Мәдениет

Ұлықбек ақынды ұлықтады

Ұлықбек ақынды ұлықтады


Семейдегі Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінде Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының төрағасы, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ұлықбек Есдәулеттің «Аққу сыр, қанатты наз, қауырсын өлең…» атты шығармашылық кеші өтті.

Жыр кешін белгілі ғалым, профессор Арап Еспенбетов жүргізіп отырды. Ол Ұлықбек Есдәулеттің өмір жолына, шығармашылығына тоқталып өтті. Ұлықбек ақынның Мемлекеттік сыйлықты «Киіз кітап» атты жыр жинағы үшін алғанын және кітаптың алғы ¬сөзінде Әбіш Кекілбаев Ұлықбектің поэзиясын жоғары бағалағандығын да тілге тиек етті.

– Ұлықбек ақын Зайсан ауданының Үлкен Қаратал ауылында дүниеге келген, – деді профессор Арап Еспенбетов кешті жүргізу барысында, – алғашқы еңбек жолын 1971 жылы облыстық «Дидар» («Коммунизм туы») газетiнде корректорлықтан бастап, Қазақ мемлекеттiк университетiнiң журналистика факультетiн тәмамдайды. Содан бері талмай талаптанып, ізденіп жүріп, өз ортасында құрметке ие бола бастайды. Ұлықбектер студент болып жүрген кездерде ҚазМҰУ-де небір білікті ұстаздар сабақ беретін еді. Алматыда ғажап бір әдеби орта болды. Сол кезде оларда романның, поэзияның, балалар әдебиеті талқылауы жиі болып жатады. ҚазМҰУ-дің филология, журналистика факультеттерінде Тауман Амандосов, Зейнолла Қабдоллов, Темірбек Қожекеев сынды мықты оқушылары болды. Ұлықбек өзің білесің, Бауыржан Омарұлының жазғандары бар ғой: «Қожакеев жатақханаға келеді, сөйтсе Ұлықбек, қолын жуып тұрады екен. Соны байқаған ол «Әу, Ұлықбек кешке дейін қолыңды жуа бергенше, полыңды неге жуып алмайсың!», – деп кейиді екен. Қарап отырсақ, осының өзі үлкен тәрбие мектебі ғой. Сол кезеңде бұлар бір топ дарынды жастар, бас қосып, өлеңдерін өздері оқып жүреді, шығармашылыққа ден қояды.

Шығармашылық кеш бұдан соң жастар тақырыбына ауысып, Ұлықбек ақын «Қыздардың махаббаты» өлеңiн орысшаға қалай аяқ астынан аударғаны жайлы оқиғаны айтып бердi, оны естiген қауым ақынның ақкөңілдігіне әбден риза болып қалды. Өлеңге құмартқан қауымғға Ұлықбек Есдәулет «Ахилестің өкшесі», «Бұрышы жоқ үй», «Полтава» сияқты танымал өлеңдерін оқыды. Бұдан соң сахна төріне Дулат Бабатайұлы атындағы ақындар мектебінің шәкірттері шығып, Ұлықбек ақынның жыр жолдарын жатқа оқыды. Ақынның композитор Төлеген Мұхамеджановпен бірлесе жазған «Заман-ай» әні күні бүгінге дейін Жапония еліндегі ядролық бомба зардабын тартқандарды еске алу күнінде жыл сайын міндетті түрде шырқалатындығы да тілге тиек етілді.
Айта кету керек, Ұлықбек Есдәулеттің Семейге келу сапарына орай Жазушылар Одағының филиалы қайта құрылды. Оның төрағасы болып, ақын Мерей Қартов тағайындалды. Сондай-ақ Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулетті Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов аранйы қабылдады.

– Шәкәрім университетінде Астана қаласының 20 жылдығына орай , міне, «Алты алашқа тәж қала» атты аймақтық поэзия марафоны байқауы басталды,-деді қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, философия докторы (PhD), \”Акме\” халықаралық ағартушылар клубының жетекшісі Арай Жүндібаева,- аймақтық поэзия марафонының мақсаты – Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы идеяларды назарға алып, Тәуелсіздігіміздің символы – Астана қаласының 20 жылдығы елеулі оқиғалары мен қол жеткен табыстарын жырға қосу болып табылады. Қазақ астаналары мен Астана қаласының тарихына бойлау, қазіргі қазақ поэзиясының тынысын бағамдау мақсаты да алға қойылды. Байқаудың құрметті қонағы ақын Ұлықбек Есдәулет. Осы марафон аясында Ұлықбек Есдәулет ағамыздың да шығармашылық кеші өтуде. Андағы күндері Тыныштықбек Әбдікәкімұлының шығармашылық кеші, Естай Әлікеевтің кітабының тұсаукесері өтеді.

Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеттің ректоры Мейір Ескендіров Ұлықбек Есдәулетке «Құрметті профессор» атағы мен төсбелгі табыс етті, қазақы дәстүрмен шапан жапты. Сондай-ақ осы оқу орнында оқып жүрген үш студент Мұратқали Назерке, Айшолпан Тлеутай, Азамат Қайырбеков Ұлықбек Есдәулет атындағы грантқа ие болды.

– Қадірлі жастар,-деді Ұлықбек Есдәулет грант иеленуші студенттерге қарап,-сіздер білімнің қадірін біліңіздер, түсініңіздер. Оқымаған адам оқыған адамның жағдайын түсіне алмайды. Ал оқыған адам оқымағанның да, оқығанның да жағдайын түсінеді. Себебі оның көзі ашық. Жас кездеріңді бос жүріс емес, бiлiмге арнаңдар. Кітап оқыңдар. Бала күнiмде ауылдағы кiтапхананың барлық кiтабын оқыппын. Содан болар, өлең жазуды мектеп қабырғасында жүргенде бастадым. Осыдан он шақты жыл бұрын ауылға барған едiм. Бiз оқыған мектептiң кiтапханасында кітап жоқ екен. Сөйтіп, өзiмнiң жинаған екі мыңнан астам кiтабымды ауылға жібердім.

Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеттің студенттері Ұлықбек Есдәулеттің «Зере» спектаклінен үзінді көрсетті. Жиналған қауым Ұлықбек ақынның қолтаңбасын алып, ерекше бір серпіліп қалысты.

Раушан Нұғманбекова
Семей.

Осы айдарда

Back to top button