Ұлы дала дарыны 75-ке толды

Қалалық орталық кітапханада композитор Жолдыбай Дастеновтің туғанына 75 жыл толуына орай «Ұлы дала дарыны» атты әдеби-сазды кеш өтті. Кешке Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор Қадыр Досымжанов, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, қобызшы-ұстаз, дирижер Оразғали Сейітқазин, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, композитор Мәулітқазы Рахымбаев және «Авиценна» медициналық колледжінің студенттері, кітапхана оқырмандары қатысты.
Белгілі композитордың өмірі мен шығармашылығын оқырманға таныстырып, жастардың шығармашылық қабілетінің дамуына ықпал етуді, өнерге деген қызығушылықтарын арттыруды көздеген кеш кітапхана қызметкері Гүлфира Түлеуканованың ХХ ғасырдың 70-жылдарында қазақтың ұлттық музыка әлемінде жаңа бір дәуірдің парағын ашқан Ж.Дастеновтің өмірі мен шығармашылығы туралы баяндамасынан басталды. Өзіндік ерекшелігі, табиғи қабілеттілігімен дараланып тұрған Ж.Дастеновтің жүрекпен жазған шығармалары жетерлік. Солардың қатарында «Абайдың қабірінің басында» атты фортепианолық триосы, «Үш әңгіме», «Ежелгі қаланың көріністері», «Кешкі ертегі» сюиталары, «Планетаға бейбітшілік керек» симфониялық поэмасы, қырғыз драматургі М.Байжиевтің либреттосына жазылған «Тоқта, мерген» мюзиклі, семейлік Кеңес Одағының батыры И.Ландышевке арналған «Комсомол билеті» поэмасы бар. Бұлардың барлығы – тыңдаушылар тарапынан жоғары бағаға ие болған туындылар. Сонымен қатар кеш барысында шығыстың саз мәдениетіне ортақ қасиеттерін, қазақ, ұйғыр, тәжік, өзбек халық музыкасы әуендерін үндестіре білген Ж. Дастеновтің балаларға арналған «Қаңбақ шал» операсынан үзінді қойылды. Шарада Қ.Досымжанов сөз алып, мерейтой иесімен қайта оралмас сағым күндерін сағынышпен еске ала отырып, Дастеновке арналған «Мәңгілік қосбасар» атты күйін орындап берді.
– Музыка – адам еңбегі мен талантының ең бай қазынасы, – деп сөз бастаған Оразғали Сейітқазин сапалы музыка жазу үшін биік деңгейдегі шығармаларды тыңдап, көбірек кітап оқу керектігін айтты.
Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі Мәулітқазы Рахымбаев музыка әлемі – адамзат мәдениетінің байлығы, сондықтан музыканы шынайы, таза жүрекпен қабылдап, тыңдау керектігін айтты. Шара соңында «Өлке мақтаныштары» атты кітап көрмесіне библиографиялық шолу жасалды.
Раушан Нұғманбекова
Семей