Ұлы ақынның мұрасын ұлықтады
Таяуда Абай ауданында ХҮІІ республикалық Абай окулары болып өтті.
Білім және ғылым министрлігі, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы, облыстық қосымша білім беру және дене шынықтыру орталығы мен Семей қаласы мен Абай ауданының білім бөлімдері ұйымдастырған шараның негізгі мақсаты – мектеп оқушылары арасында қазақ халқының батырлық эпосы мен Абай мен Шәкерім шығармаларын насихаттау, оларды қазақстандық патриотизмге, Абай поэзиясына, ұлы ойшылдың рухани мұрасына деген сүйіспеншілікке тәрбиелеп, елдік пен ерлік рухын, намысшылдық, қайсарлық қасиеттерді сезіндіру, тұлғалық сезім мәдениетін дамыту және оқушылардың ұлттық дүниетанымдары мен сана-сезімдерін, тарихи танымдарын қалыптастыру болып табылады. Сайысқа республикамыздың барлық облыстары мен қалаларынан 113 оқушы қатысып, олардың 19-ы жүлдегер атанды. Жүлдегер атанып, бағы жанған оқушылардың ішінде өңіріміздің төрт оқушысы бар. «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» номинациясы бойынша Абай ауданындағы Шәкерім атындағы 7-сынып оқушысы Гүлбақыт Ақшекина 2 орынға ие болса, осы аудандағы Абай атындағы мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушысы Нұрдана Қайролдина «Көңілім әнді ұғады» номинациясы бойынша 3 орынға, Қарауыл гимназиясының 10-сынып оқушысы Ажар Уатжанова «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» номинациясы бойынша 1 орынға, ал Семей қаласындағы №47 орта мектептің 11-сынып оқушысы Ерсін Кенжебекұлы 2 орынға ие болды. Жүлдегерлерге Білім және ғылым министрлігінің дипломдары мен бағалы сыйлықтары, ал олардың жетекшілері алғысхаттармен марапатталды. Барлық қатысушыларға сертификаттар табыс етілді.
Сондай-ақ, сайысқа қатысушылар Семей қаласында биологиялық орталықты аралап, Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Абай ауданында қонақтар театрландырылған көріністің куәгерлері болып, Абай және М.Әуезов мұражайларын тамашалады.
Мейрамтай Иманғали