Білім

Мұғалім төрге озған күн

Босағадан аттаған берекелі де мерекелі қазан айымен қабаттаса келетін қуаныштың бірі – Мұғалімдер күні! Өйткені мұғалімге барлық мамандық иелері бас иеді. Мағжанның тілімен айтсақ, «Алты алаштың баласы бас қосса, төрдегі орын мұғалімдікі». Жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беріп жүрген педагогтар қауымы кеше, шынында да, төрге озды.  Кәсіби мереке қарсаңында ұстаздар қауымын облыс әкімі Даниал Ахметов құттықтап, ізгі тілегін білдірді.  

 – Мұғалім мамандығын ешқандай мамандықпен теңестіруге келмейді. Балаға білімнің есігін ашып, ересек өмірге дайындай отырып, сіздер оның болашағының ғана  емес, елдің іргетасын қалайсыздар. Пандемия жағдайы мұғалім мамандығының қандай маңызды әрі бағалы екендігін көрсетіп берді. Әр оқушы өздігінен ойланып, шешім қабылдай алуы, Қазақстанның лайықты азаматы болуы үшін ұстаздарымыз өзінің шеберлігін үнемі жетілдіріп, жаңа әдістерді меңгеруі қажет, – деді аймақ басшысы. Ұстаздар күніне арналған салтанатты рәсімде аймақ басшысы «Үздік педагог-2020» облыстық байқауының екі жеңімпазына 800 мың теңгенің сертификатын табыс етті. Жыл сайын облыс оқушылары халықаралық олимпиадаларда жоғары нәтиже көрсетіп жүр. Шара барысында халықаралық деңгейдегі олимпиада жеңімпаздарын дайындаған алты мұғалімге 500 мың теңгенің сертификаты мен алғыс хаты табыс етілді. Ал 300 мың теңге көлеміндегі облыс әкімі сыйлығына үш үздік бастауыш сынып мұғалімі ие болды. Республикалық «Үздік педагог-2020» байқауының жеңімпаздарының бірі, Өскемендегі математика, физика, информатика бағытындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептің бастауыш сынып мұғалімі Наталья Мельникова облыс әкіміне республикалық байқауға қатысуға сенім білдіріп, үміт артқаны үшін алғысын жеткізді.

– Бұл – әрбір мұғалім үшін үлкен марапат. Осынау қуаныш толқынында тағы да үлкен жетістіктерге жетіп, биіктерді бағындырғың келеді екен. Биыл біз «Педагог мәртебесі туралы» Заңның қабылдануына байланысты білім саласындағы шынайы өзгерістердің куәсі болдық. Сізге білім саласын дамытудағы еңбегіңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін, – деді ол.

Шәкіртақысы екі есе өсті

      Әлемді шарпыған індеттің кесірінен биыл республика көлемінде Ұстаздар мерекесі онлайн режимінде өтті. Компьютердің алдына жиналған әріптестерін еліміздің бас педагогы Асхат Аймағамбетов құттықтап,  «Үздік пеадгог- 2020» республикалық байқауының жеңімпаздарын марапаттады.

– Ардақты мұғалімдер, ұлағатты ұстаздар! Сіздерді төл мерекелеріңізбен құттықтаймын! «Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан», – деп ұлы Абай айтқандай, ең басты мамандық – әрине, ол  ұстаз!  Мемлекетімізде ұстаздардың мәртебесін көтеру, оларға тиісті жағдай жасау бойынша үлкен іс-шаралар іске асырылып жатыр. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының сарабдал саясатының шеңберінде елімізде білім саласын дамытуға көп көңіл бөлініп, ауыз толтырып айтатындай жетістіктерге қол жеткіздік. Қазіргі кезде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та білім саласына ерекше ден қойып, халыққа Жолдауында да осы мәселеге үлкен көңіл бөліп отыр, – деген министр мырза осы жылдың 1 қаңтарынан бастап мұғалімдердің жалақысы 25 пайызға өскенін атап өтті.

Жалпы, алдағы бір-екі жылдың ішінде мұғалімдердің жалақысын екі есеге дейін өсіру туралы тапсырма бар. «Педагог мәртебесі туралы» арнайы Заңның қабылдануы да – үлкен жеңіс. Бүгінде осы заң шеңберінде 70-тен астам қаулы мен бұйрық қабылданып, жүзеге асырылуда. Асхат Аймағамбетов білім саласында түйткілді мәселелердің болғанын да жасырмады. Қағазбастылық, мұғалімдердің өзіне тән емес жұмыстарға жегілуі, жастардың мұғалім мамандығын таңдамауы және т.б. Қазіргі таңда бұл мәселелерді шешу үшін кешенді шаралар атқарылуда. Нәтижесі де жоқ емес. Биыл педагогикалық мамандықты таңдаған «Алтын белгі» иегерлерінің қатары артқан. Ал 1 қыркүйектен бастап Мемлекет басшысының тапсырмасымен педагогикалық мамандықты таңдаған студенттер ең жоғары шәкіртақы ала бастаған. Бұрын олар 26 мың теңге шәкіртақы алса, 1 қыркүйектен бастап оның көлемі 42 мың теңгеге жетіпті.

