Мәдениет

Ұлылардың ізі қалған өнер ордасы

Ұлылардың ізі қалған өнер ордасы

Үстіміздегі жылы іргетасы қаланғанына 65 жыл толатын Семей қалалық мәдениет Сарайы бүгінгі күнде ынтымақ пен бірліктің, тыныштық пен бейбітшіліктің алтын ұясына айналып отыр.

Семей қалалық Мәдениет сарайындағы халықтық атағы бар 22 шығармашылық ұжымының қайсысына қарасақ та, өз ұлтының өнері мен мәдениетін жоғары деңгейде дәріптей білетіні қуантады.

Атап айтсақ, халықтық «Семей-тау» фольклорлық ансамблі, «Ертіс моннары» татар ән-би ансамблі, «Айнхайт» неміс ән-би ансамблі, «Истоки» орыс хоры ұжымы тағы да басқа әртүрлі мерекелік шаралардың ойдағыдай өтуіне сүбелі үлесін қосып келеді. Олардан бөлек өнер ордасының қабырғасында 41 көркемөнерпаздар үйірмелері мен спорттық секциялар, әртүрлі әуесқой бірлестіктер жұмыс істеуде.

Ұлылардың ізі қалған өнер ордасы

Қалалық Мәдениет сарайының өткен тарихына үңілсек, біраз қызықты деректерге кездесеміз. 1951 жылы Семей облыстық атқару комитетінің шешімімен қаладағы кішігірім клубтарды орталықтандыру мақсатында бұрынғы Урицкий көшесі, 12 мекенжайда қалалық Мәдениет үйінің ғимараты салынып, ел игілігіне пайдалануға берілген екен. Арада отыз жылға жуық уақыт өткенде, яғни, 1980 жылы Семейдегі мәдениет ошақтары орналасқан осынау өнер орталығы ескі театр үйіне көшіріліпті.

Бұл күнде қала орталығындағы Б.Момышұлы көшесінде орналасқан Семей қалалық Мәдениет сарайы ажарлы қалпымен алыстан көз тартады. Сыртқы көрінісімен қатар ішкі құрылымдарына да жаңаша өзгерістер, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Түнгі уақытта да алуан түспен жарық шашып өзіне тартып тұрады. Бұл соңғы бес жылға жуық уақыт ішінде жүзеге асқан істің нәтижесі.

Ұлылардың ізі қалған өнер ордасы

– Мұхтар Әуезовтің сөзімен айтқанда, қандай істі бітірсек те алдымен ниет керек. 65 жылдық мерейтойымыз аясында Мәдениет сарайының тарихын ауыз-ауыздан, интернеттен, ескі фотолардан іздеп қиқымдап жинау түсінген адамға оңай шаруа емес, – дейді Семей қалалық Мәдениет сарайының директоры Нұриден Иманбаев (суретте). – Алғашқы ғимараты мен директорынан бастап, бүгінгі күнге дейінгі деректерді тірнектеп жинадық. Директорлар мен қызметкерлердің аты-жөндерін, фотосын тапқанмен, жұмыс істеген жылдары әлі де белгісіз. Ол үшін арнайы жұмыс тобы құрылды. Барлық деректерді жинағаннан кейін арнайы мұрағатқа деп бейнеролик жасадық. Оның авторы да, жетекші, көркемдеушісі де, материал жинақтаушысы мен мәтінді оқушы да – өзіміз. Мұндай мұрағат бұрын болған жоқ. Сондықтан көп еңбектенуге тура келді. Бұл – бір шаруа. Екіншіден, тарихымыз бен қызмет жасаған адамдарды кеңінен таныстыру мақсатында кем дегенде 100 дана болса да, арнайы журнал шығармақпыз. Үшіншіден, бұрын қызмет жасаған адамдар мен басшыларды марапаттау ниетімен арнайы төсбелгінің эскизін жасап, тапсырыс бердік. Өнер ордасындағы шығармашылық бірлестіктердің дұрыс бағытта жұмыс істеуі үшін ғимараттың ішкі базасы мықты болуы керектігі үнемі ойымда жүретін. Әсіресе, әнші, күйші, бишілер шығатын сахнаны безендіріп, ішкі механизмдерін жөнге келтіру де алғашқы жұмыстарымның бірі болды. Егер «Театр киімілгіштен басталады» деген Станиславскийдің қанатты сөзін қаперімізге алсақ, Мәдениет сарайы Семей қаласының басты келбеті рөлін атқаратыны түсінікті. Сондықтан оның түнде де әсем, әдемі көрінуіне баса көңіл бөлдік. Сөз орайы келгенде, біздегі өнер ұжымдарының өрлеуіне көмегін аямайтын жергілікті Атымтайжомарт азаматтарды да атай кеткенім артық болмас. Облыстық мәслихаттың депутаты, «АҚШЫҢ» корпорациясының президенті, белгілі меценат Марат Құрманбай, «Ибраев и К» ӨК басшысы, іскер азамат Ғаббас Ибраев, «Сабыр» емханасының бас дәрігері Сабыр Сыбанжанов сияқты азаматтардың өнерді өркендету үшін аянып қалмайтынын үнемі көріп келеміз.

Заман талабына сай дамуды мақсат еткен Семей қалалық Мәдениет сарайынан инновациялық ізденістердің лебі есіп тұрады десек, артық айтқандық емес. Алдағы уақытта өтетін гастрольдік концерттер, мәдени шаралардан халық күні бұрын хабардар болуы үшін арнайы электронды жүгіртпе жол таблосы орнатылды. Есесіне ғимарат тұсынан өткен адам мұнда қай күні қандай шаралар болатынын бірден көреді. Ал бұл көрерменнің көптеп жиналуына игі әсерін тигізеді.

Күні кеше ғана өмірден өткен саңлақ әнші, тамаша сазгер, Қазақстанға еңбегі сіңген мәдениет қызметкері Тұрсынғазы Рахимов, халықтық «Семей тау» фольклорлы ансамблінің негізін қалаушы Рақымбек Ноғайбаев, Ғабит Көпбаев, дәстүрлі әнші, 1994 жылы тұңғыш рет ұйымдастырылған республикалық Әміре Қашаубаев атындағы байқаудың лауреаты Санақ Әбеуовтің талай мәрте ән салған сахнасы да осында. Қазақтың дәстүрлі әні қанат жайған Семейдегі осынау өнер көшін Гүлдана Ноғайбаева, Алуа, Шұғыла Егінтайқыздары, Мұңлық Сарбасова, Гүлбарам Мұстафина, Алтын Смасейітова, Берік Омаров сияқты жезтаңдай әншілер жалғастырып келеді.

Сәтжан Қасымжанұлы

Семей.

Осы айдарда

Back to top button