат баласын сүйеді. Рөлде балам болып ойнайтын әртісті өзімнің көкірегімді жарып шыққан балам деп қабылдаймын. Тіпті оның әртіс екенін ұмытып та кетемін. Бәрі өзімнің Таласым мен Ескендірім секілді. Өз құлындарымды сүйіп, құшақтап, мейірленіп тұрғандай боламын. Мен ойнаған аналардың образдары – пешенеме жазылған тағдырымның тең жартысы десем, қоспасыз шындық. Өзім де көп қиыншылықпен арпалысып, жетілдім» депті әйгілі актриса өзінің бір сұхбатында.

1968 жылы «Ана туралы аңыз» фильмі ағылшын тіліне аударылып, оны шетелдік көрермендер де жылы қабылдайды. Бұл фильмнің актрисаға атақ әкелгені сөзсіз.  Десе де қазақ көрермендері Әмина Өмірзақованы «Тақиялы періште» фильміндегі Тананың рөлі арқылы кеңінен таныды. Актрисаның өзі де бір сұхбатында бұл рөлді  рақаттанып тұрып ойнағанын айтыпты. «Себебі ол кезде екі ұлым үйленбеген еді. «Осылар қашан үйленеді екен?» деп ойлайсың ғой.  Өмірде басымнан өткен нәрсе кинода да біте қайнасып жатты. «Ана туралы аңыз» фильмімен шетелдерге шығып жүлде алдым. Бірақ халық мені «Тақиялы періште» арқылы таныды» дейді актрисаның өзі.

Кеш барысында  келушілер назарына аты аңызға айналған актрисаның түскен киноларынан үзінділер ұсынылды. Әндер мен естеліктер айтылды. Сондай-ақ С.Аманжолов атындағы ШҚМУ студенттерінен құралған «Шабыт» жастар театры актрисаның ойнаған фильмдерінен сахналық көрініс көрсетті.

Жалпы, 70 жылдық сахналық ғұмырында Әмина Өмірзақова 150-ден астам үлкенді-кішілі рөлді сомдап, 20-дан астам киноға түскен екен. «Қазақ киносының анасы» атанған актриса 2006 жылдың 26 қыркүйегінде өмірден озған болатын.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button