Ұлыстың ұлы күнін ерекше тойлады

Биыл облыс жұртшылығы Әз Наурыз мейрамын ерекше өткізді. Өскеменде өткен осынау айтулы мерекеге облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова қатысты.
Бұл күні облыс орталығындағы Республика алаңына жиналған халықтың қарасы мол болды. Әсіресе, көктемнің осынау жайма-шуақ мерекесін тойлауға келген облыс тұрғындарының жүзінен ерекше жылылық лебін байқауға болады.
Асқақтай төгілген ән мен күй алаңға жиналған қонақтардың көңіл күйін көтеріп жіберді. Ал қаз-қатар тігілген ақ шаңқан киіз үйлердің айналасындағы өнерпаздар да мерекенің көркін одан әрі асыра түсті. Жәрмеңке де қызып жатты. Облыс орталығында апта сайын өтетін бұл жолғы жәрмеңкенің иесі – Көкпекті ауданы. Жәрмеңкеде саудаланған өнімдердің бағасы базарға қарағанда әлдеқайда арзан болды. Мәселен, жылқы етінің келісі 1400 теңге болса, сиыр етінің келісі – 1200-1300 теңге.
– Жәрмеңкеміздің Наурыз мерекесімен қатар келуін жақсы ырымға баладық. Сондықтан да ерекше дайындықпен келдік. Жәрмеңкеге төрт тонна сиыр еті мен бір тонна жылқы етін, сондай-ақ 1,5 тонна балық, 4,5 тонна көкөніс, сегіз мың дана жұмыртқа әкелдік. Сонымен қатар, қала тұрғындары мен қонақтарын өзіміздің өнерімізбен де қуантып, концерттік бағдарлама әзірледік. Алаңның ортасына киіз үй тігіп, қала тұрғындары мен қонақтарына дастарқан жайып, астан дәм татырып жатырмыз, – деді аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ерлан Қалдыбаев.
Бұл күні облыс орталығының тұрғындары мен қонақтары нағыз той-думанның куәгері болды. Суырыпсалма ақындардың айтысы, күміс көмей әншілердің шырқаған әндері, шанағынан күй төгілген қара домбыраның үні жиналған жұрттың көңілін серпілтіп, рухын көтеріп тастады. Әсіресе, мерекеге орай ұйымдастырылған шараға Үржар ауданынан келген бүркітшілер жұртшылықтың назарын бірден аударды. Олар бүгін Өскеменде Ұлыстың ұлы күні тойланады деген соң арнайы келген екен. Солардың бірі – Тәттімбет Кәпұлы. Еліміздегі осы ұлттық спорт түрін дамытуға атсалысып жүрген азаматтың айтуынша, соңғы жылдары облыста құсбегілердің қатары көбейіп келеді.
– Алтай аймағы ежелден құсбегі, бүркітшілер мен аңшылардың мекені. Сондықтан болар, біз жылқы мен қыран баптап, бос уақытымызда жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіруге тырысамыз, – дейді Тәттімбет Кәпұлы.
Айта кету керек, ынтымақ пен ырыстың бастауы болған Наурызды атап өтуге қаладағы кәсіпорындар мен мекемелер, ұйымдар, бірлестіктер де атсалысты. Бұл күні облыс орталығындағы Республика алаңында Халифа Алтай атындағы облыстық мешіттің имамдары ақшаңқан киіз үй тігіп, кең дастарқан жайды. Көпшілікке арнап наурызкөже мен палау таратты.
– Бұл шара ұлттық дәстүрімізді дәріптеп, тарихымызды тану, дінімізді ардақтау мақсатында қолға алынып отыр. Елді береке мен бірлікке, татулыққа бастайтын, ұлттық құндылықтарымыз насихатталатын Ұлыстың ұлы күнінде алаңда киіз үй тігіп, айтулы мерекені атап өтуге үлес қосып жатырмыз. Мұндай бастамалар ұмыт болып бара жатқан халқымыздың салт-дәстүрлерін жаңғыртуға ықпал етері анық, – деді Халифа Алтай атындағы облыстық мешіттің бас имамы Ермек қажы Тасболатұлы.
Сондай-ақ Республика алаңындағы мерекемен қатар Наурыз тойы Металлургтер мәдениет сарайының, Спорт сарайының маңында, Согра кентінде, басқа да шағын аудандарда да өтіп жатты. Барлық жерде бірдей қонақтарға наурызкөже үлестіріліп, ән мен күйдің тиегі ағытылды.

Бұл күні облыс орталығында Әз Наурыз мейрамына орай «Қазцинк» ЖШС-нің ұйымдастыруымен «үлкен бауырсақ» байқауы өтті. Байқаудың жеңімпазы лэд-экранды теледидарға ие болды. Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін байқаудың ақтық сынына алты үміткер жолдама алыпты. «Қазцинк» компаниясының әкімшілік мәселелер жөніндегі атқарушы директоры Андрей Лазаревтің айтуынша, байқаудың басты шарты бойынша бауырсақ үлкен әрі дәмді болуы тиіс болған.
Байқауды тамашалауға жиналған қала тұрғындары мен қала қонақтары бауырсақтардың дәмін татып қана қоймай, бағаларын да берді.
– Ұлыстың ұлы күні Жер-ана бусанып, жер бетіне көктемнің жылы лебі келеді. Бұл күні ренжіскендер қайта татуласып, шаруалар тұрмыстарын түзейді, келер жылдан үлкен үміт күтеді. Ит жылы еліміз үшін табысты болсын, – дейді өскемендік Бақытгүл Түсіпбаева.
Орталық алаңдағы Наурыз тойы түс ауғанша толастамады. Көкпекті ауданынан келген көркемөнерпаздар тобы мен облысымыздың айтулы өнер майталмандары аянып қалған жоқ. Наурыз тойы Айқын Төлепберген, Руфат Маратұлы, Мақпал Исабекова, Парвиз Назаров пен «Килиманджаро» тобы өнер көрсеткен концертке ұласты. Ал мерекелік шара соң жастардың би кешімен өз мәресіне жетті.
Ажар Сағатбекова