Ұлы жазушымен алғаш рет кездескенде

Бірде жол түсіп Абай ауданында болдық. Ұлыларды дүниеге әкелген қасиетті мекенге жасаған сапарымызда қазақ әдебиетінің қаранары Мұхтар Әуезов пен оның шәкірті Кәмен Оразалин туралы қызықты әңгіме естідік.
Бізді Жидебайда Елдар Оразалин қарсы алып, жөн көрсетіп, жол сілтеп отырды. Бұл кісі – Мұхтар Әуезовтің шәкірті болған Кәмен Оразалиннің баласы. Біздің сұрақтарымызға жауап бере отырып, Елдар Кәменұлы әкесі жайында әңгіме бастады:
– Әкем Кәмен Оразалыұлы Әуезовтіың шәкірті ретінде тарихта қалғаны анық. Ол 1920 жылы 16 маусымда Абай ауданы, Құндызды ауылының Қылышбек жайлауында дүниеге келіпті. Азан шақырып қойған аты – Кәмәли екен. Анасы Нұржан апамыздың еркелетіп атауымен Кәмен атанып кетіпті. Арғы бабамыз Нәдірден бері қарай Шыңғыс жерін мекендеген ел өмірін, Абай өсиеттерін жұртқа насихаттауда атам Оразалы мен үлкен аталарымыздың еңбектері естіген елді сүйсіндірмей қоймайды. Солардың аузынан ел туралы, жер туралы әңгімеге қанығып, шешендігін көріп, тарихқа сусындап өскен әкеміздің бойына таланттың ұшқыны ерте пайда болып, жастайынан өлең, әңгімелер жаза бастаған. 1943 жылдың жазында өзінің туған еліне 1928 жылдан кейін алғаш рет келген Мұхтар Әуезов Аягөз арқылы Құндызды, Шет өңірінде үш күн болып, ел-жұртымен жүздеседі. «Абай» романының келесі кітабын жазып жүргендіктен, кәрі құлақты үлкендермен әңгімелесіп, мағлұмат жинауды мақсат тұтса керек. Қасында ақын Сапарғали Бегалин, сыншы-ғалым Есмағанбет Ысмайылов, Қайым Мұхамедханов және орыс жазушысы Полоцкий бар. Мұқаңды бүкіл ел-жұрт болып қарсы алады. Сонда әкем Мұхтар ағаны тұңғыш рет көреді. Әкейдің айтатыны бар: «Соғыстың ең қиын кезі еді. Сол кезде жұрттың көңілінде не жоқ дейсің? Біреулердің сөйлеуге тілдері келмей кемсеңдеп, енді біреулердің көзінен жас үнсіз парлайды. Бәр де Мұқаңа мұңдарын шаққалы келе жатыр. Мен Мұқаңды қалай көрсем екен деп көпшілікпен бірге тұрған едім, Мұқаң көліктен түсті. Сол кезде ғана жақындап барып көрдім. Мұқаңнан көз айырмадым. Қоңырқай жүзді екен. Мұқаңның көзінен жас көрдім, сұмдық. Мен өзім қалай жылап жібергенімді білмеймін. Мұқаңның көзіндегі жасты көргенде, барлық өзімнің соғыста көрген қиыншылығымды мына кісілер бірге көріп тұрғандай сезіндім. Адам көп, қазақ үйге сыймайды, әкем де барған, шешем де барған, жеңгем бар еді, ол да барған. Көпшілігіміз қайтып кеттік». Сөйтіп, әкем ұлы жазушыны көргендегі әсерімен үйге келеді. Содан ауылдағы соғыстан қайтқан Тоққазы деген пошташы келіп, біздің әкейге:
«Кәмен, сені Мұхтар аға шақырып жатыр», – дейді. Тегі, Мұқаң әңгіме барысында ауылдың тыныс-тіршілік, жағдайымен таныса келіп, «Елде ән салатын, өлең жазатындар бар ма?» деп сұрағанда, Қали Мақажанов деген мұғалім әкейді айтады ғой. Соны естіп, Мұқаң Тоққазы арқылы шақыртса керек. Сонда әкем: «Сол сәтте жүрегім дүрсілдеп, не болғанын білмей кеттім. Мұхтар аға шақырады?! Бұл менің өңім тұрмақ түсіме де кірмеген, солай болады-ау деп тіпті ойламаған да нәрсем еді. Мен Мұқаңды енді алдына барып көретін болдым…» – дейді. Сол жолы Мұхтар ағамен жүздесіп, елде болған сапарында әйгілі жазушының қасында бірге жүреді. Елден қайтып, Алматыға барған соң елге келген сапары туралы Мұхтар ағаның «Социалистік Қазақстан» газетінде «Ақын ауылында» атты очеркі шығады. Сол очеркінде Мұхтар аға: «…Өр көңілдің өжетін, ез көңілдің керенауын, бойкүйезін айтам десе, онда да Абай таңба соғып, тап басып айтып кеткендей болады. Сондайлық Абай үлгісін өсиет етіп айтып отыратын ірі әңгімешілер бар. Олардың бірі –Жүрекадырдағы қарт колхозшы Оразалы. Ол кісіден көп сөз естіп, көп тоқыған – баласы Кәмен. Мұның өзі оқыған, өзі жазушы, Отан соғысынан жаралы болып қайтқан жас жігіт әкесі білген әңгіменің көбін зор ынтамен айтады», – деп әкем жайында да тілге тиек еткен екен.
Раушан Нұғманбекова