Білім

Ұлы міндетті абыроймен атқарып келеді

Ұлы міндетті абыроймен атқарып келеді


Өнегелі ісімен санада із қалдыратын және бейнесі уақыт өткен сайын сан қырынан көріне түсетін жаны жайсаң жақсы адамдар жанымызда жүр. Сондай жандардың бірі – М.Әуезов атындағы Семей педагогикалық колледжінің математика пәнінің оқытушысы, директордың іс-тәжірибе жөніндегі орынбасары, 27 жылдан астам уақыт осы колледжде қызмет атқарып келе жатқан ұлағатты ұстаз Құмарқан Сабденова.

Құмарқан Төкенқызының балалық шағы Үржар ауданы, Тасарық ауылында өтті. Қарапайым колхозшының жанұясынан шыққан ауылдың қызы. Әкесі Төкен колхозда шопан болған. Шешесі Мәлике – арабша сауаты бар, үй тіршілігін уысында ұстаған, сегіз перзентіне мейірімін сыйлаған ардақты жан.
М.Әуезов атындағы орта мектепте білім алып, ұстаз болуды көкірегіне түйіп өскен қыз ауылындағы қасиетті қара шаңырақты 1975 жылы бітіріп, Семейдің педагогикалық институтына математика мамандығы бойынша оқуға түседі. Сөйтіп, 1975-79 жылдар аралығында ол Қ.Нұрсұлтанов, С.Рахметжанов, И.Рахимбердинова, Қ.Нақышбекова, А.Ахметжанов сынды көрнекті ғалым-ұстаздардан дәріс алды. 1979 жылы педагогикалық институтты ойдағыдай тәмамдап, сол кездегі Мақаншы ауданы, Барлық-Арасан сегізжылдық мектебіне математика пәні мұғалімі болып жұмысқа орналасады. 1981 жылы отбасы жағдайына байланысты Қарабұта ауылындағы Н.Островский атындағы орта мектебіне ауысады. Әр жұмысынан жауапкершілік болмысы танылатын Құмарқан Төкенқызының белсенділік қырын байқаған мектеп директоры А.Баятбеков 1985 жылы директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлық қызметіне тағайындайды.

Қ.Сабденова 1991 жылдан бастап Семей қаласындағы М.Әуезов атындағы педагогикалық колледжде (ол кезде педагогикалық училище) математика пәнінің оқытушысы, әдіскер-оқытушы, «Математика» пән бірлестігінің төрайымы сынды баспалдақтардан өтті. 2012 жылдан бастап оқу орнының бастамашыл, білгір басшысы Ш.Жанаева Құмарқан Төкенқызын директордың іс-тәжірибе жөніндегі орынбасарлық қызметіне бекітеді. Өз ісінің шебері Құмарқан Төкенқызы бұл істі де іскерлікпен атқарып келеді. Ол кісінің кәсіби құзыреттілігі мен шығармашылық қабілетінің арқасында іс-тәжірибеге байланысты құжаттар, әдістемелік құралдар, жұмыс бағдарламалары жарық көрді. Облыста ұйымдастырылатын мәдени-көпшілік шаралардың бастамашысы әрі ұйымдастырушысы бола білді. Атап айтсақ, облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен өткізілетін «Тәлімгер. Вожатый. Fest» фестивалінде колледж командасы жылда бас жүлдені иеленіп келеді.

Ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесінде жарық көрген бірнеше әдістемелік оқу құралының авторы. Мұның бәрі – әдіскер оқытушының шығармашылық шеберлігінің, кәсіби біліктілігінің белгісі.

Көптеген жылдар бойы Құмарқан Төкенқызы қалалық білім бөлімінің қызметіне белсене қатысып, бастауыш сыныптардағы математика пәні бойынша өтетін олимпиадаларда қазылар алқасының мүшесі болып келеді.

Осы жылдар ішіндегі еңбегі бағаланып, Білім және ғылым министрлігінің мақтау қағазымен, Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі төсбелгісімен, 25 жылдан астам маман даярлаудағы табыстары үшін М.Әуезов атындағы төсбелгімен, бірнеше мәрте облыстық білім басқармасының, қалалық білім бөлімінің мақтау қағаздарымен марапатталған. Қазіргі таңда өзі сабақ берген түлектерінің көпшілігі жауапты қызметтерде еңбек етуде. Атап айтсақ, мемлекеттік қызметтерден бөлек мектеп директоры, оқу ісінің меңгерушісі болып еңбек етіп, еліміздің түкпір-түкпірінде ұстаздық міндеттерін абыроймен атқарып жүр.

Вырезка

Н.Кичигина, М.Әуезов атындағы педагогикалық колледждің арнайы пәндер оқытушысы:

– Мен Құмархан Төкенқызымен 1991 жылы педагогикалық колледжге жұмысқа орналасқан кезде таныстым. Ол кісі болашақ мамандардың рухани болмысын, ақыл-ойын, парасатын, ғылыми шығармашылығын қалыптастыруда көп еңбек етіп келеді. Оқытушының әр сабағы білім алушының теориялық негізін шыңдап, кәсіби шеберлігін қалыптастырады. Құмархан Төкенқызының сабақты ұйымдастыру шеберлігі, білім алушылармен қарым-қатынасы, педагогикалық ұстанымы өте жоғары. Әріптесіміз – өзін-өзі жетілдіруге үнемі ұмтылып отыратын креативті, интеллектуалды тұлға, білікті маман.
А.Кикбаев, Жарма ауданы ішкі саясат бөлімінің бас маманы:

– Шәкірттері сөзімен: «Математиканың төрт амалын үйретуден бұрын, адамгершілікті алға қойып, шәкірттеріңіздің өмірге деген көзқарасы мен ұстанымын дұрыс қалыптастыра білдіңіз. Сол бір студенттік шақта біз үшін топ жетекші ғана емес, жабыққанда жұбаныш, адасқанда ақылын айтқан анамыз іспетті болдыңыз

Ж.Қасымқызы. Семей қаласындағы №47 орта мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары:

– Кураторымыз және математика пәнінен сабақ берген ұстазымыз Құмарқан Төкенқызының әрбір сабағы әсерлі өтетін. Соның арқасында өзім қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығын оқысам да, математика ең сүйікті пәндерімнің бірі болған еді.

Бүгінде ұстаздық кәсібіне жан-тәнімен берілген, адамгершілік, кішіпейілділік қасиеттерін студенттерінің бойына дарыта білген Құмарқан Төкенқызы асқаралы алпысқа алқынбай шығып отыр. 39 жыл бойы ұстаздық қызмет етіп, талай жылғы қажырлы еңбегінің арқасында құрметке бөленген ақылшы әріптесімізді мерейлі мерейтойымен құттықтаймыз.

«Еліміздің ертеңі – жас ұрпақтың қолында. Жас ұрпақтың тағдыры – ұстаздардың қолында», – деген ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзін жадына жазып алған Құмарқан Төкенқызы сияқты ұлағатты ұстаздардың ел болашағын тәрбиелеу жолындағы еңбектеріне жеміс тілейміз.

К.Искакова,
М.Әуезов атындағы педагогикалық колледждің «Бастауыш білім беру» бөлімінің меңгерушісі

Осы айдарда

Back to top button