Ұлыстың Ұлы күнін ұлықтадық
Иә, Наурыз – жаңару мен жасампаздықтың бастауы. Наурыз – жақсылық пен ізгіліктің мерекесі. Осынау айтулы мерекені шығысқазақстандықтар да кеңінен атап өтті. Өскемендегі Республика алаңында өткен Наурыз мерекесіне облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов қатысты.
Бұл күні облыс орталығындағы Республика алаңына халық көп жиналды. Шынында да, «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» дегендей, халық үшін бұл мерекенің жөні әрқашан бөлек. Қыстың ызғарлы да суық күндерінен шаршаған халықтың көңіліне шуақ сеуіп, жанына жылылық сыйлайтын да осы мереке. Алаңға жиналған үлкен-кішінің жүзінен қуаныштың лебін байқауға болады. Барлығы да көктемнің осынау жайма-шуақ күніндей жайдары. Танитындар бірімен бірі төс қағысып, хал сұрасып, қауқылдасып-ақ жатыр. Қаз-қатар тігілген ақшаңқан киіз үйлер де мерекенің көркін кіргізіп, сән-салтанатын одан әрі асыра түскендей. Таң атпастан жәрмеңке де қызып жатыр. Облыс орталығында апта сайын өтетін бұл жолғы жәрмеңкенің иесі – Зайсан ауданы. Наурыз мерекесіне тұспа-тұс келгеннен соң ба, бұл жолғы жәрмеңкеге зайсандықтар артынып-тартынып-ақ келген екен. Бағасы да базарға қарағанда әлдеқайда арзан. Жылқы етінің келісі 1400 теңге болса, сиыр етінің келісі – 1300 теңге.
– Жәрмеңкеміздің Наурыз мерекесімен қатар келуін жақсы ырымға баладық. Сондықтан да ерекше дайындықпен келдік. 20 тоннадан астам ет, 6 тоннадай құрт-май, ірімшік, тары-талқан секілді ұлттық тағам түрлерін әкелдік. Қымызымыз да бар. Әсіресе, халық тары-талқанымызды қыл үстінен бөліп әкетті. Сонымен қатар, қала тұрғындары мен қонақтарын өзіміздің өнерімізбен де қуантып, екі сағаттық концерт әзірлеп алып келдік. Алаңның ортасына киіз үй тігіп, қазақтың дәстүрімен халыққа дастарқан жайып, наурызкөжеден дәм татырып жатырмыз, – дейді дейді Зайсан аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Зумрад Дүйсенбаева.
Наурыз мерекесіне орай ұйымдастырылған көрме де ғажап. Бүгін той болады, үлкен мереке болады деген соң, өзінің қолынан жасаған қолөнер бұйымдарын алып облысымыздың әр өңірінен жеткендер де жетерлік екен. Солардың бірі – Ұлан ауданы, Шымқора ауылынан келген шебер Жанарбек Ғазез. Жанарбектің жасаған домбыралары жұртқа да ұнап жатыр.
– Мынау егіз домбыра немесе қос сапты домбыра деп аталады. Ертеде ата-бабаларымыз бұл домбыраны сұқ көзден сақтасын деп үйінің төріне ілген екен. Ал мынау – аққу домбыра. Байқасаңыз, сыртқы түр-тұрпаты аққуға келеді, – дейді Жанарбек.
Домбыра жасауды 15-16 жасынан бастап кәсіп еткен ол өз ісінің нағыз шебері де болып алыпты. Домбырадан басқа Жанарбек бесік те жасайтын көрінеді. Оның жеке кәсіп ашып, шаруасын дөңгелеткісі-ақ келеді. Бірақ Алтайдың арғы бетінен келген бауырымыздың туған еліне оралғанына алты жылдың жүзі болса да, азаматтығын таяуда ғана алған көрінеді.
Өскемендік қолөнер шебері Игорь Мартыниннің қайыңның, еменнің қабығынан жасаған кәрзеңкелері де келушілер назарын өзіне аударды. Бағасы да қолжетімді. Сүп-cүйкімді кәрзеңкелердің бағасы көлеміне қарай мың теңгеден басталады.
