Мәдениет

Ұлы жазушыны ұлықтады

Ұлы жазушыны ұлықтады


Қазақ халқының мәдени, әдеби даму тарихында ерекше орны бар, әрі аса ірі қоғам қайраткері Мұхтар Әуезовтің туғанына 120 жыл толуына орай қалалық орталық кітапхана мен Қарағанды қаласының Мұхтар Әуезов атындағы орталықтандырылған кітапхана жүйесінің қызметкерлері «Ұлттың ұлы жазушысы» атты онлайн-конференция өткізді.

Шараға Жазушылар Одағының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты, ақын, аудармашы Мұрат Сұлтанбеков, журналист, ғалым, философия ғылымдарының кандидаты Асан Омаров, тарихшы-ғалым, журналист, Абай мұражайының қызметкері Мұрат Кенемолдин, облыстың қазіргі заман тарихының құжаттандыру орталығының құжаттарды өңдеу бөлімінің меңгерушісі Лаура Қадырова, өлкетану мұражайының қор меңгерушісі Шынар Сейсенбаева, М.Әуезов атындағы педагогикалық және көпсалалы колледжінің студенттері қатысты. Шара барысында кітапхана қызметкері заңғар жазушы Мұхтар Әуезовке үлкен шабыт беріп, өнерін ұштап, жетілдіруге мүмкіндік алған киелі жер – Алаштың рухани астанасы атанған Семей тарихына тоқталды.

-Ең алғаш білім көгіне қанаттанып жазған алғашқы шығармалары Семей қаласында еді,-деді кітапхана қызметкері Жанат Советқызы,- жазушы ағартушылық қызметтерін де осы Семейден бастады. Сонымен қатар, қазақ әдебиетінің тарихындағы дала тағдырын жазған «Абай жолы» роман-эпопеясы да жазушының туған елінде туындады. Бұнда халықтың тағдыры, өткені мен келешегі жайын толғаған. Ғасырлық туынды ретінде Мұхтар Омарханұлы бұл эпопеяда ауыз әдебиеті мен классикалық әдебиеттің, батыс пен шығыс көркем сөз мұрасының озық дәстүрін жете меңгергендігін шебер дәлелдегінін атап өткен жөн.

Онлайн шараның жалғасында ақын, аудармашы Мұрат Сұлтанбеков Мұхтар Әуезовтің мақалалары мен артында қалған ұлан-ғайыр мұрасы туралы айтып, оқырмандарының қызығушылығын туғызса, журналист, ғалым, философия ғылымдарының кандидаты Асан Омаров «Шәкәрім және Мұхтар» атты кітап арқылы қос ғұлама арасындағы сан қырлы сабақтастық жайында сыр шертті.

Елбасының «Болашаққа бағдар: «Рухани жаңғыру» атты мақаласында көрсетілген міндеттерді Жүзеге асыру барысында «Алаш арыстары және М.Әуезов» мұражайы «Қазақстанның жалпы ұлттық киелі орындары» жобасы аясында 100 нысанның тізіміне енген екен. Мұражай экспозициясына М.Әуезов өмірінің Семей дәуіріндегі кезеңін, Алаш қозғалысымен байланысын, Алаш зиялыларымен қарым-қатынасы туралы Абай мұражайының қызметкері Мұрат Кенемолдин айтып өтті. Семейдегі қазіргі заман тарихын құжаттандыру орталығының «Мұхтар Әуезов және архив» атты жаңадан шығарылған деректі кітабы жөнінде Лаура Қадырова баяндады. Онлайн-конференцияға Қарағанды қаласында тұратын Мұхтар Әуезовтің немере қарындасы Равзия Ахметқызы Әуезова да қатысып, ұйымдастырылған шараға жоғары бағасын беріп, ұлы жазушының шығармашылығы мен жарқын бейнесіне деген құрмет үшін зор алғысын білдірді. Алаштың көрнекті тұлғалары білім алған, іргелі оқу орны – М.Әуезов атындағы педагогикалық колледжінің студенттері ұлы жазушыға арнап жазған өлең жырларын оқыды. Шара соңында «Мұхтар Әуезов әлемі» атты кітап көрмесіне қойылған әдебиеттерге библиографиялық шолу жасалды.

Раушан Нұғманбекова
Семей.

Осы айдарда

Back to top button