Министр өз сөзінде бүгінгі пандемия жағдайында, қиын-қыстау кезде де мұғалімдердің өздерін жақсы жағынан көрсетіп жүргенін ерекше атап айтты. Олар – мектепте ғана емес, қоғамда да көшбасшы. Олар мейірімділіктің, ұстамдылық пен шыдамдылықтың үлгісін көрсетуде.

Министрдің құттықтауынан соң, салтанатты шара «Үздік педагог-2020» республикалық байқауының жеңімпаздарын марапаттауға ұласты.

Жалпы,  «Үздік педагог» байқауы 2012 жылдан бері өткізіліп келеді. Осы уақыт ішінде республика бойынша 432 мұғалім үздік атанған. Биылғы байқауға  қатысуға республика бойынша 143 педагог өтінім берсе, оның 64-і жеңімпаз атанған. Жеңімпаздардың арасында шығысқазақстандық төрт мұғалім бар. Олардың үшеуі мектеп мұғалімі болса, біреуі – техникалық және кәсіптік білім беретін колледждің оқытушысы.

Құрмет пен абыройға лайықты үздік педагогтарды анықтайтын «Үздік педагог» байқауы бірнеше кезеңнен тұрады. Биыл мектепішілік «Үздік  педагог» байқауына бес мың мұғалім қатысып, оның бес жүзі аудандық кезеңге жолдама алыпты. Ал облыстық деңгейде өткен «Үздік педагог» байқауына жиырма мұғалім өзінің жұмысын ұсынған. Облыстық байқауда оза шапқан алты мұғалім байқаудың республикалық кезеңіне қатысыпты. Ал республикалық байқауда жаңағы алтаудың төртеуі жеңіс тұғырынан көрінген. Олардың әрқайсына 1000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 2 778 000 теңгенің сертификаты табыс етілді.

     Қанат Елубаев, Бородулиха ауданы, Жезкент кентіндегі орта мектептің мұғалімі:

– Менің мұғалімдік еңбек өтілім – небәрі жеті жыл. Оқушыларға заң және  құқық пәнінен сабақ беремін. Мектепке келгенге дейін мен органда заңгер болып қызмет еткенмін. Өз мамандығымның қыр-сырын теория жүзінде ғана  емес, тәжірибе жүзінде де жақсы білемін. Шынымды айтсам, бұл байқауға орын алайын, жеңімпаз атанайын деп қатысқан жоқпын. Мен бар-жоғы мұғалім деген атқа сай болғым келді. Сол үшін іздендім. Жалпы, мұғалім жаңашыл, заманауи болуы тиіс. Инновациядан сырт қалмауымыз керек.  Сонда ғана оқушыны қызықтыра аламыз.

      Марал Нығметжанова, Өскемен жоғары политехникалық колледжінің мұғалімі:

– Бүгін мен үшін ерекше толқынысты күн болды. Республикадан жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атану – әрине, оңай емес. Бұл байқауға кейінгі бес жылдағы бүкіл іс-тәжірибемнің нәтижесін ұсындым. Биыл байқаудың талаптарын да қатаңдатқан болатын. Бірақ соған қарамастан жеңімпаз атандым. Бәрі де тынымсыз еңбектің нәтижесі деп ойлаймын. Жалпы, мұғалім жан-жақты болуы тиіс. Сосын теория мен тәжірибені ұштастыра алсаң, еңбегіңнің жанғаны. Биыл техникалық және кәсіптік білім беру саласына 80 жыл толып отыр ғой. Бұл жалғыз менің ғана емес, ұжымымның да жеңісі деп білемін.

     Жанар Сағатбекова, Семей қаласындағы №37 мектеп-гимназияның математика пәнінің мұғалімі:

– Ұстаздық деген мамандықтың төресі ғой. Менің ғұмырым осы ұстаздықпен өтіп келеді. 31 жыл еңбек өтілім болса, осы №37 мектепте 25 жыл істеппін. Волонтерлікпен де айналысамын. Әлеуметтік жағдайы төмен үш отбасының  баласын ватсап арқылы тегін ҰБТ-ға дайындадым. Олар жоғары балл алып, ата-аналарының да алғысына бөленіп жатырмын. Бүгін байқауда жолым болғанына өте қуаныштымын. Төккен тердің өтеуі деген де осы болар.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button