– Осынау кәсіппен айналысқаныма 23 жылдың жүзі болды. Бәріне өмірдің өзі үйретті. Есіңде ме, ел Тәуелсіздігін жаңадан алған тоқсаныншы жылдардың басында қиын кезеңдер болды ғой. Зауыт-фабрикалар жабылып, мыңдаған адамдар жұмыссыз қалды. Сол уақытта осы кәсіппен жан бақтым, отбасымды асырадым, – дейді Игорь Мартынин.
Бір уақытта жұрттың назары алаңға орнатылған сахна жаққа ауған. Тұнық ауаны жарып, жүргізушінің құлаққа жағымды үні естілді.
Ау, халайық!
Ұлыстың Ұлы күні келеді.
Жер бетіне әз,
Ел-жұртқа бақ әкеледі!
Қараңғы – жарыққа,
Ызғар –жылыға.
Қара – аққа,
Сор – баққа,
Кесір – киеге,
Жоқ – барға ауысады.
Сол-ақ екен, бұлақтар сыңғырлай, құрақтар сыбдырлай, құстар сайрай жөнелді. Иә, Табиғат-Ана оянды. Тіршілік атаулыға жан бітті. Наурыз-көктем келді. Сахна төріне Қыдыр-Ата, Наурыз-қыз бен Жер-Ана көтерілді.
«Ей, адамзат! Тәңірім мені жаратқалы бүкіл әлемді алақаныма салып тербетіп келемін. Мен – сенің бар ғұмырыңның куәгері – Жер-Анаңмын!». Жер-Ананың үні сай-сүйекті сырқыратып, жүректерді тербеді. Жасанған Наурыз-қыз Жер-Анаға иіліп сәлем берді. Қыдыр Ата осынау Наурыз меркесіне жиналған қауымға: «…Ұрандарың бірлік, жасағандарың баянды тірлік болсын. Ел қамын жейтін ұландарың биікке самғар қырандарың болсын. Қазақтың атын әлемге танытар игі істерің болсын. Мерекелі жұртыма береке мен бақ келіп қонсын!» деп ақ батасын берді.
Осылайша, Ұлыстың Ұлы күнін ұлықтаған дүбірлі той басталып жүре берді. Өңіріміздегі ең таңдаулы әнші де, күйші де, биші де осынау алаңға жиналыпты. «Инкоро» вокалдық тобының орындауындағы «Сәлем, саған туған ел», Г.Қанафинаның «Наурыз-көктем» әндері көрермендердің көңілін көтерді. «Аққу», «Ладушки», «Экстази», «Шығыс жұлдыздары», «Аллегро» секілді ансамбльдер мен өнер топтары да кештің керемет өтуіне өз үлестерін қосты. Тіпті, осынау Наурыз мерекесіне арналған мерекелік концертте «Дервиши», «Килиманджаро» секілді өнерімен жұртты аузына қаратып жүрген айтулы топтар да шақырылған екен.
Ал бұл кезде Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесіне арнайы тігілген киіз үйлердің алдында да небір ойын-сауықтар мен түрлі жарыстар қызып жатқан болатын.
Мысалы, облыстық білім басқармасына қарасты кәсіптік және техникалық білім беру бөлімі тіккен «Білім шаңырағы» деп аталатын киіз үйдің алдында «ЭКСПО-2017» көрмесіне байланысты түрлі ойындар ұйымдастырылды. Ойын барысында көп ұпай жинаған бүлдіршіндер сертификаттар мен шағын сыйлықтарға ие болды. Ал облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма үш тілді меңгерген қала тұрғындары мен қонақтары үшін «Полиглот» акциясын өткізді.
Сондай-ақ, «Палау фестивалі», «Үздік киіз үй байқаулары» секілді шаралар да мерекенің шырайын одан сайын аша түсті. Осы арада осынау Наурыз мерекесі күні Өскемен қаласының өзінде ғана 200-ден астам шара өтіп, орталық алаңда 40-тан астам киіз үй тігілгенін де атап өткеніміз жөн болар.
Бұл күні Өскемендегі Республика алаңында сан алуан этнос өкілдері бас қосып, шуақты көктемнің шырайлы мейрамын бір адамдай тойлады. Облыс орталығының тұрғындары мен қала қонақтарын алыстан, дәлірек айтқанда, Қырғызстанның Ош қаласынан ат арытып келген циркшілер әулеті де құттықтады.
Айта кетейік, Мұхаммед Рахманов жетекшілік ететін өнерпаздар Өскеменге, облысымызға осыған дейін де келіп жүретін. Ал бұл жолы облыс орталығына Наурыз мерекесіне орай ат басын тірегін қонақтар алаңға жиналған қалалықтардың көңіл күйін көтеріп, мерекенің көркін одан сайын қыздыра түсті.
– Біздің әулет цирк өнеріне осыдан екі ғасыр бұрын бет бұрған. Бұл іспен әкем де, атам да айналысқан, мен де осы кәсіптен нәсіп тауып келемін. Енді балаларымды да осы өнерге баулып жүрмін. Осының арқасында әлемнің біраз елінде болып қайттық. Сіздердің облыстарыңызға да бірнеше мәрте аялдағанбыз. Ал бұл жолғы сапарымыздың жөні бөлек, шығысқазақстандықтарды Наурыз мейрамымен құттықтай келе, оларға жаңа, мерекелік көрсетілімдер ұсынбақпыз. Өнеріміз халықтың көңілінен шығады деп ойлаймыз, – деді қойылым басталмай тұрып бізге сұхбат берген циркшілер тобының белді мүшесі Ділмұрад Рахманов.
Айтса айтқандай, оштық циркшілердің қойылымдары шынымен тамаша шығыпты, көрермен қауым әсіресе, 12 метр биіктікте керілген арқанның үстімен жүріп өткен Ділмұрадтың кенже ұлы, төрт жасар Абдуллаһтың және зілдей гір тастарын ұршықша иірген жеті жастағы ұлы Хожаакбардың, үлкен-кішіні күлкіге кенелткен сайқымазақ-клоун Елмұрадтың өнеріне тәнті болды.
Дәл осы кезде Республика алаңының түкпір-түкпірінде көз тартатын өзге де қызықты қойылымдар, спорттық сайыстар мен өнер, білім байқаулары өтіп жатты. Өскемендіктер мен қала қонақтары гір көтеру, арқан тарту, қол күрес пен бағанаға өрмелеп шығу сияқты спорт жарыстарына қатысып, естелік сыйлықтарға ие болды. Киіз үйлер ауылында облыстық білім басқармасының мұрындық болуымен балаларға арналған білім сайыстары ұйымдастырылды. Оған қатысқан балақайлар тәтті сыйлықтармен марапатталды.
Төл мерекеміз қазақтың жеті қазынасынсыз өтсін бе, ақшаңқан киіз үйлердің жанында иығына берен мылтық асынып, қолына қыран бүркіт қондырған, соңына тазы ит ерткен жігіттер мен қонақтарға наурызкөже, қымыз бен шұбат ұсынған сәукелелі қыздар жүріп, көз алдымызға өткен заман күндерін елестеткендей болды. Бұл көрініс әсіресе, өзге ұлт өкілдері мен шетелдік қонақтарды қызықтырғаны рас. Канада, Ресей мен АҚШ-тан келген қонақтар жыртқыш құспен суретке түсіп, ұлттық тағамдарымыздан дәм татып, өзінше мәз-мәйрам болды.
Бұл жерден Өскеменге Үржар ауданының Бестерек ауылынан арнайы келген бүркітші Ерзат Байқадамды да кездестірдік.
– Қыран баптағаныма осымен үш жыл болды. Негізгі кәсібім – мал өсіру. Дегенмен, саятшылық атадан қалған кәсіп болған соң, бұл шаруаға да ден қоюға бел будым. Өзім сияқты азаматтармен бірігіп, бүркітшілер қауымдастығын құрдық. Қазір оннан астам құсымыз бар. Мұнда келген бір себебіміз – қаладағы жас ұрпаққа атакәсіпті насихаттау, – дейді ол.
Мереке аясында қала тұрғындары мен қонақтары атқа, есекке мініп серуендеуге де мүмкіндік алды. Сонымен қатар, Қытайдан әкелінген велорикшаларға отырамын деушілердің де қарасы көп болды бұл күні.
Ертемен басталған мерекелік шаралар кешкісін Республика алаңында өткен мерекелік концертпен аяқталды. Концертке жергілікті әншілермен қатар, Алматы, Астанадан келген өнер ұжымдары қатысты.
Ұлыстың ұлы күнін ұлықтау мерекесі Семейде, басқа да қалалар мен аудан орталықтарында, барлық елді мекендерде ерекше тойланды.
Мейрамтай Иманғали,
Нұржан Кенжеұлы